Құштарлық деген бір әлем…

Шахмет Құсайынов атындағы Ақмола облыстық қазақ музыкалық-драма театрына жуырда Нұр-Сұлтан қаласынан жас режиссерлар келген болатын. Солардың бірі – қазақ ұлттық өнер университетін тәмамдаған Аян Әлімбаев. Ол күні кеше көкшелік көрермен қауымға әлемдік классиктер мен қазақ авторларының желісімен жазылған «Эволюция» әдеби-музыкалық композициясын ұсынды.

Қойылымда жастардың жастық жігері мен жан арпалысы, адам бойында кездесетін түрлі сезімдер мен көңіл толқыныстары өмірдегідей өрбиді. Жанды дауыстағы музыка,  жігіт пен бойжеткеннің арасындағы махаббат, олардың бір-біріне деген құштарлығы мен аласапыран күй кешкен алуан түрлі тағдырлары тылсым ойларға жетелейді. Сондай-ақ, ердің әйелге, әйелдің ер адамға деген құштарлық, құмарлығы театрда бұрыннан көзіміз үйренгендей сыйластық пен сыпайылық, инабаттылық пен әдептілік, мәдениеттілік пен ізеттілік тұрғысында емес, өзгеше бір алабұртқан, жұлқынып, тартысқан сипатта өрбиді.

Композицияның ерекшелігі де осында. Аға буын өкілдерінің көбісі бірден «біз мұндай спектакльдерді көруден қымсынамыз, жастармен қатар отыруға ұялдық. Бірақ, бұл да шынайы өмір, қазіргі қоғамда орын алып жатқан құбылыстар. Оны қоюшы режиссер өзіндік өмірге деген жаңаша көзқарасымен ұсынып отыр. Дегенмен, мұндай да қойылымдар керек шығар» дейді. Иә, шынымен де әр заманның өзіндік талғам-талаптары болады ғой. Бұл жас режиссердің алғашқы қойылымының да өз көрермені табылады деген ойдамыз. Бұл жолғы қойылымды тамашалауға келетін көрерменнің жасына да шектеу қойылғаны дұрыс екен. Спектакльді тек 18-ден жасы асқандар ғана тамашалай алады.

Белгілі бір махаббат оқиғасының қайғылы аяқталып, лирикалық шегініс арқылы өрбитін әдеби-музыкалық композиция Мұқағали Мақатаевтың «Сүйгісі келе берер сүйген ерін» өлең шумағының үзіндісімен, туған күн иесінің сүйіктісін күткен сәтінен басталады. Қойылым барысында француз жазушысы Антуан де Сент-Экзюперидің әлемнің 180 тіліне аударылған «Кішкентай ханзада» повесінен, Ги де Мопассанның «Жалғыздық», Лев Толстойдың «Анна Коренинасынан» және жерлес жас ақын Манарбек Қадырбайдың «Тітіркену» шығармаларынан үзінділер келтіріледі. Композицияда бастан-аяқ ойнап шыққан Қарлығаш Әбдірахманова есімді жас актриса осы аталған шығармалардағы әйелдердің, онда да сұлулығымен ерлерді өзіне тартатын, «махаббатқа» құштар әйелдердің жиынтық образын барынша ашып берді. Театрға биыл келген жас актерлар Батырхан Сабыр, Мадияр Жақып, Дулат Оқасов, Ерсайын Нұриманов, Әлібек Еріковтер де қалыптасып үлгерген сахна саңлақтары болмаса да, барын салып, еркін ойнап жүргендері көрініп тұрды. Спектакльді сахнаның үстіңгі жағында отырып, жанды дауыспен ән салып сүйемелдеген музыкалық-bant те әдемі өлеңдерімен көрерменнің көңілінен шықты.

­–Бұл спектакль махаббат, құштарлық, құмарлық туралы. Махаббат пен жалғыздық бір-біріне өте жақын тақырыптар. Егер сіз ешкімді сүймесеңіз, онда сіз жалғызсыз. Бірақ, қалай болған күнде де әр адамның өзінің ішкі мені болады. Спектакльде ойнаған актерлер дәл қазіргі уақыттағы кейбір жастардың мінез-құлқын, тыныс-тіршілігін дөп басып, суреттеп берді. Қойылымда актерлар мен көрермендер бір-бірін сезінуі керек болды. Сондықтан, көрерменді актерлерге мейлінше жақын отырғызуға тырыстық. Өйткені, актерлердің эмоциясын көзбен жақыннан көру қажет. Ал егер көрермен алыс отырып қалса, онда бұл құбылысты көре алмайды. Сезінбеген соң, бұл қойылымды қабылдау да аса әсерлі болмай шығар еді. Бұл шығарманы осы актерлердің құрамымен елорда төріндегі «AZT» жастар театрында еңбек етіп жүргенімізде 5 мәрте сахналағанбыз. Енді көкшеліктер назарына ұсынып отырмыз. Патша көңілді көрермен өз бағасын берер, – деді бізбен өз ойын бөліскен жас режиссер Аян Әлімбаев.

Жалпы, спектакльдің ерекшелігі оның сценариін әркез әр түрлі жазып, қоя беруге болады, яғни мизансценаларын ауыстырып, сөздерін де өзгерту режиссерлардың қолында, солардың таным-түсінігі мен тақырыптық идеяларына байланысты. Ал, осы жолы тіпті, композицияның ішіндегі бүкіл образдардың линияларына дейін ауысқан екен. Қойылым театрда мамыр айы бойы сахналанады.
Ширек ғасыр жасаған облыстық қазақ музыкалық-драма театрына келген жас актерлердің де оларды іздеп жүріп, сағына қауышатын көрермені болады деп үміттеніп, шығармашылық табыс, шалқар шабыт тілейміз.
Ырысалды ТӨЛЕГЕНҚЫЗЫ,
«Арқа ажарының» өз тілшісі.
Суреттерді түсірген Берік ЕСКЕНОВ.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар