Майдангер мұраты

Шоқ жұлдыздай шағын Қарақамыс ауылының маңайы ойдым-ойдым қайың шоқтары көмкерген, табиғаты тамылжып тұрған елді мекен-тұғын. Ертеректе тұмса табиғаттың тұнығы шайқалмай тұрған шақта қойнат-қолауда бұлқынып аққан бұлақтар, қайың шоқтарының етегін ала суы жыл он екі ай бойы мөлт-мөлт етіп жататын кішкене күміс көлдер, тоғандар мол болса керек-ті. Изен мен жоңышқа, жазық алқаптардағы бітік өскен ақселеу, қайың шоқтардың бауырындағы бойшаң адамның кеудесінен келер масатыдай құлпырған жасыл шалғын ен даланың көркі, төрттүлік малдың қанша жерден тұяқкесті болса да таусылып бітпейтін, сарқылып түгесілмейтін ырыздығы еді.

Ұжымдық шаруашылық құру, елдегі коллективизация ұлттық үрдістің торғын шымылдығын қақ айырып жырта келді. Көшпенді дәуірдің Сарыарқаның бойындағы сары сағымдай еркін, желдей азат, ноқтаға басы симайтын асау жұрт большевиктердің темір құрсау тұмылдырығымен тұмшалап тұратын тәртібіне еріксіз мойын ұсынды. Бірақ, қанша жерден қоғам ұлы өзгерістерге ұшырап, адамдардың бойындағы мінез-құлық, бітім-болмыс жаңа сипатпен сабақталып жатқанымен көне дәуірдің көзін көрген, сол ортаның рухани бағалы байлығын шашау шығармай сүбесіне сіңірген абзал жандар ел ішінде аз емес еді.

Бүгінде бұрынғы ауылдың берекесі туралы айтылар әңгіме көп-ақ. Сол берекені келтірген, ел бірлігін ойлаған ауызы уәлі ақсақалдар екен-ау. Біздің ауылда да көпті көрген көшелі ел ағалары аз болған жоқ. Солардың бірі әрі бірегейі Ұлы Отан соғысының ардагері Халық Жапаров атамыз еді. Әлі есімде, мектепте оқып жүрген кезімізде ауыл балалары Орақбай Қапаров, Сабыр Жанмусин үшеуіміз жазғы демалыста жеңіл-желпі жұмыс істеп, қаражат таппақшы болып келістік. Ауылдағы тас баздың оттығын жөндеуіміз керек. Ынта болғанымен, сырғауыл жоқ. Әлде балалық, әлде алаңғазарлық па екен, баздың сыртындағы қайыңды орманның ішіне кіріп, түп-түзу, атқан оқтай балапан қайыңдарды кесе бастадық. Шамасы төрт-бесеуін жықтық-ау деймін, салт атқа мінген Халық атамның келе қалғаны. Біздің ісімізді көріп түтігіп кетті.

–Кім рұқсат етті? – деп сұрады.

Біз тіс жарған жоқпыз. Әншейінде сәл қаталдау көрінетін майдангер ата қамшының астына алмағанына шүкір дедік. Содан соң асықпай отырып ақылын айтқан. Орман – елдің байлығы. Оны бей-берекет кесе беруге болмайды. Осы бір кішкентай ғана оқиға санамызда жатталып қалды. Осы көріністен-ақ ел жайын ойлайтын майдангер атаның ауылдың адамына ғана емес, табиғатына да жанашыр болып жүретіндігі аңғарылып тұр емес пе?! Қазір бұрынғы ит тұмсығы өтпейтін қалың орман селдіреп, сиреген. Қарасыны көзіңе ілінгенде көкірегің тұздай ашиды. Майдангер атамыздай жанашыр жандардың жоқтығынан-ау.

Арада көп жыл өткен соң Көкшетау облыстық телерадиокомпанияда істеп жүрген кезімде кеудесінде «Отан соғысы» ордені, «Ерлігі үшін» медалі жарқыраған, ең бастысы, бір қауым елдің ыстық ықыласына бөленген, алғысын арқалаған майдангер ата туралы хабар дайындадым. Сол жолы емен-жарқын сырласып едік. Жастық шақ, қанқасап майдан, одан кейінгі ауыл шаруашылығын қалпына келтірудің бесбатпан бейнеті.

–Соғыс деген сұрапыл өрт, – деген майдангер атам, – адам баласының басына бермесін. «Еркек тоқты құрбандық» дегендей, басқыншы жаудан туған жерімізді қорғауға, хал-қадірімізше ат салыстық. Қазір есіме де алғым келмейді. Тек ел қорғау ерлердің маңдайына жазылған парыз дегенім жөн болар.

Асылында Халық атам елді жаудан ғана емес, дауданда қорғаған жан. Сәл ғана таратып айта кетейін. Бәлкім, сонда туғанына жүз жыл толып отырған майдангер атаның бойындағы адамгершілік ажары, кісілік келбеті ашыла түсер. Шоқ жұлдыздай шағын ауыл бір атаның балалары болғанымен, ел болған соң сәл нәрсеге, тіпті болымсыз жайға бола жүз шайысу, өкпелеу болып тұрады емес пе, пенденің пендешілігі қашан таусылған? Міне, осындай кезде әрдайым ақ сөйлеп, адалын айтатын құтты баяғының билерінше қара қылды қақ жаратын майдангер атамыз үнемі елдің бірлігін ойлап, кетіскендерді бітістіріп, өкпелегендердің көкірегіндегі тіршіліктің шаң-тозаңын сілкіп, жуып-шайып, бөлінгенді біріктіріп, жарылғанды жарастырып жүруші еді. Бір ғажабы ауылдағы еңбектеген баладан, еңкейген кәріге дейін ақиқатын айтып тұрған майдангер атамыздың сөзіне бас иетін.

Тыңға түрен түспей тұрған шақта біздің өлке қойнауы құт, жері берекелі, қанаттас, қатарлас отырған өзге ауылдар тәрізді сан жылдар бойы арқау жібі үзілмей келе жатқан халқымыздың небір асыл қасиеттерін бойына сіңірген, сіңіріп қана қоймай, уақыт тезінде қажеттілігі белгілі болған, керегін өз бойына сіңіріп, одан әрі дамытып жатқан қордалы, қасиет дарыған орта болса керек-ті.

–Халық аталарың майданнан келген соң ел ісіне білек түріп кірісті, – дейді ел ағасы Сүлеймен Омаров, –ол кезде ел ішінде білімдіадам сирек. Бас көтерер азаматтардың көбі қан майданнан қайтпай қалды. Әлі есімде, Халық Петропавл қаласындағы ауыл шаруашылығының төменгі саласының басшыларын даярлайтын арнайы курсты аяқтап келген соң шағын ауылдың үлкен шаруашылық жүгін кәтепті қара нардай көтерді. Техниканың тапшы уақыты ғой, Қабдырәшит Қапаров, Балтабай Уәлиевтер ең алғашқы НАТИ тракторымен жұмыс істеді. Қуатты ДТ тракторы 1954 жылы келді. Бұл уақытта Халық Жапаров ауылда бригадир болатын. Әуелі Қарақамыс өз алдына колхоз болды. Ауыл тұрғындары мал дабақты, егін де екті. Кейін «Светлый» кеңшарының директоры Иван Васильевич Шупилоның тұсында бас зоотехник болды. Агроном, совхоздағы құс фабрикасының зоотехнигі қызметтерін атқарды. Былайша айтқанда, қай тұсты жетілдіріп, жұмысты ширату керек болса, оқ пен оттың ортасында шыңдалып келген Халық жүрді ғой. Ел ішіндегі жоқ-жітік, жетім-жесір болса, қамқорлығын аяған жері жоқ. Бәріне қорған болып жүретін. Осындай адамдардың өнегелі өмірі, туған елге деген перзенттік махаббаты кейінгі жастарға үлгі-өнеге болуы керек. Елім деп, жерім деп өткен азаматтардың бойындағы сүйіспеншілік елдің жадынан өшпегені жақсы.

Елім деп өткен ерлердің аяулы есімдері ұмытылмауға тиісті. Алдыңғы толқынның әдемі өнегесі жалпақ жұртты жақсылыққа бастайтын темірқазық тәрізді емес пе?!

Байқал БАЙӘДІЛОВ,
Әлем халықтары жазушылары одағының мүшесі.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар