Қазақстанның еңбек сіңірген әртісі, жезтаңдай әнші Қапаш Құлышева: «Өнер адамы үшін халықтың ықыласынан асқан атақ жоқ»

 2024 жыл Қазақстанның еңбек сіңірген әртісі, халықаралық конкурстардың лауреаты, кеңестік және қазақстандық сопрано дауыстағы жезтаңдай әнші, профессор, педагог, жерлесіміз Қапаш Құлышева үшін де қуанышы мол құтты жыл болмақшы. Себебі, алдымыздағы қырмызы көктемде есімі қалың қазағына белгілі сүйікті әншіміз өз өмірінің 75 жылдық белесін атап өтеді. Осы айтулы оқиғаға орай, жуырда туған жері – көрікті Көкше өңіріне келген сапарында танымал өнер өкілімен арнайы жолығып, емен-жарқын әңгімелесудің сәті түскен болатын. Төменде сол сұхбатты оқырман назарына ұсынып отырмыз.

 – Құрметті Қапаш Қабыкенқызы, сіз 55 жыл сахна көркіне айналған халық өзі айдар тағып, ат қойған «Көкшенің кербез сұлуысыз». Соғыстан кейін дүниеге келген сол сұлудың өмір жолы қалай өрілді екен? Балалық шаққа саяхат жасап көрсек.

– Әлбетте, менің әкем Қабыкен Құлышев Ұлы Отан соғысының ардагері. Мен 1949 жылы 9 мамырда Ақмола облысы, Зеренді ауданы, Дөңгілағаш ауылында дүниеге келдім. Анамнан ерте айырылдым. Балалық шағым сол туғанауылымда өтті. 4-кластық бастауыш сыныпты осы жерде оқыған менің гастрольдік сапарым бесінші сыныптан басталды десем болады. Әкем марқұм екі ауылдың арасының алыстығына қарамай, 5-6-класты Қызылсаяда оқытты. Ол кезде қазіргідей қатынап жатқан көлік жоқ, бірде жаяулап, бірде әкемнің өтінішімен ауылдағы бірлі-жарым көлік түрлерімен жетіп қалатынмын.  Содан 8-сыныпты «Симферополь» совхозында бітірдім. Одан әрі Көкшетаудағы №3 қазақ орта мектебінде оқуымды жалғастырып, 9-10-сыныптарды сол жерден тәмамдадым. Анам дүние салғаннан кейін, әкем екінші рет отбасын құрып, бауырларым дүниеге келді. Көп балалы отбасынан болғаннан кейін мектептің жанынан ашылған пансионда жатып оқып, білім алдым. Ол пансионды алыстан келіп оқитын балалар үшін Бану Ілиясқызы деген апамыз сол мектептің жанынан ашқан болатын. Жататын жылы орны бар, ішінен тамағын, үстімізге жылы киімінде беретін.

Негізі мен атам мен әжемнің қолында үлкен немересі болып, еркелеп өстім. Анам үш жарым жасымда баланың үстінде дүние салғанда,  көп ұзамай Құлыш атам да қайтыс болған. Сөйтіп, мен он саусағынан өнер тамған Мәриям әжемнің бауырында өстім. Әкем екінші анамызбен он бір баланы тәрбиелеп жеткізді. Ал, мен он екі баланың ең үлкені болып, асыл әжемнің «құлыным» деген жылы сөзімен есейдім. Оның өнегелі ісі, даланың академиктеріндей   тәрбиелі сөзі мені әлі күнге әлдейлеп келеді. Әжеміз шебер болғаннан кейін ауылдастары қасқыр ішік, тұмақ, неше түрлі қамзол тіктіретін. Әжем марқұм шеберлігімен қоса, таза, тамаққа да бап болатын. Бие байлап, қымыз дайындайтын, соны дайындайтын кезде «құлыным, бір елу рет пісе қойшы» деп, оны бола бергенде «тағы бір көмектесе қойсаң» деп жылы сөзімен баурап алатын. Міне, осылай мені еңбекке де үйретті. Мен қыз бала болсам да, мінезімнен бе, ұлдармен көбірек дос болатынмын. Бірде әкем мотоцикл алып, мені соған  үйретті. Бірақ, өзі кеткенде кілтін жасырып кететін. Мен оны іздеп, тауып аламын. Біздің ауыл өте әдемі, жасыл желекке толы жерде орналасқан. Дөңгеленген ағаштарға толы болғасын да туған жерім Дөңгілағаш аталып кеткен. Содан екі-үш дос қыздарымды отырғызып алып, қалың ағаштың ішіне жидекке барамыз. Сөйтсе, көршілер көріп, «ә, әне мотоциклді ырылдатып, Қабыкеннің қызы шықты» дейтін көрінеді. Солай әжемнің ұрыспай, құлағыма құйып өсірген тәрбиесінің арқасында мотоциклде жүргізіп, атқа да шауып, балалық шақтың небір баянды кезеңін өткізгенмін.

– Өнер жолына қалай келдіңіз? Алғаш рет бұған кімнің ықпалы болды?

– Өте орынды сұрақ. Менің сонау бала кездегі жүрек қылым шертілгендей болып тұр. Өйткені, менің әкем домбыра жасайтын шебер болды, содан маған домбыра жасап берді. Сонымен өз бетіммен ән айтып, домбыраға деген қызығушылығым басталды. Мектепке барғаннан тақпақ берсе, тез жаттап алып, әнге қосып айтып жүретінмін. Бұл жерде де тағыда әжемді айтпай болмайды. Бала кезімнен, «Әй Қапаш, сен өскенде кім боласың?» десе, мен, «әу айтам» дейді екем, тілім келмесе де. Мен осы өнерді жүрегіммен қабылдап, Алматыға кетем деп, сол жолға бет бұрып жүрген кезде онда не туыс жоқ, не дос-жаран жоқ, содан бар туыстар келіп, әншілік деген бұл қызға сай мамандық емес, деп мені бәрі азғыра бастады. Бұл 1966 жылдар болатын. Содан әжем, «әй, мен сендерден ақыл сұрадым ба, менің құлыным, арманына жетеді, жолын кеспеңдер» деп бәрін тиып тастайтын. Сөйтіп, әжем, маған ақ батасын беріп, шығарып салды. Содан аэропроттан ұшаққа отырып, Алматыға ұшып келдім. Баратын жер жоқ, вокзалда кемпір-шалдардың арасында отырамын. Шіркін, сол уақыттың адамдарының өзі қандай жайсаң десейші. Кеш болғанда кішкентай сөмкем бар, соны басыма жастық қып саламын. Чемодан толған кітап, оны сақтау орнына тапсыру дегенді білмеппін ғой. Соны арқалап, консерваторияға барам, қайта вокзалға келем. Сөйтіп жүріп, консерваторияда Қызылордадан келген бір қызбен танысып, жатақханасына барып тұрдым. Ол өзі ішке кіреді де, маған пропускысын 4-этаждан төменге лақтырады. Сонымен, вахтадан ішке өтемін. Бір бөлмеде алты қыз тұрады, екеуміз пансерный деген кереуетте бірге жатамыз. Алайда кейін ол құрбым оқуға түсе алмай, мен соның орнында қалдым. Сол кезде консерваторияның актерлік бөліміне шектің гигіне кәдімгі жастарды қабылдап жатқан кез. Мәскеуден келген комиссиямен бірге профессор Қаныбаева деген апамыз іріктеу жасады. Менімен оқуға түсіп жатқандар қаланың сырықтай-сырықтай әдемі, көрікті қыз-жігіттері, бірақ, олардың түрлері бар да қазақша тілі жоқ. Ал, менің тілім қазақша, содан Қаныбаева менің тіліме риза болып, сен актерлікке де әншілікке де түсіп, оқи аласың деп одан бетер қанаттандырды.  Міне, сөйтіп оқуға түстім. Сол кезде 7 қараша үлкен мереке болатын. Содан кейін бізді Мәскеуге оқуға жіберетін болды. Онда екі жыл оқып, 3-4-курсты Алматыға келіп жалғастыруымыз керек болатын. Ол кезде қазіргідей сотка деген жоқ, осы жағдайымды айтып, әкеме хат жазамын. Содан әкем марқұм маған он екі беттік хат жолдайды ғой. – «Құлыным-ау, мына бірінен кейін бірі  өсіп келе жатқан шиеттей бауырларың бар, мен саған шет жерде жүргенде қалай қарайласам. Мәскеу деген, елден алыста жатқан үлкен жер» дейді ғой. Мен сол хатты әлі күнге дейін сақтап жүрмін. Содан ойланып, мені де әкеме, бауырларыма, еліме деген қимастық сезім жібермеген болуы керек, Қаныбаева апамызға барып, менің документімді беріңіз, елге қайтамын, деймін. Ол болса, «сен өз бағыңды неге байлайсың, болмайды қайтпайсың», деп жібергісі келмейді. Ал, мен болсам, қалтамда қалған 13 сомның 12 сомына поезға билет алып, «Көкшетау қайдасың?» деп тартып отырдым.

Келдім де алғашқы домбыра сабақтарынан көркемөнерпаздар үйірмесінің  жетекшісі, аты аңызға айналған Үкілі Ыбырайдың немересі Мұса Асайыновтан дәріс алдым. Ол үйірмеге институтта оқитын талантты балалар келетін. Сол жерде ән айтамыз, оның ішінде баянда, домбырада ойнайтын дарынды өнерпаздар бар. Менің өнерге деген жолымды ашқан Мұса ағамыз десем болады. Мен дайындыққа келгеннен соңына дейін отырамын. Соны байқап қалған ұстазым: «Неғып отырсың, қызым-ау?» демесі барма. Ал, менің баратын жерім жоқ қой, ауылым алыс екенін айтамын. Осыны түсінген ұстазым: «Әй, айналайын, онда жүр үйге. Менің балаларым не жесе, соны жерсің, қай жерде жатса сонда жатарсың» деп, өзінің кең жүректі, қамқорлығын танытады. Осылайша төрт-бес ай сол кісінің үйінде тұрдым. Мұса ағамыздың халық өнеріне құрметі шексіз болатын. Ол айтатын Үкілі Ыбырайдың әндерін, әжелеріміз айтатын өзге де барлық құлағыма сіңген әндерді сол Мұса ағамыздың домбырасында бір пернемен басып жүріп үйрендім. Өйткені, ол маған арнайы отырып үйреткен жоқ. Бірақ, менің осы қазақ өнеріне, әндеріне деген бетбұрысым сол ағамыздан басталды. Сондықтан, менің алғашқы ұстазым – Мұса Асайынов. Оны мен өзімнің барлық сұхбатымда айтып отырамын. Ал, екінші, ұстазым – Қазақстанның халық әртісі, Мұхиттың әндерін нақышына келтіре орындайтын Батыстың керемет дүлділ әншісі Ғарифолла Құрманғалиев. Ол мені тікелей осы өнер жолына баулып қана қоймай, болашағыма даңғыл жол ашқан бірден-бір тұлға деп мақтанышпен айта аламын. Жүсіпбек Елебеков мені класына отырғызып қояды. «Сен Арқаның қызысың, Арқаның әндерін айтуың керек» десе, Ғарифолла Құрманғалиев келіп, «оған сенің мінезің келмейді, жүр, менің класыма барасың» деп алып кететін. Менің өнерімді бағалаған осы екі ұстазыма шексіз ризамын, олардың маған таласуы, менің өнерімді бағалап, өз кластарына шақыруының өзі мен үшін зор мақтаныш болатын. Аяғымды нық басуға, өзіме деген сенімді қалыптастыруға сол кісілердің көмегі өте көп тиді. Менің әжемнен алған тәрбием, өмір жолымда бір-бірінен айырып алғым жоқ, қос ұстазымның өнегесімен жалғасты.

…Артқа сәл шегініс жасасам, мен консерваторияға оқуға түсіп тұрып, әкемнің хаты әсер етті де елге қайттым. Сөйтіп, Мұса Асайыновтан сабақ алдым. Сол 1966 жылы Көкшетау облыстық филармониясы ашылды. Мұса Асайыновтың көрегендігін, мықтылығын содан білсек болады. Правдин деген филармонияның директоры болды, соған айтты да мені соған кіргізіп қойды. Ол кезде біз бір концертке шығып, ән айтқанымыз үшін төрт рубль аламыз. Жан-жаққа барып концерт қойып келеміз.  Мен содан бастап пансионда тұрып, үш ай жұмыс істегеннен кейін, еңбекақыма әжеме, әкеме, анама, бауырларыма киім алып, ауылға барамын. Олар мені Алматыда депойлайды. Ол кезде сотка деген жоқ, байланыс тек хатпен ғана.

Ой, шіркін, Мұса Асайыновтың дарындылығы күшті еді ғой. Арқалы ақын еді. Үкілі Ыбырайдың туған немересі. Сол кісінің сахна мәнері, күнделікті жүріс-тұрысы, сөйлеуі, бәрі мені қызықтыратын. Ән айтқанда өнер айдынына бар болмысымен арқаланып еніп кететіні, өмірге деген құштарлығы мені тәнті ететін. Ал, менің консерваториядағы ұстазым Ғарифолла Құрманғалиев тіпті, ерекше адам еді ғой.

Сонымен, филармонияда бір жыл жұмыс істеп, келесі жылы Гүлжаһан Ғалиева деген өте білімді, эстрадалық студияны, қазақтың циркін, «Гүлдер» ансамблін ашқан белгілі ұстаз барлық өңірлерді аралап, дарынды жастарды жинайды. Содан ол бізге Көкшетау облысына келгенде, тоғыз бала байқауға қатыстық, оның ішінде Еркін Біржанов, Сайран Мағзұмов, Сәуле Жүнісова бар, бұл 1967 жыл.  Содан Алматыға барған соң тағы іріктеу болып, Еркін Біржанов, Сайран Мағзұмовтар отбасылы болғандықтан, елге кетті. Ал, мен студияны бітіргеннен кейін жолдамамен 1969 жылы ашылған «Гүлдер» ансамблінде қалып, 44 жыл еңбек еттім. Негізі, ең алғаш сол ансамбльдің ашылуында мен болдым десем болады. Ол кезде 18 жастамын. Студия дарынды балаларға арналған. Біз Қайрат, Шолпан, Қалампыр, мен, әріміз студияны тәмамдаған жастармыз. Сол екі жылдық біліммен жұлдыз болып жарқырап шығуымызға үлкен еңбек сіңірген, өмірлік жолдамамызды айқындап берген өнердегі  мен айтқан ұстаздарымыз, талантты қос тұлға болатын. Сондықтан да, олар мен үшін аса қадірлі. Біз өзіміз айтатын бар болғаны, 35-40 шақты әнімізбен алғашқы биігімізді бағындырдық.  Одан әрі өзіміз іздене жүріп, үлкен ортаға араласып кеттік.

– Өнер жолындағы өз белесіңізді тағы бір саралап өтсек, ең алғашқы орындаған әніңіз қандай ән еді? Жалпы, қазір репертуарыңызда қанша ән бар?

Менің өзімнің ең алғаш айтқан «Ақерке» әнінің Орал өңірінен екенін білмеппін ғой. «Ойыл қайда, Жем қайда, Сағыз қайда?» деп ән саламын, қызық болғанда сол «Сағыз» шайнайтын сағыз шығар деп ойлаппын. Оны Ғарекеңе барғаннан кейін ғана жердің аты екенін ұғындым ғой. Содан «Шыбыным-шыбыным» деп көзім мөлдіреп айтатын болғанмын ғой, Ғарекең болса маған Күлімкөз деп ат қойған. Қайда, қандай концерт болса, сол «Ақеркені» айтамын. Сахнадағы шымырлығым өз алдына, менің энергетикама, ән орындау мәнеріме қарап, елдің бәрі бертінге дейін Батыстың қызы деп ойлайтын.

Менің ұстазым Ғарифолла Құрманғалиев өте ширақ, таза, дәріс беруге бірде аппақ костюммен келсе, бірде макентожы бар шляпа киеді, әзілқой, өте сәнқой болатын. Сабақта жеті бала болдық, екі ұл 5 қыз. Бір әнді бір-ақ рет айтады, ол кезде қайталайтын магнитофон деген жоқ. Тіпті, қайта айтқанда дәстүрлі әнді басқаша айтады. Бізде Қалыбек Ақтаев деген ағамыз болды. Оның отбасы, екі баласы бар, оның өнерді жақсы көретіні соншалық, Ғарекеңнен дәріс алу үшін арнайы оқуға түскен екен. Содан Қалыбектің үйретуімен бір апта бойы ән салып үйренеміз. Мысалы, қазір әрбір баланы жеке-жеке үйретеміз, ол дұрыс емес. Ғарекеңнің методикасы бірін-бірі естіп отырғанда әркім өзінің қателігін түсініп отыруы керек. Сосын «ой, осы сендерді үйретіп отырып, өзім де сендерден үйреніп отырамын» дейтін. Сонда таң қалатынмын, 17 жастағы бізден не алады деп.  Енді қазір өзім ұстаздық еткеннен кейін, соны түсіндім. Өйткені, әр баланың дауыс ерекшелігі, ойлауы, жеткізу қабілеті, мінезі әр түрлі. Ол кездегі балалар құймақұлақ десе болады. Құлағыңа құйылған әнді жаттап аласың. Өйткені, нотаға барлық иірімдер кірмейді. Әсіресе, батыстың иірімдері жеті нотаға бағынбайды. Мұхиттың әндері өз алдына, оның ауқымы кең, әсіресе, «Паң көйлек» әнін құймақұлақпен ғана тыңдаймыз, соны домбыраға саламыз. Мен қазір шәкірттеріме осы методиканы қолданып келемін. Мысалы Біржан салдың «Жонып ал» әні қалай иірімге кіреді? Сондықтан, мұны құймақұлақпен үйретуіміз керек. Бұлар бір нотаға бағынышты бола алмайтын әндер.

Мына бір жайтты айта кеткім келеді. Сәкен Сейфуллиннің біздің Көкшетау облысындағы Володар, қазіргі Айыртау ауданында жолдасы болады. Сол екеуінің Сәкен түрмеге түскенге дейін айтқан әні болған екен. Ыңылдап бір әуен келеді, жазып алатын магнитофон жоқ, әуенді қайта-қайта ыңылдап айту арқылы құймақұлақпен жеткізген. Өзі 86-ға келген үлкен кісі. Сәкен түрмеде жатқанда күзетшіден жазып жібереді екен, ол жетпей қалады. Содан ақша беріп, сөздерін жібереді. Онда, «елді сағындым, ауылдың қыздарын сағындым, жігіттер өздеріңді сағындым, аман-есен түрмеден шықсам, осы әнді екеуміз қосылып айтамыз» деп, сөзін жазып жіберген ғой. Әуені бар.

Содан бірде «Сәкеннің бір жолдасы бар екен, тірі кезінде соның бір әнін алып қал балам», деп әкем марқұм мені соған апарған болатын. Мен онда мектепте оқимын. Қазір ол кісінің аты да есімде жоқ. Сол ән «Біздің жақта» әні. Керемет жүрегіме жылы тиген ән болды. Сосын «Арқаның кербез сұлу Көкшетауы»… деп келетін «Көкшетау» әні де бар. Жалпы, Сәкеннің әндері менің болмысыма сай келетін. Солай айтып кеттім. Одан кейін көптеген батыстың әндерін үйрендім. «Шымыр», «Желпілдек»,  тағы басқалары. Жалпы, Мұхиттың әндері керемет қой, шіркін. «Паң көйлек» әні не деген ғажап. Басында 40шақты ән болса, қазір репертуарымда 200-дей ән бар. Оның ішінде Арқаның, Батыстың, Жетісудың Кәкімбек ағаның әндері бар. Жалпы маған өзімнің төл өнердегі ұстазым  Ғарекеңнің барлық әндері ұнайды, соларды айтамын.

Елге жиі келесіз бе? Қазір қайда тұрып жатырсыз?

Жоқ, шақырмаса, қалай келем, баяғыда апам айтатын, «Құлыным, шақырмаған жерге барма, шақырған жерден қалма» деп. Бірақ, ойлаймын сол сөз қазіргі заманға сәйкес келмейді-ау деп. 70 жылдығым өтті, елден елеусіз қалдық. Басқа өңірдің өнерпаздары елдеріне шақырылып, құрметтеліп жатады. Сол ғана кейде мазалайды. Қазір Астанада тұрамыз. Сонда Қазақ Ұлттық өнер университетінің профессорымын, болашақ дарынды жастарға дәріс беремін. 70 жылдығымда сол университетте кешім өтті. Еліміздің зиялы қауым өкілдері келіп, ақжарма тілектерін ортаға салды.

Сіз студияны тәмамдағаннан кейін «Гүлдер» ансамблінде еңбек етіп, елуге жуық мемлекетте өнер көрсеттіңіз. Өмірлік жан жарыңызды да сол өнер ордасынан кездестірдіңіз. Сол кездерге сәл шегініс жасасақ.

– Дұрыс айтасыз, мен Халық әртісі Гүлжаһан Ғалиева ашқан республикалық «Гүлдер» жастар-эстрадалық ансамблінің жетекші солисіболып, ансамблінде 44 жыл еңбек етіп, 48 мемлекетте гастрольдік сапармен болған екенмін. Осы күмбірлеген қос шекті домбыраммен барлық дүние жүзін араладым десем артық айтқандық болмас.

1978 жылы Дінмұхамед Қонаевтің өзі бастап барған Куба астанасы Гаванада өткен XI Жастар және студенттер фестивалінің халықаралық байқауында орындаған әніммен бас жүлдені жеңіп алғаным үшін Фидель Кастро қолымнан сүйіп, ризашылығын білдірген. Сөйтіп, 1979 жылы  30 жасымда Қазақстанның еңбек сіңірген әртісі атағына ие болдым.180 адамдық Игорь Моисеевтің үлкен ансамблімен Америкада үш жарым ай өнер көрсеткенде, олардың менің өнеріме тамсануы мен үшін үлкен марапат болатын. Гастрольдік сапармен Мәскеудегі Россконцерт, Госконцертте, Жапония мен Америкада екі рет, Грецияда үш рет, Францияда екі рет болдым. Өзімнің қазақ әндерімді орындаймын. Мені кезінде Германиядағы қазақ қауымдастығы өздеріне алып қалуды да ойлаған, бірақ, мен келіспей, еліме кетіп қалдым. Ал, жұбайым Еркін Сілетдинов, қазақтан шыққан тұңғыш саксафоншы, сазгер. Оның «Балдәурен» әнін Роза Рымбаева шырқаса, «Мұзарт» тобы да орындап жүр. Сембектің айтатын «Айналайын қыз бала», «Қар жауып тұр» деген әндер менің жолдасымның шығарған әндері. Оның әндері көрермендер жүрегінен орын алған. Біз екеумізде «Гүлдерде» жұмыс істедік, мен ән айтатынмын, ол оркестрде қызмет істейтін. Ең бірінші біздің ансамбль ашылады деген кезде дайындық болатын. Ол кезде әлі студияда оқып жүрміз. Дайындыққа барамыз. Ол менің алғаш даусыма ғашық болады. Өзі Алматыда дүниеге келіп, орысша оқыған қаланың баласы. Ата-анасы өзіміздің Ерейментау ауданындағы Бестөбеден, Қанжығалы Бөгенбай батыр ұрпағынан тараған. Біз 1970 жылы отбасын құрдық. Жарты ғасырдан астам уақыт бірге тату-тәтті тұрып жатырмыз. Алтын тойымыз коронавирус кезінде өтіп кетті. Екі қызымыз бар, үлкеніміз Әлия Алматыда, кіші қызымыз Дина Астанада тұрады.Үлкен қызымыз спорт маманы, екінші қызымыз кәсіпкер, негізгі мамандығы ағылшын тілінің маманы. Абылайхан атындағы университетті ағылшын тілі факультетін тәмамдаған. Бүгінде бес немереміз бар, бақытты ата-әжеміз.

«Қазақстанның халық әртісі»атағына сегіз рет ұсынылып, сегіз рет сызылған екенсіз. Бір қызығы, бұған титтей де өкініш білдірмепсіз, осы туралы да қысқаша айтып берсеңіз?

Жоқ, мен оған еш өкінбеймін. Мүмкін биографиям келсе де, географиям келмеген шығар. Бірақ, маған ол атақты халықтың өзі беріп қойған. Елдің өзіме деген шексіз ықыласынан соны байқаймын. Байқаймын да, еңсемді тіктей түсемін. Мені сахна өсірді, халқым қолпаштап, құрметтеді. Тойларда әжелер батасын беріп, орамалдарын жауып, ықыластарын көрсетіп жатады. Халықтың сол бағасынан асқан атақ жоқ қой деп ойлаймын.

Сырлы да әсерлі сұхбатыңыз үшін көп рахмет.

 Сұхбатты жүргізген Асылай ҚАДЫРҚЫЗЫ.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар