Notice: Function _load_textdomain_just_in_time was called incorrectly. Translation loading for the wp-latest-posts domain was triggered too early. This is usually an indicator for some code in the plugin or theme running too early. Translations should be loaded at the init action or later. Please see Debugging in WordPress for more information. (This message was added in version 6.7.0.) in /var/www/vhosts/arka-azhary.kz/httpdocs/wp-includes/functions.php on line 6114
Ойлы да асқақ жырлар орбитасы - АРҚА АЖАРЫ

Ойлы да асқақ жырлар орбитасы

немесе олжалы ой олимпіндегі оғылан

Дала қандай!
Даладағы ат қандай!
Нөсер шөпке белшесінен батқандай,
Құйғытсам бір,
Дала,
Қала болады-ау,
Көз алдымда аунап бара жатқандай.
От тигендей,
Асау қанға, етіңе,
Арғымағым,
Шығып желдің өтіне,
Шабуылдап,
Құрыш-болат тұяқпен,
Пергілеші
Жалтақ жолдың бетіне!
Бұлай сөйлей алу тек Олжас Сүлейменов ақынның ғана қолынан келетіндей дерсің. Осыдан жарты ғасыр бұрын поэзия әлемін жаңғырта келген өр дарынды өршіл ақын қазақтың қаны басқа тепкен тегеурінді де текті қалпымен өзіне орыс тілді қаламдастарын жалт қаратқан еді.
Бірақ, күнде даңқты ақын атану екінің бірінің маңдайына жазбаған. Юрий Гагариннің әлемді таңдандырған қаһармандық ерлігін «Адамға табын, жер, енді!» поэмасымен әспеттеген Олжас келесі күні-ақ зау биікке самғап шыққан қырандай шығанға көтеріліп кеткен болатын. Эфир қуалай саңқылдаған ақын үні әлемді шарлап кетті. Мәскеу қазақ ақынының дабылдатқан, жалындатқан қуатты үніне құлақ түріп, құрметшіл көңілмен қол соқты. Орыс тілді Олжас ақын абыройы Гагаринмен деңгейлес даңққа бөленіп, ұлт мақтанышына айналды.
Жоқ Шығыс,
Жоқ Батыс та,
Жыр-Отаным!
Бар кешің,
Бар әдемі бұла таңың.
Жоқ Шығыс,
Жоқ Батыс та,
Кәдуілгі
Егіздей екі ұлы бар ұлы атаның, –
деп тебіренген Олжас:
О, Адам!
Құдіретті нар-тынысың,
Жеңдің сен Жердің сұмдық тартылысын.
Осылай жеңсең тірлік тауқыметін
Есінен шығармайды ел,
бар туысың, – деп төгіле жырлады.
Гагариндей қыранды ғарышқа самғатқан Бату да, Наполеон да емес, ғалымдар Эйнштейн, Циалковскийлердің даналығы, халық қаһармандығы деген Олжас жердің тартылыс күшін бұзып-жарып ғарыш кеңістігіне көтерілген Адамзат ерлігін ардақ тұтты. Оның бір-ақ түнде-ақ қағаз бетіне төгіліп түскен толғау-дастаны ерлік шежіресіндей, батырлық пен батылдықтың белгі-бедеріндей әсерге бөлегені ақиқат еді кезінде. Асқақ үнді ақын енді бірде нәзік лиризмге бой ұрады.
Тозған қайық,
озған катер қайда да,
бұғазға кір,
толқын,
құмды майдала!
Сағадидің ыстық алақаны боп,
Арулардың ақ төсін
Аймала! – деп те жырлайды.
Содан бері де Олжас Сүлейменов ондаған жыр кітаптарының авторы атанды. Бірінен бірі өткен өр дауысты өміршең өлеңдері ақын ойының оралымдылығын, динамикалық қимыл-харекетке толы тегеурінді мінезге бай қалпымен қуанта білді.
Орыс ғалымдарының арасында арылмас дау-дамайға себеп болған «Әліп және Мен» («АзиЯ») зерттеу кітабы қалыптасып қалған далалықтар туралы теріс түсініктің тас-талқанын шығарды. Орыс әдебиеті мен мәдениетінің басы болып есептеліп келген «Игорь полкы туралы жыр» кітабының қыпшақ жұртымен еншілестігін ежіктей талдап берді. Ондағы он сан сөздер мен орыс жұрты еншілеп келген ұғым, түсініктердің түп төркіні түркілік деген бекем байлам жасады. Ұлы князьдерінің қыпшақ даласымен кіндіктес, туыстас екендігін бұлтақ бұрмалаусыз мойындатып берді. Өзінен басқа ұлы ұлт жоқ, көшпенділермен үш қайнатсаң сорпамыз қосылмайды деп келген менменшіл ұғымның ішкі тіні сетінеп, сөгіліп сала берді.
Бұл, сөз жоқ, Олжастың орасан зор асқақ ерлігі, азаматтық тұлғасын жаңа сатыға көтерген керемет сұңғатты сәті болды. «Мың бір сөз», «Жазу тілі» атты көлемді де кесек еңбектері Олжас Сүлейменовті лингвистік ілімде ілкі озық шыққан зерделі зерттеуші ретінде танытты.
Оның қоғамдық ортадағы қайраткерлігі Семейдегі атом бомбасын сынап келген аждаһа полигонды жабумен тығыз байланысты. Ірі де іргелі қозғалыстың басында тұрған Олжас Омарұлы өзінің табанды күрескерлік қуат күшін танытты. Полигонның ұзақ жылдар үнсіз қалып, ақыры көмейіне құм құйылуы арғымақ тектес арынды ақынның ерен еңбегі деп бөле-жара айтуға хақылымыз.
Арғымақ тектес арынды ақын да уақыт алдында дәрменсіз екен. Ол да уақыт құдіретіне бас иеді десек, Олжас Омарұлы да биыл мамырдың 18-інде 85 жастың жалына қол артып отыр. Поэтика үшін қас қағым дерлік уақыт кезеңінде Олжас салған олжа аз емес. Сондықтан да, қазақ поэзиясында бір шоғыр орыс тілді қазақ ақындарының көш басында тұрған ақын азаматқа алда да арынды да қарымды самғаулар тілейміз.
Жазар көбейсін, Олжас аға!

Аян Қажыбай,
Ш.Уәлиханов атындағы Көкшетау университетінің аға оқытушысы,
филология ғылымдарының кандидаты.

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар