Есімдері ескерткіш тақтадан көрініс тапты

 Бұланды аудандық соты ғимаратының алдында Ұлы Отан соғысына қатысып, кейін сот саласында еселі еңбек еткен жерлестерімізге арналып естелік тақта ашылды. Естелік тақтаға Есләм Ғазизұлы Құрмашев және Мақтай Шәріпұлы Шәріповтің есімдері жазылған. Есләм Ғазизұлы 1923 жылы ауданымыздың Журавлевка ауылында дүниеге келген. Майданға дейін туған ауылында жұмысшы болып, ата-анасына көмектескен. 1942 жылдың басында Қызыл Әскер қатарына алынды. Командирлер ауыл жігітінің сауаттылығын аңғарып, қысқа мерзімді офицерлер курсына оқуға жібереді. Екі-үш айдан соң жаяу әскер күштерінің лейтенанты шенімен соғысқа араласты. Көптеген күрделі шайқастарда әскери борышын ерлікпен атқарды. Соғыстан кейін сот саласында еселі еңбек етіп, Қазан, Қызылту, Келлер және Зеренді аудандық соттарының төрағасы болды. 1984 жылы дүниеден өтті.

Мақтай Шәріпұлы 1920 жылы Павлодар облысы Баянауыл ауданының Ақши ауылында көпбалалы отбасында дүниеге келген. 6 баланың ең үлкені болғандықтан, ол ата-анасына өзінің інілері мен қарындастарын тәрбиелеуге көмектесіп, жұмысқа ерте араласты. Мектептен кейін Алматы қаласындағы педагогикалық училищені бітіріп, туған ауылында ұстаздық қызмет атқарды. 1942 жылдың мамыр айында Қызыл Әскер қатарына шақырылып, соғысқа аттанды. Кейін Бұланды және Ерейментау аудандық соттарының төрағасы болып, халыққа қызмет етті. 1992 жылы дүниеден озды.

Естелік тақтаның ашылу салтанатында Ақмола облыстық сотының төрағасы Арман Жүкенов, Бұланды ауданының әкімі Ардақ Смайылов, Ақмола облыстық сотының отставкадағы судьясы, Ақмола облысының ардагерлер кеңесінің төрағасы Мейрам Ғибаділов және майдангер судьялардың жақын туыстары сөз сөйлеп, өткенге құрмет көрсетудің айғағы болып табылатын естелік тақтаның маңыздылығына тоқталды. Осы шарамен қатар аудандық сот ғимаратында мұражайдың ашылуы да болып өтті. Аудандық соттың қалыптасу тарихы мен жеткен жетістіктері, өткеннен сыр шертер суреттер мен түрлі жәдігерлер жинақталған мұражай көздің жауын алады. Жалпы, жаңа ашылған ескерткіш тақта мен мұражайдың өскелең ұрпаққа берер пайдасы мол. Әр ауданда осындай ескерткіш тақталар мен мұражайлардың ашылуына себепкер болып жүрген Ақмола облыстық сотының отставкадағы судьясы, Ақмола облысының ардагерлер кеңесінің төрағасы Мейрам Мырзахметұлы екенін атап өткен жөн.

Жайнарбек ЗАНДЫБАЙ.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар