Су тазалайтын нысанның құрылысы жанданды

Қазақстан Республикасы Парламенті Сенатының депутаттары Дәурен Әділбеков пен Нұрлан Бекенов Ақмола облысына жұмыс сапары барысында Шағалалы су қоймасында, Көкшетау техникалық институтында болып, халықты сапалы ауыз сумен жабдықтау, төтенше жағдайлар саласына кадрлар даярлау мәселелерімен танысты, сайлаушылардың ұсыныс-тілектеріне құлақ түріп, Парламент жұмысынан хабардар етті.

Су ресурстары комитетіндегі «Қазақ су шаруашылығы» республикалық мемлекеттік кәсіпорыны Ақмола филиалының Шағалалы өндірістік учаскесінің басшысы Арман Уәлиевтің айтуынша, бүгінгі күні су қоймасында 28 миллион текше метр су бар екен.

–Көктемгі су тасқыны кезінде төтенше жағдай болған жоқ. Артық су шлюз арқылы ағызылады. Қазір су қоймасының режимдік жұмысының кестесі дайындалуда. Осыған сәйкес, 10 мамырдан бастап санитарлық және жоспарлы су ағызу жұмысы жүргізіледі. Көкшетау қаласы жылына 5 миллион 840 мың текше метр су тұтынады. Сондай-ақ, қалаға Сергеев су қоймасынан да су беріледі. Шағалалы су қоймасынан «Алтынтау Көкшетау» акционерлік қоғамы тәрізді өзге де нысандар су алады,–деді ол.

Су құбырын тазалау нысаны учаскесінің басшысы Сергей Сидоренко өз сөзінде бүгінгі күні 50 жыл пайдаланылып келе жатқан су сорғыш станциясы қалпына келтіріліп жатқанын айтты.

– Өткен жылдың қазанынан бастап су тазалайтын жаңа нысанның құрылысы жүргізіліп жатыр. Француз технологиясы қолданылатын бұл нысан пайдалануға берілгенде судың сапасы жақсарады. Бүгінгі таңда ескі нысаннан тәулігіне 15 мың текше метр су беріледі. Су Шағалалы және Есіл су қоймаларынан алынады. Есіл су қоймасынан келетін су таза болғандықтан, Шағалалы су қоймасының суымен араластырылады. Төрт резервуарда 8 мың текше метр су қоры бар. Көкшетау қаласы тәулігіне 25-27 мың текше метр су тұтынады,–деді учаске басшысы.

Ал, Көкшетау техникалық институтында оқу орнының бастығы Сырым Шәріпханов өз филиалдарының Ақтөбе, Шымкент, Өскемен және Көкшетау қалаларында орналасқанын айтты.

– Әр филиалда 100 адам жұмыс істейді. Көкшетау қаласында оқитын институт курсанттары үшін 9 қабатты оқу корпусын және 6 қабатты жатақхана салу қажет. Ол үшін 1200 шаршы метр және 1 гектар жер учаскесі бар. Тек құрылысқа 1,5 миллиард теңге қаржы керек болып отыр. Білім шаңырағында 304 адам еңбек етеді, мыңға жуық курсант оқиды. Мұндағы ғимараттар 1976 жылдан бері пайдаланылады. Көбі апаттық жағдайда тұр. Жыл сайын өз күшімізбен ағымдағы жөндеу жұмысын жүргіземіз,–деген институт бастығы ұсыныстарын Сенат депутаттарының қолдауын өтінді.
Рамазан ТІЛЕУОВ,
«Арқа ажарының» өз тілшісі.
Суретті түсірген
Советбек МАҒЗҰМОВ.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар