Ақмола облыстық орыс драма театрының сахнасында Ұлы Жеңіс күніне орай, Ресейдің халық әртісі Сергей Никоненко мен «Реликт» вокалды-аспапты триосының «Мәңгілік полк» атты әдеби-музыкалық кеші болып өтті.
«Мәңгілік полк» әдеби-музыкалық кешінде соғыс жылдарындағы поэзиядан үзінділер оқылып, әндер орындалды. Сұрапыл соғыс кезіндегі қиын да ауыр тағдырлар суреттелген эпизодтар көкшетаулық көрермендерді ерекше сезімге бөледі.
–Мәскеуліктер сонау 1941 жылдың күзінде Мәскеуді жаудан қорғаған панфиловшылардың ерен ерлігін ешқашан ұмытпайды. Мен Александр Бектің «Волокаламское шоссе» романының басты кейіпкері Бауыржан Момышұлының ерлік істерін сүйсіне оқыдым. Кеңестер Одағының астанасын зұлым жаудан қорғап қалған қазақ жауынгерлерінің ержүректілігіне тамсанбасқа болмайды, – деді кеш барысында Сергей Никоненко.
Сахна төрінде ақын Константин Симоновтың көпшілікке белгілі туындылары орындалды. Сондай-ақ, Александр Твардовскийдің әйгілі «Василий Теркин» поэмасынан үзінді қойылды.
–Бұл қойылым Ұлы Жеңіс күніне орайластырылып отыр. Мерекелік кеш ойдағыдай өтті деп үміттенеміз. Осы залда – сұрапыл соғыста қаза тапқан жауынгерлердің, соғыс ардагерлерінің туған-туысқандары жиналып отыр. Сондықтан болар, қойылым әсерлі өтуде, – деді кеште сөз алған облыстық орыс драма театрының директоры Бейбіт Бақтыгереев.
Осылайша Ресейдің Мәдениет министрлігі мен «Россотрудничество» ғылым және мәдениет орталығының қолдауымен «Ақмола облысының орыс қауымдастығы» қоғамдық бірлестігі ұйымдастырған игі шара көпшілік көңілінен шықты.
Ырысалды АХМЕТҚАЛИЕВА,
«Арқа ажарының» өз тілшісі.