Ақмола облысының диқандары тұқым себуге жаппай кірісті
Ақмола облысының ауыл шаруашылығы тауарын өндірушілері биылғы көктемгі егіс жұмысын 15 мамырда бастап, 20 жұмыс күнінің ішінде аяқтауды жоспарлап отыр.
Ағымдағы жылы өңірдегі жаздық егіс алқабы шамамен 5 миллионға жуық гектарды құрайды, оның 4,5 миллион гектары дәнді және бұршақты дақылдар, 222 мың гектары майлы дақылдар, 20,6 мың гектары картоп, 3 мың гектары көкөніс, 190 мың гектары азықтық дақылдар алқаптары. Бұл жерде жоғарыда аталған дақылдардың алқабы әжептәуір ұлғайғанын атап өткен жөн. Өңір бойынша көктемгі егіс жұмысына қажетті 530 мың тоннаға жуық тұқым құйып алынған болатын. Оның 276,1 мың тоннасы 1 класқа, 193,5 мың тоннасы 2 класқа жатады. Бұл облыс аграршыларын тұқыммен толық қамтамасыз етуге мүмкіндік береді. Облыстағы элиталық тұқым және басқа да тұқым шаруашылықтары 60 мың тоннадан астам тұқым сатты. Оның 36 мың тоннасы элиталық тұқымға, өзгесі 1 репродукциялы тұқымға жатады. Тағы да 6 мың тоннадан астам тұқым сатылмақшы. Аттестатталған тұқым шаруашылығының субъектілері жоғары репродукциялы тұқымды іріктеу мәселелеріне ерекше назар аударады. Ағымдағы жылы аталмыш шаруашылықтар шамамен 70 мың тонна тұқым сатты. Облыстағы ауыл шаруашылығы тауарын өндірушілерді минералдық тыңайтқыштармен қамтамасыз ету жұмысы белсенді жүргізілуде. Бүгінгі күні минералды тыңайтқыштарды 50,0 мың тоннаға жеткізуге шарттар жасалды. Оның 30,5 мың тоннасы тасымалданды.
Биылғы жылдың егіс науқанына 16 мыңнан астам тұқым сепкіштер мен 1,3 мың өнімділігі жоғары егіс кешендері жұмылдырылатын болады. Егіс кешендерімен барлық алқаптың 65 пайызын себу жоспарлануда. Жыл басынан бері 785 ауыл шаруашылығы техникасы, атап айтқанда 214 трактор, 82 комбайн, 49 егіс кешені және 440 өзге де техника сатып алынды. Облысқа 70 мың тонна кепілдендірілген дизель отыны бөлінген болатын. Оның 48,8 мың тоннасы тасымалданып алынды. Дизель отынының 1 литрі 171 теңгеге бағаланған. Қазіргі уақытта облыстың ауыл шаруашылығы тауар өндірушілері егістікке агротехникалық іс-шаралар жүргізуге шықты, осылайша бүгінгі күні 3110 мың гектар ылғал жабу жұмыстары аяқталды. 1349 мың гектар алқапта егіс алдындағы өңдеу жұмысы жүргізілді. Ашық аспан астына тұқым шығару және дәрілеу жұмысы жүргізілуде. Көктемгі дала жұмыстарына несие алуға «ҚазАгро» филиалдары арқылы 19,4 миллиард теңгенің 316 өтінімі келіп түсті, оның 18,8 миллиард теңгесі берілді. Қазіргі уақытта облыста көктемгі егіс жұмыстарын тиісті деңгейде уақтылы жүргізу үшін барлық қажетті шаралар қабылдануда.
Мол өнімнен үміт бар
Атбасарлықтар биылғы көктемгі егіс науқанына үлкен дайындықпен келді. Өңірдің 61 серіктестігі және 171 шаруа қожалығы қажетті тұқыммен және ауыл шаруашылығы техникасымен қамтамасыз етілген. Кепілдендірілген дизель отыны тасымалдануда.
Ауданның 422 мың гектар егістік алқабы бар. Оның ішінде 384 мың гектар алқапқа дәнді және бұршақты дақылдар, 20 мың гектар алқапқа майлы дақылдар, 16,7 мың гектар жерге азықтық дақылдар себіледі. Сондай-ақ, 51 гектар алқапқа картоп, 15,5 гектар жерге көкөніс отырғызылады.
Аудандық кәсіпкерлік және ауыл шаруашылығы бөлімінің басшысы Виктор Шкурихиннің айтуынша, қазір ауыл шаруашылығы тауар өндірушілері биылғы жылдың егісіне 47 мың тонна тұқым да-йындауда. Тұқымның барлығы 1 және 2 класқа жатады. Аудандағы «Әріп Агро» серіктестігінде 4 мың тонна жоғары сапалы тұқым бар. Көктемгі егісті жүргізудің негізгі жұмыстарының бірі – ашық аспан астына тұқым шығару және тұқымды залалсыздандыру. Бұл шараларды жүргізу ылғалды жылы аурудың алдын алуға мүмкіндік береді. Аудан шаруашылықтары тұқымды залалсыздандыратын қажетті дәрі-дәрмекпен қамтамасыз етілген.
– Көктемгі егіс жұмыстарын жүргізуге 5 мың 800 тонна кепілдендірілген дизель отыны бөлінді. Алқаптарға 688 трактор, 111 егіс кешені, 1,5 мың сеялка, өзге де көмекші техника шығарылуда. Шаруашылық субъектілері топыраққа сіңіру үшін 500 тонна минералдық тыңайтқыш сатып алды,–дейді Виктор Шкурихин өз сөзінде.
Аудан диқандары 422 мың гектар алқапта агротехникалық және химиялық шараларды жүргізетін болады. Егіс алқаптарында ылғал жабылып, жері өңделеді. Ауа райы жағдайына байланысты көктемгі егіс науқанын 20 жұмыс күні ішінде аяқтау жоспарланып отыр. Сондай-ақ, барлық алқапқа химиялық өңдеу жүргізіледі. 52 мың гектар жердің парын өңдеу көзделуде. Бұл күндері атбасарлық диқандар мол өнімнің негізін қалау жұмыстарына ұйымшылдықпен кірісіп кетті.
Рамазан ТІЛЕУОВ,
«Арқа ажарының» өз тілшісі.
Атбасар ауданы.