Жылу жамылғысы шығарылады

Ұлы Отан соғысы жылдары көшірілген зауыт шағын қаланың өндірістік аймағында ұзақ уақыт жұмыс істеп тұрды. Тоқсаныншы жылдары көптеген кәсіпорындар тәрізді қат-қабат қиыншылықты басынан өткерді.

Өнімі өтпей қалған соң зауыт жабылып тынды. Оның орнында Қазақстандағы жылу сақтайтын материалдар шығаратын ірі кәсіпорын пайда болды. Әу бастағы «Politerm» атауы «Макинск жылу жамылғысы зауыты» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі болып өзгергенімен, бағыт бұрынғы. Яки, құрылысқа қажетті, жергілікті жерде қасқалдақтың қанындай таптырмайтын жылу жамылғыларын дайындайды. Кәсіпорынның жылдық қуаты 34 мың тонна өнім дайындауға қауқарлы.
Жасыл экономиканың тиімділігі айқындалғаннан бері инновациялық құрылыс материалдарына деген сұраныс өсе түсті. Зауыт дайындайтын минералды тақталарға шикізат ретінде базальт табиғи тас жынысы пайдаланылады. Жергілікті тұрғындар тастың өзін жұп-жұмсақ жамылғыға айналдырған неткен керемет күш деп тамсануда. Бір айта кетерлігі, жылу өткізбейтін мұндай жамылғылар көптеген жерде пайдаланылады. Әрі бұрын құрылысшылар жиі қолданатын көмір күлінен және әйнек үгіндісінен қалыпталатын жылу сақтағыш материалдардан әлдеқайда жақсы. Ғимараттың қасбетін де, жертөлені де, шатырды да, тіпті еден мен төбені де, құбырларды да жұмсақ, қалың минералды тақтамен қымтап, орап тастауға әбден болады.
Сөз арасында қазақстандық кәсіпорындар осы бір қат дүниені бұрын шет мемлекеттерден тасымалдағандығын айта кетуге болар. Ол кезде елімізде жаңа үлгідегі жақсы материал шығарылмады. Кәсіпорынға қаржы салған инвесторлар бұл бағытты бақайшағынан дейін зерттеп, материалдардың өңір үшін аса қажет екендігін білген әрі нарықта бәсекелестік тудыратын ешкім жоқ. Ұтар жерлері де осы. Ақыры қабырғаларымен кеңесе келе, минералды тақта шығаруды қолға алған. Қазіргі күні зауыт өнімі еліміздің барлық аймақтарына сатылуда. Кәсіпорын басшыларының айтуларына қарағанда, сұраныс өте көп. Өйткені, нарықта үстемдік ететін бірінші шарт – баға. Егер шетелдік өнімдермен салыстыра қалсаңыз, сапасы жағынан кем емес, тіпті артық деп те айтуға болады. Бәсекелестікте үстем болуы да осы бағаға байланысты. Тұтынушылардың пайымдауынша, шетелдерден тасымалдаған осы тақылеттес минералды тақталар тым қымбатқа түседі. Өйткені, өнімнің өзіндік құнына тасымалдау шығыны, басқа да төлемдер қосылады емес пе? Ал, шетелдік бәсекелестер өз өнімдерін арзандатар болса, онда сапаға әсер етері сөзсіз. Итальяндық фирманың өкілдері алдын ала жасалған келісім-шарт бойынша өндірістік желіні құрып берген. Бұл қазіргі заманғы ең озық құрылғы.
Ең алдымен елге керегі жұмыс орны екендігі белгілі. Кәсіпорында қазір 150 адам тұрақты жұмыс істейді. Жұмысшылардың айлық еңбекақысы 210 мың теңге төңірегінде. Тағы бір тиімді жері, минералды тақталарды қажет ететін өңірдегі кәсіпорындар бір кезде таптырмаған өнімді алыстан тасымалдамайды.
Байқал БАЙӘДІЛОВ.
Бұланды ауданы.
Суреттерде: зауыттың өндірістік цехында және дайын өнімдер.

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар