Notice: Function _load_textdomain_just_in_time was called incorrectly. Translation loading for the wp-latest-posts domain was triggered too early. This is usually an indicator for some code in the plugin or theme running too early. Translations should be loaded at the init action or later. Please see Debugging in WordPress for more information. (This message was added in version 6.7.0.) in /var/www/vhosts/arka-azhary.kz/httpdocs/wp-includes/functions.php on line 6114
Алтай ағаның асқар асулары - АРҚА АЖАРЫ

Алтай ағаның асқар асулары

Бүгін сексен бес деген басын қар басқан, етегін гүл көмкерген асқар таудың жанынан сыр шертпекпін. Бұл тау тым көп те емес, тым аз да емес, ортамызда сексен бес жыл өмір кешіп, сол өмірдің көшінен қалыспай келе жатқан арда азамат Алтай Нұрғасымұлы.

Осы жолдардың авторы Алтай ағаны студент кезінен біліп еді. Иә, біліп едім. Олай дейтінім, біздің шағын Жаңатілек ауылынан алғаш білімге ұмтылған Батырхан ағамен Омбының ауыл шаруашылығы институтына Қарағаш – Жаңатілектен оқуға түскен осы екеуі болатын. Ол кезде қазақ мектебін бітіріп, Ресейдің жоғары оқу орындарына түсу қандай талапкер болса да екінің бірінің қолынан келе бермейтін.

Сонымен, осы екі студент демалыстарында жұбын жазбай Қарағаш пен Жаңатілектің қарияларына амандаспай кетпейтін. Қариялар да жол-жоралғысын жасап жататын. Біз, ауылдағы бастауыш мектеп оқушылары оларға қызыға қарап, біз де қашан осындай студент болар екенбіз деп арман құшып қалатынбыз…

Бұл күнде экономика ғылымдарының кандидаты, доцент, сексенге келгенше астанадағы С.Сейфуллин атындағы Қазақ агротехникалық университетінде сабақ беріп келген құрметті ұстаз Батырхан Балтаұлы осы жөнінде қалай сыр шертеді екен, соған құлақ түрейік: «1954-1955 оқу жылында Алтай екеуміз оныншы класты ойдағыдай аяқтап, алдымызға қойған мақсатымыз жоғары оқу орнына түсу болды. Әкелеріміз Омбы қаласы елден алыс емес, барып-келіп тұруларыңа жақсы болады деп ақыл берді, біз көндік. Ол кезде еңбек ақы ақшалай берілмейді, сондықтан, туыстарымыз бір-бір сиырын сатып, ақшасын қалтамызға салып берді. Әлі есімде, Алтайдың атасы Әбдірахман атамыз ат-арбамен Тайынша станциясына жеткізіп салды. Пойызбен Петропавлдатып Омбыға да жеттік, оқуға түсетін институтымызды тауып алып, жатақханаға орналасқаннан кейін, қабылдау комисссиясына барып құжаттарымызды тапсырдық.

Комиссияның жауапты секретары Колпаков Валентин Иванович деген мосқал адам екен, Отан соғысының ардагері, бір аяғы мен бір қолы протезделген, бізді жылы қарсы алып, Алтайға «Сен медалист болғандықтан оқуға емтихансыз түстің, студент болдың, енді бізге емтихан аяқталғанша көмек жасасаң жақсы болар еді» деген соң, Алтай ойланбастан келісті. Сөйтіп, мен емтихан тапсырғанда Алтай қолынан келгенше көмектесіп, жанымда болды. Емтиханды ойдағыдай тапсырып, мен де институтқа түсіп, студент болдым. Ол кездегі қуанышымызды айтып жеткізуге болмас…

Алтай екеуміздің достығымыз 70 жыл бойы жалғасып келеді, бұл екінің біріне бере-бермейтін Алланың сыйы деп түсінем…» Міне, достықта жоқ шекара деген осы болар…
Жас өспей ме, жарлы байымай ма дегендей, зымырап өтіп бара жатқан өмірде осы ағалармен қатар жүретін күнге де жеттік…
Енді осы жерде мерейтой иесінің өмір жолына да тоқталатын кез-келген сияқты. Сексен бес айтуға оңай, тілге жеңіл…

Алтай Нұрғасымұлы 1936 жылы 15 мамырда Қазақстанға біртуар азаматтарымен аты белгілі Көкше өңіріндегі Қарағаш ауылында (бұрынғы Чкалов, қазіргі Тайынша ауданы) өмірге келген. Атығайдың Дәулетбегінен (Даңқой) тараған ұрпақтары Ортақ, Тапшыл, Жарқайың ауылдарын мекендеген. Сол Даңқойдың өзінен Тәттібай, Бақтыбай және Атабай атты үш ұл болған. Қарағаш ауылының тумалары негізінен, Атабайдан тарайды. Алтекеңнің шежіресіне келсек, ол былайша өрбиді: Атабайдан – Тұрлығұл, Тұрлығұлдан – Айшуақ батыр, Айшуақтан – Онбай, Онбайдан – Мұса, Мұсадан – Сексенбай, Сексенбайдан – Әбдірахман, Әбдірахманнан – Нұрғасым, Мақаш, Өтеген, Жантас, Бәтай, Нұрғасымнан Алтай, Төлтай, Елтай, Алтайдан – Марат, Талғат, Мараттан – Нұржан, Аслан, Талғаттан – Нұрасыл.

Алтай Нұрғасымұлы ауылдағы жетіжылдық мектепті аяқтағаннан кейін 1953 жылы Көкшетаудағы №3 қазақ орта мектебінде оқуын жалғастырып, 1955 жылы мектепті күміс медальмен тәмамдайды. Сол жылы Омбыдағы ауыл шаруашылығы институтына агрономдық мамандығы бойынша оқуға түседі. 1960 жылы институтты ойдағыдай аяқтап, Көкшетау облыстық ауыл шаруашылығы басқармасында аға агроном болып еңбек жолын бастайды…
Алтай Нұрғасымұлының өмір жолын саралап отырсаң, бүкіл өмірі ғибратты қадамдарға толы екенін байқайсыз. Ағаның жүрген жеріне құт дарытатын қасиеті «Айсары», «Чистяков» совхоздары мен Ащыкөл элеваторында басшы қызметте болғанында айрықша көрініс тапты.

Осы жерде Алтай ағаның өзін тыңдасақ артық болмас еді. Ағамыз бір тамсанып қойып, әдеттегідей көзін жұмып, сөзін бастап кетті: «Иә, Советжаным, менің 42 жыл өтілі бар еңбек жолым керемет қазіргі автобандардай даңғыл жол болды деп айта алмаймын. Ленинград ауданында жаңа құрылған «Айсары» совхозында 11 жыл бойы бас агрономдық қызметім де жеңіл болған жоқ. Егін шаруашылығын ретке келтіріп, мал азығын молайтуға көп көніл бөлуге тура келді. Көп бейнеттің зейнетін де көрдік, «Айсары» жан-жақты дамыған шаруашылық болды…

1972 жылы 1 сәуірде осы аудандағы жаңа құрылған «Чистяков» совхозына директор болып бардым. Мұнда да 15 жыл бойы шаруашылықты аяғынан тік тұрғызам деп баласын аялаған аналардай «түн ұйқымды төрт бөліп» жүрдім. Олай дейтінім, совхоз болып құрылғанына 3-4 жыл болып қалса да мектеп, балабақша, МТМ, асхана, астық қоймалары, мәдениет ошақтары мүлде салынбаған, әдеттегідей тұрғын үйлер жетіспейді. Осы жерде «жақсының жақсылығын айту парыз» дегендей, сол кездегі обкомның бірінші хатшысы Еркін Нұржанұлы Әуелбековтың қабылдауында болып, «мұңымды шаққанымды» ұмытпаймын. Біртуар азамат қой, көп кешікпей көмек те келді. Мен басқарған 15 жылдың ішінде жаңа типті 464 орындық мектеп, 140 орындық балабақша, машина-трактор шеберханасы, автомобиль паркі, жылу беретін орталық қазан, 20-дан аса мал қоралары, көптеген тұрғын үйлер салынды. Совхоз қой өсіруге бағытталған шаруашылық еді, қойдың басы 16 мыңнан 31 мың басқа жетті.

1987 жылы осы аудандағы Ащыкөл элеваторына директор болып ауыстым. Тың игеру жылдары салынған элеватор техникасы да, технологиясы ескірген, жаңаша жаңғырту жұмыстары 35 жыл бойы жүргізілмеген. Осы элеваторды 16 жыл басқарған кезімде техникасын да, технологиясын да жаңарттық, үйлер салынды, үйлерге жылу тартылды, халықтың тұрмысына жақсы жағдай туғызылды. Элеватор тұқым дайындайтын жағдайға жетті, экспортқа астық шығарылды. Жылдан-жылға астықтың сапасы жақсарып, сұраныс молая түсті. Бейнетсіз рахат болмайтынын еңбек жолым көрсетті. Өміріме ризамын. Қартайған шақта еңбегімнің зейнетін көріп, егеменді елімізбен бірге жасасып келе жатқанымды зор бақыт деп есептеймін».

Міне, балдәурен балалық шағы соғыс жылдарына тұспа-тұс келіп, балалықтың тәтті дәмін татпаса да, өзінің зейін, ынтасының молдығынан, еңбекқорлығынан осы күнге жеткеніне алдымен Аллаға, өзін түсінетін дос-жаранға, ағайынға мың мәрте риза.
Риза дейтініміз, отбасы да көңілдегідей қалыптасты, Алтекең құдай қосқан қосағы Райхан жеңгей екеуі бұл күнде төрт ұл мен қыз өсіріп, ұлды ұяға, қызды қияға қондырып, сегіз немере сүйіп отырған ардақты ата мен әже.
Үкімет те Алтай ағаның адал еңбегін әділ бағалап «Құрмет Белгісі» орденімен, бірнеше медальдармен, Алғыс хаттармен марапаттаған.

Соңғы кезде Ақмола облыстық ауыл шаруашылығы басқармасының жанындағы ардагерлер кеңесінде бірге істеген Қазақстан Республикасының құрметті еңбек ардагері, кезінде басшы қызметтерді атқарған ауыл шаруашылығының білгір маманы Александр Мельник: «Алтай Нургасимович с 2007 года возглавляет нашу ветеранскую организацию. Он прошел непростой жизненный путь, на всех участках работы его отличали преданность избранному делу, высокая ответственность за порученное дело, скромность, чуткое и внимательное отношение к людям. Большой жизненый опыт, широта мышления, способность с честью выходить из сложных нестандартных ситуации снискали ему по праву глубокое уважение и авторитет руководителей и специалистов управления, а также ветеранов» – дейді. Бұдан артық қандай баға болмақ!

Сөз арасында «Аға, Сіздің есіміңізді «Алтай» деп кім қойған және не себептен?» деген сұрақты орынды ма, орынсыз ба, қойып қалдым. «Иә, шешем Қабиба Мұхамедиярқызы алты жылдай бала көтермей жүріп, мен келіппін өмірге. Әкемнің замандасы, ауылдасы, ақын-жазушы, драматург Төлеген Қажыбайдың әкесі Қажыбай Сыздықұлы бір-екі ауыз өлеңмен келтіріп, менің атымды «Алтай» деп қойған екен.
Алтайым алты жылда келген екен,
Құдайым жан Алтайды берген екен.
Ғұмырың ұзақ болып бақыт қонсын,
Деп елдің ақ батасын берген екен…
Осы өлең жолдарын мен есейген кезде Төлегеннің анасы Жәпен (Жәнипа) апамыздан естіген едім», – деді Алтекең. Ұзағынан сүйіндірсін, атын тегін адам қоймаған екен!
Ал, әкесі «Алтай» деген атты берген, бұл күнде ортамызда жоқ ақын Төлеген Қажыбай «Інілік тілек» деген өлеңінде:
Жақсы аға, қалды өмір белестері,
Есіңде өткен күндер елестері.
Жүгірген Қарағаштың қотанында,
Дариға-ай, кеше ғана емес пе еді…
Қарастың жоқ-жітіктің тілегіне,
Баршаны жақын тұттың жүрегіңе.
Айсары, Алқатерек құрметтеген,
Айналдың бір қауым ел тірегіне, – деп жырлайды. Жақсы ағаға неге арнамасқа?! Қызметтес, жолдас-жоралар лебізі де жеткілікті. Бізде осы тілек-ниеттерге қосыла отырып айтарымыз, жасыңызға жас қосылып, еліміз тыныш, жұртымыз аман болып, тоқсаныңда торқалы той өткізуге жазсын демекпіз.
Бүгінде 85 деген асқар таудың биігінде тұрған ағамыздың, тәуба, қимылы ширақ. Таңертең жылдам басып өзі тұратын көшедегі облыстық ауыл шаруашылығы басқармасының ғимаратына бет алды. Бүгін өзінің өкшесін басып келе жатқан бір ардагер сексенге толмақшы, басқарманың ардагерлер ұйымының төрағасы ретінде мерейтой иесін құттықтап, алғыс хат пен дәстүрлі конвертті тапсыру рәсімін жасамақшы.
Совет БАЛТАБАЙ,
еңбек ардагері, Қазақстан Журналистер одағының мүшесі.

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар