Тағдыры қиын поляк балаларына қол ұшын береміз

Ақмола облысындағы біздің поляктар бірлестігінің негізгі мақсаты ұлтаралық қарым-қатынасты нығайту, жастарды өзге этностардың мәдениетіне құрметпен қарауға тәрбиелеу, қазақстандық патриотизмді насихаттау болып табылады.

Бірлестік жұмыс істеп келе жатқан 25 жылда ұйым мүшелігіне поляктармен қатар, поляк мәдениетіне ынтық өзге этностардың өкілдері де қабылдануда. Олар поляк халқының тілі мен мәдениетінің, салт-дәстүрінің жаңғыруына өз үлестерін қосып келеді. Сонымен қатар, біз мемлекеттік тілдің қолдану аясын кеңейтуге бағытталған іс-шаралардан, мемлекеттік мерекелерді атап өтуден де қалыс қалмаймыз.

Осы уақытқа дейін Ақмола және Солтүстік Қазақстан облыстарында Поляк мәдениетінің күндерін ұйымдастырып, Қазақстан мен Польша мемлекеттерінің Үкіметтері өткізетін түрлі шараларға бір кісідей қатысып келдік.

Әу бастан-ақ өз қызметімізді Қазақстан халқы Ассамблеясының мақсат-міндеттері шеңберінде жүзеге асырамыз. Бүгінде ұйым мен Ассамблея арасында тығыз байланыс орнаған. Құрылған кезеңнен бастап поляк бірлестігі қазақстандықтардың қоғамдық-саяси өміріне белсенді араласып кетті. Осы ретте, Ақмола облысының аумағында Қазақстандағы барлық поляктардың төрттен бір бөлігі тұратынын айтқым келеді.

Бірлестік белсенділері облыс және қала тұрғындарымен көптеген ауқымды іс-шаралар өткізеді. Олар – кездесулер, консультациялар, құжаттарды рәсімдеу, аудармалар жасау, көрме, конференциялар секілді іс-шаралар. Қазақстан халқы Ақмола ассамблеясы жанындағы Аналар кеңесінің мүшесі Татьяна Мухарская балалармен жұмыс жүргізіп, жас ұрпақты тәрбиелеуге үлкен үлес қосуда.

Өзім бұл бірлестікке былтырдан бері жетекшілік етіп келемін. Қазіргі таңда ұйымымыз Қазақстан Республикасында ата-ана қамқорлығынсыз қалған поляк балаларына қол ұшын беру жобасымен айналысуда. Статистикалық мәліметтерге сүйенсек, елімізде 138 мекемеде 5 мыңнан астам жетім және ата-ана қамқорлығынсыз қалған балалар тұрады. Осы балалардың 80 пайызы әлеуметтік жетімдер санатына жатқызылған, яғни, әке-шешелері олардан бас тартқан немесе әке-шешелері ата-ана құқығынан айырылған.

Бүгінгі таңда әлеуметтік жетімдік әлем бойынша күрделі мәселеге айналып барады. Осы мәселеге үн қосу біздің де парызымыз деп білеміз. Аталған жоба аясында балалар үйіндегі поляк балаларына қолдау көрсетіп, оларды отбасыларына орналастыруға көмектессек дейміз. Ертеңгі күні бұл балалар да егемен еліміздің бір мүшесіне айналары сөзсіз. Сондықтан, олардың бүгіннен отансүйгіш азамат болып өсуіне, жастайынан бойларына адамгершілік қасиеттерді сіңіруге қадам жасап жатқан жайымыз бар.

Наталья НАГАЧЕВСКАЯ,
«Ақмола облысының поляктар бірлестігі» қоғамдық бірлестігінің төрайымы.

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар