«COWORKING» орталығы – кітапхананың жаңа келбеті

Бүгінгі дамыған замандағы жастар мен кітапты байланыстыратын алтын көпір – кітапхана. Көне жазбалар мен сирек кітаптар секілді кітапхананың да тарихы өте ескі дәуірлерден бастау алады. Кітапхана – мәртебесі биік киелі шаңырақ.

Бұланды аудандық орталықтандырылған кітапханалар жүйесінің модельдік орталық аудандық кітапханасы өз жұмыстарын аудан және қала тұрғындарына руханият шапағатын дарыту, елдің мәдениетін көтеру бағытында жүргізіп келеді. Аудан кітапханаларының негізгі мақсаты оқырман қауымды жаңа әдебиеттермен таныстырып, кітапқа деген қызығушылығын арттыру, білімнің көкжиегін кеңейту, оқырманмен жеке жұмыс жүргізу, кітапханаға келіп түскен басылымдарды күнделікті насихаттау болып табылады.

Бүгінгі күн талабына сай оқырманға өркениетті қызмет көрсету, кітапхана қызметкерлерінің жаңа технологияларды игеріп, кітапхана жұмысында кеңінен қолдану кітапханалардың бүгінгі қоғамның қажетті ақпарат орталығы екендігін дәлелдеп, беделін көтеруде.

Кітап – адам баласының сан ғасырлық ақыл-ойының жемісі, тарихы мен тағылымының алтын сандығы. «Кітап оқудан тыйылсақ, ой ойлаудан да тыйылар едік» деген еді атақты жазушымыз Ғабит Мүсірепов. Кітап таңдап, талғап оқи білу, оны түсіну мен түйсіну, алған әсерді өмір қажетіне жарата білу – әрбір адамның білігі мен білімін, пайымы мен парасатын айқындайтын алғы шарттардың бірі.

Біздің кітапханада Қазақстан Республикасының Тәуелсіздік күні қарсаңында «COWORKING» орталығының ашылу салтанаты өтті. Ол жастарға жағдай жасап, олардың ғылым-білімге деген құлшынысын арттырып, ғаламтор желісінен керекті ақпарат пен өздеріне қажетті білімді алуға мүмкіндік береді.

«COWORKING» орталығының көгілдір лентасын Бұланды ауданының әкімі Ардақ Смайлов және ардагерлер кеңесінің төрайымы Биғайша Тұртанова қиды. Шашу шашылып, Жансейіт Түкібаев флейтада музыкалық шығармалар орындады. Бұланды аудандық мәслихатының төрағасы Нұрбек Сексенов, облыстық мәслихат депутаты, «ХПП Арна» ЖШС басшысы Клара Меңдібаева жылы лебіздерін білдіріп, орталықтың ашылуымен құттықтады. Тілдерді оқыту орталығының басшысы Жайнарбек Зандыбайұлы «Кітапхана» атты өзінің жыр шумағын оқып, барлығымызды тәнті қылды. Ауданымыздың аға буын және жас ақындарының жырлары топтастырылған «Құтты мекен Бұланды» кітабы кітапханаларға сыйға тартты.

«COWORKING» орталығы болашақта жастардың ой-өрісін кеңейтіп, білімге ұмтылуларына септігін тигізетініне сенімдіміз.

Зәмзәгүл ҚУАНЫШЕВА,
Бұланды модельдік орталық аудандық кітапхананың библиографы.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар