Ұрпақ тәрбиесі мен келешегі өз қолымызда

Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев өткен жылы Түркістан қаласында «Әділетті Қазақстан – Адал азамат» тақырыбымен өткен Ұлттық құрылтайдың екінші отырысында сөйлеген сөзінде «Қазіргі білім берудің басты міндеті – салауатты, мақсатты, саналы, рухани бай және адамгершілік тұлғаны тәрбиелеу» дей келіп, жас ұрпақты тәрбиелеудің маңыздылығын ерекше атап өткен болатын. Осы міндеттерді іске асыру үшін 2023 жылдың қыркүйегінен бастап облыстың барлық білім беру ұйымдарында Оқу-ағарту министрлігімен бекітілген «Біртұтас тәрбие» бағдарламасын іске асыру басталды.

Бірыңғай тәрбие бағдарламасының міндеті балалардың санасына жалпыұлттық құндылықтарды, патриотизмді, еңбекқорлық пен жауапкершілікті сіңіру болып табылады. Бүгінгі таңда Ақмола облысының білім беру ұйымдарында мектепке дейінгі ұйымдардан бастап «Бірыңғай тәрбие» бағдарламасын іске асыру жөніндегі кешенді жоспар іске асырылуда. Онда әр ай бөлінісінде сабақтардың, сынып сағаттарының, конкурстар мен іс-шаралардың бағыттары мен тақырыптары көрсетілген. Тәрбие жұмысымен барлық санаттар мен жас ерекшеліктері қамтылған. Нақтыласақ, мектепке дейінгі білім беру ұйымдарының балалары, оқушылар мен студенттер. Осы мәселенің егжей-тегжейіне тоқталып, өскелең ұрпақтың  тәрбие тақырыбы кеңінен талқыланған жиын өңірлік коммуникациялар қызметінің ақпарат алаңында болып өтті.

Брифингке Ақмола облыстықмәдениет басқармасының басшысы Айгүл Сәбитова, облыстық білім басқармасы басшысының орынбасары Ботагөз Дүйсенова,  облыстық полиция департаментінің есірткі қылмысына қарсы іс-қимыл басқармасы бастығының орынбасары, полиция подполковнигі Құрманғожа Құсайынов, облыстық дене шынықтыру және спорт басқармасы басшысының міндетін атқарушы Қуаныш Қарауылов  қатысып,  өңіріміздегі өскелең ұрпақтың бойында адами абзал қасиеттерді, ұлттық құндылыққа негізделген тәрбиені қалыптастыру мақсатында атқарылып жатқан жұмыстарды ортаға салды. Айгүл Сәбитованың айтуынша,  облысымызда 17 балалар кітапханасы бар екен, онда барлығы 83 мыңнан астам оқушы бала тіркелген. Сондай-ақ, өңірімізде орналасқан кітапханаларда балаларға арналып заманауи жабдықталған арнайы коворкинг орталықтары бар. Жалпы облыста балаларға арналған кітап қоры 300 мыңнан астам.

– Ағымдағы жылдың 1 қаңтарынан облысымыздағы  кітапханалар ұжымдары оқушы балаларға арнап бір мыңнан астам мәдени-іс шара ұйымдастырған. Бұл іс-шараларға 105 мыңнан астам оқушы бала қатысқан. Жазғы демалыс кезінде де «Ашық аспан астындағы кітапхана» жұмыс істейді. Сонымен қатар, Ақмола облысындағы мәдениет мекемелері жанында оқушыларға арналған 1088 балалар үйірмесі бар. Оған 13865 оқушы қатысады.  Олардың бір мыңға жуығы елді мекендерде орналасқан болса, 10 мыңнан астам ауыл балалары осы үйірмелерге қатысып жүр, – дейді басқарма басшысы.  Сондай-ақ, баяндамада осы үйрімелерге қатысып жүрген дарынды жеткіншектердің өнер өлкесінде алып жүрген жүлделері мен жеңістері де ортаға салынды. Алдағы уақытта осындай мәдениет ошағы жанында ашылған тағылымы мол үйірмелерден әлі талай ел намысын асқақтататын болашақ дарын иелері қанаттанатын болады. Ылайым соған жазсын делік!

Брифинг барысында сөз алған облыстық білім басқармасының орынбасары Ботагөз Дүйсенова.

– Қазіргі білім берудің басты міндеті – саналы, рухани бай және адамгершілігі жоғары тұлғаны тәрбиелеу. 2023 жылғы қыркүйектен бастап облыстың барлық білім беру ұйымдарында «Біртұтас тәрбие» ведомстволық министрлік бекіткен тәрбие бағдарламасын іске асыру басталды. Облыстық білім беру ұйымдарында «Тоғыз айға – тоғыз іс-шара» бағдарламасы және «Төрт тоқсан – төрт өнер» ұлттық мәдени-ағарту жобасы іске асырылуда, аталған жұмыс бағыттары балаларға көпмәдениетті тәрбие беруді дамытуда. Оқу жылының басынан бері барлық білім беру ұйымдарында 200 мыңға жуық балалар мен жастарды қамтитын 50 мыңға жуық іс-шара өткізілді.Кәмелетке толмағандар арасында жасөспірімдер қылмысының өсуіне жол бермеу мақсатында профилактика жүйесі органдарының, үкіметтік емес ұйымдар мен бұқаралық ақпарат құралдарының кешенді бірлескен жұмысы жүргізіледі. Оқушының, студенттің құқық бұзушылықтарының әрбір фактісі білім беру ұйымының алдын алу кеңесінде қаралады. Профилактикалық кеңес 567 білім беру мекемесінде құрылған. Алдын алу кеңестерінің отырыстарына ата-аналар қауымдастығы, психологтар, кәмелетке толмағандардың істері жөніндегі өңірлік инспекторлар, медицина қызметкерлері тартылады. Есепте тұрған 340 балаға сынып жетекшілері бекітіліп, педагогтар, беделді тұлғалар және спортшылар қатарынан мінез-құлық және оқыту мәселелерін шешуде тәлімгерлік ұйымдастырылды. Отбасылық қолайсыздықтың алдын алу бойынша жұмыстар жүргізілуде. Қалалар мен аудандардың білім бөлімдерінің қорғаншылық және қамқоршылық органдары полиция органдарымен бірлесіп, тәрбиесінде мектептер мен полицияның профилактикалық есебінде тұрған 864 кәмелетке толмаған бала бар 635 отбасын тексеру бойынша рейдтер жүргізді. Кәмелетке толмағандардың тұрғын үй-тұрмыстық жағдайлары тексерілді, ата-аналардың ата-аналық құқықтары мен міндеттерін түсіндіру бойынша, оларды жүзеге асыру кезінде ата-аналар балалардың физикалық және психикалық денсаулығына, олардың адамгершілік дамуына зиян келтіруге құқығы жоқ екені туралы профилактикалық әңгімелер жүргізілді. 1,2 мыңнан астам педагог балаларды зорлық-зомбылықтан қорғау, суицидтің алдын алу және олардың құқықтарын қамтамасыз ету мәселелері бойынша біліктілікті арттыру курстарымен қамтылды, – деді.

Рас, қазіргі таңда қауіп кімнен және қай жерден туып қалатыны белгісіз. Бәлкім, мұның барлығына әлеуметтік желіге тәуелділік кінәлі ме екен, кім білсін. Бірақ, келешек кепілі – бала екендігі даусыз. Сол себепті де басты назар – бала  тәрбиесінде болуы керек екендігі анық.  Мұндайда «сақтансаң, сақтайды» деген қағидатқа жүгінген де артық болмайды. Жалпы,облысымыздағы білім беру ұйымдарында балалардың құқықтары мен мүдделерін сақтау мәселелері бойынша жедел жүгіну үшін QR-коды бар «Bala Qorgau» телеграмм-чаты, «111» бірыңғай мемлекеттік байланыс орталығы туралы ақпарат орналастырылған. Сондай-ақ, аудандар мен қалалардың білім бөлімдері жанынан 20 сенім телефоны, білім басқармасы жанындағы сенім телефоны (90-31-52), колл-орталық (72-29-03), балалар мен ата-аналарға арналған «Территория помощи» облыстық телеграмм-чатының жұмысы ұйымдастырылған екен. 2023 жылы және ағымдағы жылғы өткен кезеңде 173 адам өтініш білдірді. Аталған өтініштер назардан тыс қалмай, барлығы кезең-кезеңімен шешімін тапты. Басқарма басшысының айтуынша, Ақмола облысының прокуратурасымен бірлесіп, бірнеше жоба қолға алынған. Кәмелетке толмағандар үшін қауіпсіз қолайлы жағдайлар жасау мақсатында 493 мемлекеттік жалпы білім беретін мектептер мен 29 колледждерде психологиялық қызметтер құрылып, білім басқармасының әдістемелік орталығында облыстың барлық психологиялық қызметінің жұмысына жетекшілік ететін арнайы бөлім жұмыс істейтіндігі де айтылды.

– Оқу жылының басынан бастап облыстың барлық білім беру ұйымдарында бекітілген кесте бойынша оқушылармен және ата-аналармен 139 мың оқушы мен 46 мың ата-ананы қамтитын кездесулер, дәрістер, дөңгелек үстел түрінде 1500-ден астам профилактикалық іс-шаралар өткізілді. 334 оқу орнында 3062 адамды қамтитын «Жас қозғалыс инспекторлары» жасақтары құрылды, олар мектепке балалардың жол-көлік оқиғаларының алдын алу бойынша жұмысты ұйымдастыруға көмектеседі, өз мектебінің оқушылары арасында жол қозғалысы ережелерін насихаттайды. Ағымдағы оқу жылының жаңа бағыты – ата-аналарды педагогикалық қолдау орталықтары мен «Даналық мектебі» клубтарын іске асыру. Қазіргі уақытта мұндай жұмыс түрі әр мектепте 63 мыңға жуық ата-ананың қатысуымен жүргізіледі.  Жұмыс директорлардың тәрбие ісі жөніндегі орынбасарларын педагог-психологтармен, әлеуметтік педагогтармен және сынып жетекшілерімен бірлесіп, үйлестіру кезінде жүргізіледі. Ағымдағы жылғы 29 наурызда Ж.Мусин атындағы Көкшетау жоғары қазақ педагогикалық колледжінің базасында облыстық ата-аналар жиналысы өтті, оның барысында балаларды тәрбиелеудің өзекті мәселелері қаралды. Мұндай кең профилактикалық жұмыстың нәтижесі ретінде кәмелетке толмаған балалар арасындағы құқық бұзушылық көрсеткіштерінің өткен жылмен салыстырғанда 30 пайызға төмендегенін атап өткім келеді, – деді Ботагөз Балапайқызы.

Сондай-ақ, брифинг барысында  мемлекет тарапынан балалардың демалуы мен сауығуы, балалар мен жасөспірімдердің таланттары мен қабілеттерін дамытуға бағытталған жобалар туралы кеңінен баяндалды.

Бүгінгі күні 51 қосымша білім беру ұйымында 21627 бала осындай білім алуда. Сонымен қатар, 531 мектепте 7640 үйірме жұмыс істейді, баланың үйірмелердің бірнеше түріне қатысуға құқығы бар екені ескеріле отырып, үйірмелер барлығы 103962 баланы қамтиды. Сондай-ақ, облыста 9305 орынға арналған мемлекеттік білім беру тапсырысы орналастырылған 51 ұйым табысты жұмыс істеуде.

Жиын барысында талқыланған тағы бір өзекті тақырыпты  облыстық полиция департаментінің есірткі қылмысына қарсы іс-қимыл басқармасы бастығының орынбасары, полиция подполковнигі Құрманғожа Құсайынов ортаға салды. Ол:

– Бүгінгі таңда маңызды әлеуметтік проблемалардың бірі – жас ұрпақ арасында, сондай-ақ, кәмелетке толмағандарды есірткі, оның ішінде синтетикалық есірткіні сату орбитасына тарту болып табылады.Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша Ішкі істер министрлігі Қазақстан Республикасында нашақорлыққа және есірткі бизнесіне қарсы күрестің 2023-2025 жылдарға арналған Кешенді жоспарын әзірледі. Онда нашақорлық пен есірткі қылмысының алдын алу жүйесін жетілдіруге бағытталған жеке блок бөлінген. Кешенді жоспарды іске асыру шеңберінде облыстық полиция департаменті мүдделі мемлекеттік органдармен және үкіметтік емес ұйымдармен өзара іс-қимыл жасай отырып, жасөспірімдер мен жастарда есірткіге қарсы иммунитетті қалыптастырудың түрлі құралдарын, атап айтқанда,дәрістер, әңгімелер, конкурстар, спорттық-бұқаралық және ойын-сауық іс-шараларын қолдана отырып, нашақорлықтың алдын алу бойынша белсенді жұмыс жүргізуде. Мәселен, ағымдағы жылдыңөзінде 257 түсіндіру іс-шаралары өткізілді, оның ішінде196 дәріс, 6 акция және рейдтік іс-шаралар бар. Жекелеген профилактикалық кездесулер өткізілетін оқу орындарының жатақханаларында тұратын студенттер де назардан тыс қалмайды. Ағымдағы жылдың ақпан айында ювеналды полиция қызметкерлерімен бірлесіп, 400 студентпен профилактикалық әңгімелесу өткізді. Сонымен қатар, бірқатар колледждердің жатақханаларында қызметтік-іздестіру иттерін қолдана отырып, рейдтік іс-шаралар өткізілді, – дей келіп, өз сөзінде атқарылып жатқан ауқымды істерге тоқталып өтті.

Жалпы, бала тәрбиесінде спорттың орны ерекше екендігі сөзсіз. Бұл мәселеге облыстық дене шынықтыру және спорт басқармасы басшысының міндетін атқарушы Қуаныш Қарауылов тоқталып, осы бағыттағы жүйелі жұмыстарды тізбектеп баяндап берді.

– Облыста 29 спорт мектебі жұмыс істейді. Олардың 4-еуі олимпиадалық резерв мәртебесіне ие. Бұл мектептерде барлығы 19783 оқушы жаттығады. Спорттық резервті даярлаумен қатар, мемлекеттік спорттық тапсырыс та дамуда, оған 2024 жылы облыстық бюджеттен 1911,6 миллион теңге бөлінді. Бірінші тоқсанда спорт мектептерінде 183 спорттық іс-шара өткізілді, қатысушылардың жалпы саны 5 201 адамды құрады.Сондай-ақ, спорт мектептері жоспар аясында Ашық есік күндерін, әңгімелесулер, экскурсиялар, атаулы күндерге арналған іс-шаралар өткізеді, – дей келіп, ол сондай-ақ, ақмолалық оқушы балалардың жетістіктеріне тоқталып өтті.

Брифингтен түйгеніміз ұлт болашағы –  алдымен тәрбиелі ұл-қыздың қолында. Олардың жан-жақты дамуы үшін біздің облыста тиісті жағдай қарастырылғаны анық аңғарылды. Кез-келген ата-ана өз баласының білімде де,  өнер саласында да, спортта да биіктен көрініп, жаман қылықтан ада болғанын қалайды. Бізді әсіресе, қуантқаны ауыл балаларының  қосымша біліммен қамтылып, олардың жан-жақты дамуына жете көңіл бөлінген екен. Үкімет тарапынан берілген мүмкіндікті дұрыс пайдаланып, ұлт болашағы жолында білім мекемелері мен  ата-аналар біртұтас қоғам болып ұйысып, осынау бір мақсат, бір мүдде жолында аянып қалмайық.

Ұлмекен ТЫНЫШТЫҚҚЫЗЫ,
«Арқа ажарының» өз тілшісі.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар