Біз алғашқы шәкірттеріміз

Сонау жылы Моңғолиядағы Баян-Өлгий аймағының орталығы Өлгий қаласындағы орта мектепті төрт кластан 120-дан астам оқушы бітіріп, әр тарапқа жол тартқан едік.Содан бері 60 жыл өтіпті. Сондағы жолдастардың біразы бұл өмірде жоқ. Қалғанымыз бірнеше елде тұрамыз. Бұлар бойжеткен, не бозбала емес, сексенді алқымдаған ата-әжелер, немере, шөберенің қызығын қызықтап отырған жандар. Ара-тұра кездесе қалсақ, бірге оқыған ұл-қыздар, олардың қоғамдағы орны, еңбектегі жетістіктері туралы, дәріс берген ұстаздар жайлы ой толғап, олардың қайда, қандай жұмыстар атқарып жүргені туралы ұзақ сырласамыз.

Осы орайда, қоғам қайраткері, білім саласының үздігі, біздің класқа  жетекшілік еткен ұлағатты ұстаз туралы естелігіммен бөліссем деймін. Бұл– 1961 жылдың күзі еді. Біз 10 жылдық орта мектептің 8класында оқимыз. Оқу жылының бір ерекшелігі, өзіңмен бірге жеті жыл оқыған достарыңның кейбірі ауыл шаруашылығына жұмысқа барып, кейбірі техникумға оқуға кетіп, сәлде болса ортаның сирей қалған кезі. Бұл сиреуді өзге сұмындардан келетін оқушылар толтыратын еді және олардың тек білімге құштары ғана келетін. Сонымен, біздің класта 35 оқушы сабақ бастап, 10 класты 33 оқушы бітірдік. Үш жыл бойы класс жетекшіміз Қапшан Әбілханұлы болды. Біз ол мұғалімнің алғашқы шәкіртіміз.

Сол күзде ғана Алматы қаласынан Абай атындағы педагогикалық институтты физика-математика пәнінің мамандығы бойынша бітіріп келген беті. Біз алғашқы шәкіртіміз. Баян-Өлгий аймағының Делүн өлкесінің тумасы.1946-1951 жылдарыБұлғындағы Елты орталау мектебін, яғни, 7 жылдық мектепті бес жылда бітірген соң, 1951-1955 жылдары Өлгий қаласындағы 1-10 жылдық мектепті үздік бітіріп, Ұланбатыр қаласындағы Х.Чойбалсан атындағы 1-10 жылдық мектептің шет елде оқитын балаларды даярлайтын курсында бір жыл оқып, одан Алматы қаласындағы педагогикалық  институтты үздік бітіріп келген беті екен. Қапшан ортабойлыдан жоғары, үлкендеу дөңгелек көзді, бұйра шашты, қараторы азамат. Көп сөйлемейтін, көп күлмейтін, өзін бір қалыпты ұстайтын. Аса бір ренжігенде «өздерің біл» дейтін. Сабаққа жақсы дайындалатын, дайындығын миына сақтайтын, яғни, конспектісіне мүлде қарамайтын. Сабақ барысында қысқа мерзімдік бақылау жұмыстарын көптеп жаздыратын.

Әрбір оқушының қабілетін жіті бақылап, біліп отыратын, одан көмек қолын үзбей, бағыт-бағдар беріп, ілгері жылжыуына  жәрдем жасайтын. Сабақ барысында оқушылардың назарын өзіне аудару үшін қызықты әңгімелер айтып, кейде ғалымдардың өмірінен, кейде қазақ елінің даму тарихынан қысқа-қысқа мәлімет беріп отыратын. Адамның жүрегіне ой тастайтындай түйінді мәселелер қозғайтын.  Осы материалды дайындау барысында ұлы Нұрбек Қапшанұлының көмектескенін айта кеткен жөн болар.

Біздің класта әнші-биші Шұғайып, Күлиза қатарлы өнерлі оқушылар бар еді, сонда да театрдың маманданған әншілерін шақыртып, ән, би үйрететін, бұл қоғам мәдениетінен қалмасын деген ұстаздың арманы екен. Терең ойлы сұңғыла адам. Біз  орта мектеп бітіретін  жылдың яғни, 1964 жылдың көктемінен бастап түрлі маман иелерін шақырып, оқушыларға кездесу жасатты. Инженер Нұқнәби, экономист Сарқыт, аға мал дәрігері Шабдан, ұстаздар, аға дәрігер Уатхан, тағы басқа маман иелері кездесу өткізіп, еліміздің болашағы, қажетті мамандар жайлы әңгімелер өрбітіп еді.

Бұл  ұстаздың келешекте кім болуды дұрыс ескерсін деген асыл арманы болса керек. Онжылдықты бітірген жылы әртүрлі оқу орындарына сынақсыз қабылдайтын болып, біздің аймаққа осы мәселе бойынша Моңғолия университетінің математика факультетінің деканы Мекей мұғалім келген еді. Сол жылы Қапшан мұғалім мені Ұланбатырдағы педогогикалық институттың математика-физика факультетіне бөлдіріп жіберді, 4 жыл оқып, ұстаз болып, туған елде, ата-жұртта да жемісті еңбек етіп,  ширек ғасырдан астам уақыт мектеп басқару жұмысын атқардым. «Моңғолия халық ағарту ісінің үздігі» төсбелгісімен, жуырда Қазақстан Республикасының Оқу-ағарту министрі Ғ.Бейсенбаевтің қолы қойылған Алғыс хатпен марапатталдым.

Мұның бәрі менің сүйікті ұстазым, Қапшанның маған берген тәлімі, әрі жүктеген сенімі деп білемін,  бүгінде зейнеткермін. 10 жылдықты бітіргенімізгеде 60 жыл толыпты. Ұстазымның өз мамандығына берілгеніне керемет таң қаламын, көктемгі емтихан кезінде таңғы сағат 6-дан бұрын келіп, оқушыларды оятып, сабағын жаттатыратын. Шылым шеккендерді, өтірік айтқандарды жақтырмайтын. Сабақтан тыс сенбілік атты жұмыстар көп болатын, соның басы-қасында өзі жүретін, әрбір оқушының денсаулығы, қауіпсіздігі маған аса қымбат, мен сендер үшін жауап беремін деп отыратын. Көпшіліктің қамы үшін жаралған адам сияқты.

Байнордағы ұзындығы бірнеше шақырымнан асатын, тереңдігі екі метрге жуықтайтын арыққа, Табылтайдағы автожолға, тағы басқа көптеген жұмыстарға оқушылардың күш-көмегі тиген еді. Жексенбі күндері ара-тұра жатаққа келіп, кеңесіп, асық ойнап қайтатын, ұлттық ойын түрлерін сұрастырып отыратын еді, енді ойласам осы ұлттық ойын түрлерінен еңбек жазбақшы екен, жұмыстың көптігінен уақыты жетіспеген болуы керек. Сол жылдары 1, 2 және 3-класқа арналған математика оқулығын моңғол тілінен қазақ тіліне аударып, «Қызықты есептер» атты логикалық есептер кітабын жазып, оқушы қауымға ұсынған еді. Үнемі ізденісте жүретін, қолынан газет-журнал түспейтін, белгілеп жазып жүретін.

Ол кезде билік партияда, барлығы осы партияның атымен басқарылатын. Қапшандай іскер басшыны қалай көрмесін, 10 жылдық орта мектепте 1964-1969 жылдары оқу ісінің меңгерушісі, 1969-1977 жылдары сол мектептің директоры қатарлы жұмыстарды абыроймен атқарып, мектебін үздіктер қатарына қосқан еді. Одан 1977-1982 жылдары жұмысы көңіл көншітпей тұрған тұрмыс қажетін өтеу орталығына басшы етіп тағайындады. Бұл жерде де көптеген игі бастамалар көтерді. Мекеменің қызмет көлемін кеңейтті, материалдық-техникалық негізін нығайтты, жұмысшылардың білім деңгейін көтеріп, жұмыс қабілетін арттырды, ең бастысы, әрбір сұмында тұрмыс қажетін өтеу орны болу керек деген мәселені шешуге ат салысты.

Еңбегі нәтижелі болғандықтан, түйткілі көп Аймақтық сауда саласын басқаруға жіберді. Бұл – 1982-1991 жылдар аралығы. Әрине, істейді деп сеніп тапсырған соң  сол жұмысты істеу парыз. Басты мәселе даяшылық жұмысын жақсарту, халықты және мекемені қажетті заттармен үздіксіз қамтамасыз ету, импорт өнімдерінің түрін молайту, сауда-саттық, көпшілік тамақтандыру орындарының санын, сапасын арттыру сияқты жұмыстарды қолға алып, жемісті атқарып жүріп, 1991 жылы айықпас  науқастан өмірімен қоштасты. Әлі де бағындырар шыңы, асар асуы, тәрбиелеп баулитын жастары, атқаратын жұмыстары, жазатын еңбектері баршылық еді, уақыт аздық етті. Өкінішті. Қапшан мұғалім 1962 жылы мамандығы аға дәрігер Шарипа Ноғайқызымен отау құрып, артында ұлымен екі қызы қалды. Мұғалімнің еңбегі дер кезінде бағаланып, «Моңғолия халық ағарту ісінің үздік қызметкері», «Сауда саласының үздік қызметкері», «Жастарды аялап тәрбиелеуші» төсбелгілерімен, «Алтын Жұлдыз», «Еңбек Қызыл Ту» ордендерімен және мерекелік медальдармен марапатталып, МХРП-ның 18-съезіне, Моңғолия мұғалімдерінің 3-съезіне, жергілікті жердегі депутаттық қызметке сайланып, өз міндетін табысты атқарып жүрген, озық ойлы азаматтардың бірі еді. Кейінірек Ікей батыр атындағы 1-10 жылдық орта мектептен Қапшан Әбілханұлының атына математика кабинетін ашуға ұйғарым жасалыпты. Бұл жақсының аты, ғалымның хаты өлмейді дегенді білдіріп тұрғандай. Қазақ елі тәуелсіздік алысымен зайыбы және балалары ата-жұртқа оралып, Алматы қаласын мекен етіп, өз мамандықтары бойынша жемісті еңбек етуде.

Класс жетекшіміздің бізге берген тәлім-тәрбиесін, ұлағатты істерін мынандай өлең шумағымен түйіндеуді жөн көрдім.

Бүгінде жоқ, топта болған кешегі,
Табиғаттың заңы солай деседі.
Орден, медаль төккен терді айқындап,
Өзің жайлы жылы лебіз еседі.

Туған елде мәңгілікке қалдыңыз,
Алла қолдап жарық болсын алдыңыз.
Тәуелсіздік рухынан күш алып,
Ата-жұртқа көшіп жатыр халқыңыз.

                         Әдебиет БАЙДОЛДАҰЛЫ.

Майлан ауылы,

Ерейментау ауданы.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар