Талантты шәкіртіме сәт сапар тілеймін

Менің оқушым Қазбекова Гүлсана Көкшетау қаласындағы М.Ғабдуллин атындағы №3 мамандандырылған гимназиясының 2020-2021 жылғы түлегі, «Алтын белгі» үміткері, жан- жақты шығармашыл жасөспірім. Гүлсана жастайынан өнерге жақын болды. Ол сурет салу, би билеу, домбырада ойнауды жақсы көрді. Спортпен де шұғылданды.

4 сыныпта мектеп арасында өткен өнерпаздар байқауында домбыра оркестрінің құрамында өнер көрсетіп, жүлделі орынға ие болды. Жасөспірімдер арасындағы «Ушу Таолу» шығыс спорт түрінен Қазақстан Республикасының үш дүркін чемпионы. Қазіргі уақытта «Yolo» атты заманауи би тобында өнер көрсетеді.
Бірақ, суретке деген құмарлығы өнердің басқа түрлеріне қарағанда басым болды. Керемет сурет әлемін Гүлсана өзі үшін мектептің бастауыш буынынан және Көкшетау қаласының «Балалар шығармашылық үйінен» тани бастады.

«Шебер қолдар», «Витраж» студияларына қатысты. Ең бірінші марапатын 2013 жылы «шығармашылық табысқа» ие болғаны үшін «Шебер қолдар» студиясы табыстады. Сол жылы мектепте өткен «Талаптыға нұр жауар» атты қолөнер көрмесінде 3 орынға ие болды.

Мектептің орта буынында «Бейнелеу өнері» пәні ең сүйікті сабақтарының бірі болды. Мектепішілік байқауларға, көрмелерге өзінің туындыларымен белсене қатысты. Жыл сайын өтетін «Алтын күз» байқауында «Күзгі ару» номинациясында жеңімпаз болды, себебі композицияны өзі құрастырып, костюмдер мен күзгі букетті әртүрлі материалдарды қолданып жасады. «Наурыз» мейрамында ұлттық нақыштағы бұйымдар мен ши тоқу техникасымен жасалған композицияларды көрмелерге қоятын. Осындай мектепішілік іс-шараларда өзінің сыныбын алдыңғы қатарға шығару үшін үлкен үлес қосты.

Өнерге деген қызығушылығының арқасында Көкшетау қаласының «Балалар көркемсурет мектебіне» 2016 жылы түсіп, 2020 жылы үздік аяқтады. Дипломдық жұмысы «Шексіз мейірімділік» деп аталды. Салт-дәстүрлерімізді ұстану белгісі ретінде қазақ ұлттық ою-өрнектерді бейнеледі. Өз суретінде табиғатпен адамның арасындағы байланысын, табиғатты түсіне білуі, оған жанашыр болуы, шексіз мейірімін көрсетуі керек екендігін суретпен жеткізді. Осы өзекті тақырыпты өзінің жұмысында жалғастыра отырып, 2021 жылы «Мейірімдік жасауға асығыңыз» республикалық балалар суреті байқауының облыстық іріктеу кезеңінде 14 және 17 жастағы қатысушылар арасында 1-ші орынға ие болды.

2018 жылы АҚШ-та өткен халықаралық «Festival of Owls Art Contest» «Жапалақтар фестивалі» атты конкурсына қатысып, сертификатқа ие болды.
2020 жылы «Сурет» номинациясында «Алтын күз» атты конкурсында 1 орынға, 2021 жылы бейнелеу өнерінен XXI қалалық олимпиадада «Командалық» конкурсында 3 орынға, 2021 жылы бейнелеу өнерінен XXI қалалық олимпиадада «Композиция» конкурсында 2 орынға ие болды.
Гүлсана тәртіпті, еңбекқор, жауапкершілігі мол оқушы. Әр нәрсеге шыдамдылық таныта біледі.

Қоршаған орта туралы түсінігі терең, айналасындағы адамдармен тіл табыса алады, сыныптағы балалармен қарым-қатынасы жақсы, кішіпейіл.
Гүлсана алдағы уақытта өзінің шығармашылық ойларын архитектура саласымен байланыстырғысы келеді.
Мен осындай керемет оқушымды мақтан тұтамын және шығармашылық жұмысына сәттілік тілеймін!

Күләш МЕШІТБАЕВА,
М.Ғабдуллин атындағы №3 мамандандырылған гимназиясының көркем еңбек, сызу пәнінің мұғалімі.

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар