Еттің бағасы неге күннен-күнге қымбаттап барады?!.

Ауыл шаруашылығы тәп-тәуір дамыған өңірде төрт түлік малдың басы жылдан-жылға өсіп келе жатқанымен, еттің бағасы күйіп тұр. Қымбатшылықтың орын
алуына не себеп?

Шынтуайтында, мал басы баршылық. Айталық, әрқилы меншіктегі қара мал 520 мың, жылқы 212 мың, қой мен ешкі 610 мың басқа жетті. Осыншама мал бола тұра нарықтағы мал өнімдерінің, оның ішінде еттің бағасы соңғы жылдары күннен-күнге қымбаттай түсуде. Қара мал етінің әр келісі 2200-2300 теңгенің аралығында, жылқы етінің келісі – 2600-2700 теңге шамасында.

Бүгінгі күні әсіресе, қала тұрғындарын толғандырып отырған осы сауалдың себебі неде?!
Алдымен мамандандырылған мал бордақылау алаңдары туралы кеңірек айтқанымыз дұрыс болатын шығар. Ет өнімдерінің негізгі бөлігі де осында өндіріледі. Бүгінгі күні облыста 8 ірі бордақылау алаңдары жұмыс істеп тұр. 36,5 мың бас ірі қара бордақылауға қойылған. Жекеменшіктің бағымындағы қыруар мал да ретіне орай семіртіліп сатылуда. Ендеше, неге қып-қызыл бәсекелестік пайда болып, аспандап кеткен ет бағасы төмендемейді. Өнімін өткізуге әркім де ықыласты болуы керек қой.

Тез өтіп кету үшін бағаның төмен болғаны жөн. Әйтсе де, баға нарық саясатына қарама-қарсы бағытта өрлеп бара жатыр. Осы арада бірінші себеп, тұтынушы мен малды тірідей алатындардың көптігі. Облыс Нұр-Сұлтан қаласын азық-түлікпен қамтамасыз ету белдеуінде болғандықтан, тұтынушының дені сонда. Ет бизнесінің жілігін шағып, майын ішкен мамандардың айтуына қарағанда, бағаны көтерудің бірінші себебі осы. Ал, тірідей сатылатын малдың бағасын өсіруге өзбекстандық алармандар себепші.

–Егер ет күйінде өтсе, экспортқа шығаратын өнім көлемі молаяр еді, – дейді облыстық ауыл шаруашылығы басқармасының мал шаруашылығы бөлімінің меңгерушісі Қайрат Көшенов, – ал, малдың тірі күйінде шетке шығарылуы құптарлық шаруа емес.
Шынында да, нешеме жылдан бері жергілікті мал тұқымын асылдандыруға қыруар қаражат жұмсап, асыл тұқымның басын көбейте алмай жатқанда, ала тақиялы ағайынның шаужайға жармасқан тәрізді шаруасы шетін оқиға. Бөлім меңгерушісінің айтуына қарағанда, өзбек ағайын қазір өздеріндегі мал басын көбейтуге айрықша мән беріп отыр. Осы орайда оларда малсақ қауымға берілетін несиелерінің жылдық өсімі де екі-ақ процент екен.

Ал, бізде 14-16 пайыз. Қолдарында мол қаржысы бар олар біздің өңірге жеміс-жидегін, көкөнісін тоғытады да, қайтар жолда жүк машинасының қорабын толтырып бұзау, тайыншаны тиеп ала кетеді.
Бұл істің біздегі шаруаның шатқаяқтауына тигізетін теріс ықпалы да бар екендігін айту парыз. Мәселен жоғарыда айтылған 8 ірі мамандандырылған бордақылау алаңдарын толықтырып отыру керек. Қазір 36,5 мың бас мал бордақылауда тұрса, 4-5 айдан соң олар етке өткізіліп, орнын салмағы 250 келі шамасындағы өгізшелер басуы керек. Өкінішке орай, бордақылау алаңдары өз қуатының 55-60 пайызы төңірегінде ғана жұмыс істеп тұр. Егер төл Өзбекстанға немесе Қостанай, Қарағанды тәрізді іргелес облыстарға сатылып кетпесе, бордақылау алаңдарын толықтырып тұрар еді.

Алаңдардың толмай тұруының тағы бір себебі бар. Малсақ қауымның бағымындағы мал тұқымының азып кетуі. Біздің ойымызша бұл кемшілікті былай жоюға болар еді. Егер бордақылау алаңдары асыл тұқымды бұқаларды сатып алып, маңайындағы ауылдардың табындарына қосса, елдің қолындағы тұқымы азған қара малдың сапасы көп-көрім жақсарып қалар еді. Ауыл тұрғындарының өздері бас біріктіріп, асыл тұқымды бұқа сатып алуға қауқарлары жетпей отыр. Тығырықтан шығатын бір жол осы. Бордақылау алаңдары ауылдағы малсақ қауыммен біз табынға бұқа қосып отырмыз, сондықтан, төлін бізге сатасың деп шарт жасауларына да болады. Бұл екі жаққа да тиімді болар еді.

Бұрын жеке шаруа бордақылау алаңына тірідей салмағы 200 келілік өгізшесін тапсырса, әр келісі үшін 200 теңгеден субсидия алатын. Бордақылау алаңына тапсырған малдың әр келісіне 800 теңгеден ақы төленеді. Енді есептеп көріңіз, мал сүмесімен күн көріп отырған адам тапсырған малынан тірідей салмағының әр келісі үшін 1000 теңгеден табыс та-уып отыр. Қара мал тірідей салмақтың 50 пайызына жуық ет береді. Әр келі еттің құны субсидияны қосып есептегенде, 2000 теңгеге жақын бағаланады. Жап-жақсы табыс емес пе? Ал, қазір саудасы оңынан оңғарылып тұрған алыпсатарлар болса ет күйінде 1500-1600 теңгеден алады. Қайсы ұтымды? Әрине, бордақылау алаңына тапсырған ұтады.

Бір өкініштісі, бордақылау алаңына бұрын әр келі ет үшін төленетін 200 теңге субсидия үстіміздегі жылдан бастап төленбейтін болыпты. Бұл арадағы есеп былай, алаңға шаруадан алынған малдың тірідей салмағы 200 келі делік. Оны алаң 4-5 айдың ішінде кемінде 400 келіге жеткізуі керек. Аралықтағы 200 келіге төленетін 40 мың теңге субсидия енді төленбей отыр. Бұл жай тәп-тәуір шаруаны қожыратып жіберуі де мүмкін.

Алаңды толтырудың екі-ақ тәсілі бар. Біріншісі, күні бұрын келісім-шарт жасау, екіншісі ұтымды бағамен қызықтыру. Бірақ, бордақылау алаңдарының саны аз. Әрі ел іші бұл жерге мал тапсырудың ұтымды екендігінен құлақтана қоймаған.

Жақсылық көрмей отырған түліктің бірі – жылқы. Қара малдай емес, жылқы етіне субсидия қарастырылмаған. Тек асыл тұқымды айғыр сатып алсаңыз ғана, 100 мың теңге көлемінде субсидия төленеді. Бірақ, асыл тұқымды айғырдың құны 700-800 мың теңге көлемінде. Тым қымбат. Ауылдағы шаруаның төрт түліктің төресі – жылқы бағудағы, басын көбейтудегі аяқтарын тұсап отырған жай осы. Қымызға субсидия төленгенімен, қолжетімді емес. Талабы тым қатал. Айталық, қымыз ашытатын цехтар ұйымдастырылып, бие сүті сүт күйінде әлгі цехқа тапсырылуы керек. Бірақ, ондай цех некен-саяқ. Сондықтан жеке шаруа бұл орайдағы субсидияның игілігін көре алмай отыр.

Ет бағасын төмендетудің жолы – бәсекелестікті дамыту. Бәсекелестік болуы үшін алдымен қолыңдағы малдың тұқымы жақсы, өнімің сапалы болуы шарт. Ендігі орайда малсақ қауым бетін осы бағытқа түзесе, шаруасы оңынан оңғарылар еді.

Байқал БАЙӘДІЛОВ.

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар