Ел тәуелсіздігінің 30 жылдығына орай, Ақмола облыстық ішкі саясат басқармасы ұйымдастырған баспасөз турының барысында Ақкөл, Целиноград және Ерейментау аудандарында ел игілігі үшін атқарылып жатқан жарқын істердің барысымен танысып, жақсы жайларға қаныққан журналистер қауымы облысымызда Мемлекет басшысы алға қойған міндеттерді жүзеге асыру жолында көп жұмыстардың қолға алынғанына анық көз жеткізіп оралды.
Алдымен, «Ақкөл-Горкомхоз» коммуналдық кәсіпорнына қарасты жаңадан салынған «Восточный» бу қазандығының жұмысына назар аудардық. Кәсіпорын директорының міндетін атқарушы Мұратбек Әлімбаевтың айтуынша, жаңа салынған бу қазандығына Щучинск қаласының зауытында жасалған «КВТС-3,5» маркалы 4 қазандық орнатылған екен. 22 көп қабатты тұрғын үй, 535 абонент және бірқатар әлеуметтік нысандар осы бу қазандығы арқылы жылытылыпты. Сондай-ақ, бұл бу қазандығының қуаты жаңа салынатын көп қабатты үйлерді де жылытуға қауқарлы. Мұнда 19 адам жұмыс істейді. Жұмыстың барлығы автоматтандырылған. Осының арқасында қаладағы бу қазандықтарының саны қысқартылыпты.
Кеңес ауылдық округіне қарасты Домбыралы ауылында тауарлы-сүт фермасының құрылысы жүргізілуде. «Ақкөл АГРО» серіктестігінің бас директоры Мәди Есқараев өз сөзінде 300 бас сауынды сиырға арналған нысан биылғы жылдың төртінші тоқсанында іске қосылатынын айтып берді.
–Бурабай ауданындағы жеке кәсіпкер Әбдірахмановтан 40 бас симментал тұқымды ірі қара сатып алдық. Қазір Германиядан асыл тұқымды сауынды сиыр мен қондырғылар әкелу жұмысы жүргізілуде. Мемлекет бізді субсидия және жеңілдетілген салық арқылы қолдауда. Ферма іске қосылғанда жылына 500 тонна табиғи сүт өндіріп, Нұр-Сұлтан, Көкшетау, Павлодар қалаларының сүт зауыттарына өткізетін боламыз. Бүгінгі күні 20 жұмыс орнын аштық,–деді бас директор.
Домбыралы ауылында дәрігерлік амбулаториясы 5 елді мекенде тұратын 1576 адамға қызмет көрсетеді. Жедел жәрдем көлігі келісім бойынша жалға алынады. Амбулатория қажетті бөлмелермен, құрал-жабдықтармен, дәрі-дәрмекпен толық жабдықталған. Ауылда 40 адам коронавирусқа қарсы екпе алғанын айтады аға дәрігер Тілектес Айтымов.
Бұдан әрі баспасөз туры Целиноград ауданында жалғасын тауып, «Сивка-Бурка» шаруа қожалығына келдік. Қожалық 2015 жылдан бастап жұмыс істеп келеді екен. 2016 жылы «Құлан» бағдарламасы аясында несие алып, бірнеше жылқы сатып алыпты. Қожалық басшысы Игілік Талкенов кейін «Сыбаға» бағдарламасы арқылы 138 бас сауын сиыр, герефорд тұқымдас 6 бұқа сатып алғанын, бүгінгі күні малдың басы 400 басқа жеткенін баяндайды.
–Жергілікті малды асылдандырып жатырмыз. Былтыр қасапхана салдық. Келешекте ет өңдеу жұмысын қолға аламыз. Келесі жылы азықтық дақылдар да еге бастаймыз. Жерді өзге ауданнан алдық. Малдың басын бір мыңға дейін жеткізуді жоспарлап отырмыз. Мемлекет субсидия арқылы көмектесуде,–деді ол. Бұдан кейін өзіміз болған «Зерек бала» интеллектуалдық дамыту орталығының директоры Ақбота Санжарова:
–Бүгінгі таңда орталығымызда 72 бала оқиды. Олар әртүрлі пәндер бо-йынша терең білім алады. Бізде ағылшын пәнінен шетелдің азаматы дәріс береді. Карантин кезінде онлайн режимінде жұмыс істедік,–деп орталық жұмысы туралы мән-жайға қанықтырды директор. Одан әрі денешынықтыру сауықтыру кешені құрылысының барысымен таныстық. «Мейір-М» компаниясы кұрылыс участогының басшысы Сағынтай Кенжетаев өз сөзінде спорт нысаны «Ауыл – ел бесігі» мемлекеттік бағдарламасы аясында салынып жатқанын, оның құрылысы 840 миллион теңгеге бағаланғанын айтты.
–Құрылыстың материалдары Новосибирск қаласынан әкелінді. Бүгінгі күні сыртқы жұмыс аяқталып келеді. Ішкі әрлеу, абаттандыру және инженерлік жұмыстар жүріп жатыр. Қазір құрылыста 70 адам жұмыс істейді. Спорт кешенінде бассейн, екі жаттығу залы, спорт залы, дәмхана орналасқан. Нысан биылғы жылдың үшінші тоқсанның аяғында пайдалануға беріліп, 40 жаңа жұмыс орны ашылады,–деді учаске басшысы.
Бұдан соң Рақымжан Қошқарбаев атындағы №1 Қосшы орта мектебінде болып, бөлмелерін аралап көрдік. Білім шаңырағының ғимараты 1964 жылы салынған екен. Өткен жылы мұнда «Жұмыспен қамтудың жол картасы-2020» бағдарламасы аясында облыстық бюджеттен 265 157,0 мың теңге бөлініп, күрделі жөндеу жұмысы жүргізіліпті. Аралас мектепте 436 оқушы білім алады. Ол үшін барлық жағдай жасалған екен. Мәселен, білім ошағында физика, химия, биология, екі ЛМК кабинеттері және 425 компьютер бар.
Сондай-ақ, Қосшы кентінде «Жұмыспен қамтудың жол картасы-2020» бағдарламасы аясында емхананың құрылысын «Ария-Жаңа Астана» серіктестігі жүргізіп жатыр. 2019 жылдың 3 тоқсанында басталған сақалды құрылыс 2021 жылдың 2 тоқсанында аяқталмақшы. Сапарымыздың екінші күні Ерейментау ауданында болып, бірқатар әлеуметтік-экономикалық нысандарын аралап көрдік.
Алдымен, Ерейментау қаласындағы екі 45 пәтерлік жалға берілетін коммуналдық тұрғын үй құрылысының басында болдық. Аудандық құрылыс бөлімінің басшысы Хамит Дәулет өз сөзінде «Нұрлы жер» бағдарламасы бойынша үш үйдің құрылысы жүргізіліп жатқанын айтты. –Биылғы жылы құрылысы аяқталатын несиелік тұрғын үй кезекте тұрған отбасыларға беріледі. Екінші тұрғын үйдің құрылысы өткен жылы басталған. Биылғы жылдың шілдесінде пайдалануға беріледі. Сондай-ақ, 60 пәтерлік жалға берілетін тұрғын үйдің құрылысы басталды. 2025 жылға дейін 17 көп қабатты тұрғын үйдің құрылысы жоспарланып отыр. Өйткені, ауданда 700-ден астам адам пәтер кезегінде тұр,–деді бөлім басшысы. «Достар» көпсалалы компаниясы» серіктестігі 45 пәтерлік тұрғын үйдің құрылысын жүргізуде. Серіктестіктің техникалық директоры Нұрлан Тәжібаев өз сөзінде:
–Қазір сылау, шатыр салу жұмысы жүргізілуде. Қажетті отандық құрылыс материалдарының бәрі тасымалданып алынды. Сылау, сырлау жұмысымен екі бригада айналысады. Құрылысшылардың 30 пайызы жергілікті жерден,–дейді. Өткен жылы «Жұмыспен қамтудың жол картасы-2020» бағдарламасы аясында облыстық бюджеттен 734 миллион теңге қаржы бөлініп, Ерейментау қаласында орналасқан №5 бу қазандығын және жылу құбыры жүйесін қалпына келтіру жұмысы басталған болатын. Биылғы жылы «Көкшетау Хлебстрой» серіктестігі бұл жұмыстың екінші кезеңін жүргізуде. Бүгінгі күні барлық жұмыстың 80 пайызы атқарылыпты. Қазір түтін шығаратын мұржаны орнату және абаттандыру жұмысы жүргізілуде. Нысанды қалпына келтіру жұмысы 1 шілдеде толық аяқталады. Өзіміз болған қуаты 30 МВт «Golden Energy Corp» жел электр станциясында аталмыш кәсіпорынның бас энергетигі Виктор Зулинді жолықтырып, әңгімеге тарттық.
–Бұл нысанның құрылысы 2019 жылы бас-талды. Жобаның құны 7,2 миллиард теңгені құрайды. Қаржының 30 пайызы жекеменшіктікі. Өткен жылы жобаның бірінші кезеңін, биылғы жылдың бірінші тоқсанында 30 МВт жел паркін іске қостық. Қазір барлық турбиналар жұмыс істейді. Нысанда 17 жел генераторы орнатылды. Олардың әрқайсысы 1,8 МВт. Мәселен, жел паркінің қуаты Ерейментау ауданының тұрғындарын электр энергиясымен қамтамасыз етуге жетеді. Қазір өндірілген электр қуаты бірыңғай республикалық жүйеге беріледі. Компания қала бюджетіне салық төлейді, жаңа жұмыс орындарын ашуда. Торғай селосы маңында жел паркі салынады деп жоспарлануда. Бүгінгі күні 3 жел генераторы сатып алынды,–дейді бас энергетик. Одан әрі баспасөз туры Торғай ауылында жалғасын тапты. Мұнда жеке кәсіпкер Александр Шевченко қатты ірімшік қайнататын цех ашыпты.
–Алғашында сыныптасым екеуміз жұмыс істедік. Үш жылдан бері алты адам жұмыс істейміз. Қатты ірімшіктің он екі түрін шығарып, Нұр-Сұлтан қаласында сатамыз. Тұрақты түрдегі тұтынушыларымыз бар. Тәулігіне 450 литр сүтті өңдеп, 40 келі қатты ірімшік аламыз. Айына 6 тонна өнім сатамыз. Алдағы уақытта жол бойында туристік орын ашуды жоспарлап отырмыз. Шикізатты Новомарковка селосында орналасқан тауарлы-сүт фермасынан сатып аламыз,–дейді кәсіпкер.
Новомарковка селосының маңында орналасқан «Жаңа береке» серіктестігіне қарасты «Айдар» шаруа қожалығының жұмысы ауыл шаруашылығы дақылдарының шығымдылығын арттыруға бағытталған. Бұрын олар 400 гектар алқапты суаратын. Биылғы жылы суармалы жердің көлемі 600 гектарға ұлғайтылыпты.
Қазір көктемгі егіс жұмысы жүргізілуде. Қожалық биылғы жылы 300 гектар алқапқа жүгері, 150 гектар жерге судан шөбін, 150 гектарға жоңышқа екпекші. Су шашатын қондырғы сатып алыныпты. Сусорғышқа қосылған су құбыры орнатылуда. Мал азығы «Жаңа береке» серіктестігінің мал бордақылау алаңында тұрған 3 мың бас ірі қара малы үшін дайындалады. Сондай-ақ, осы селода «Новомарковка Агро фирмасы 2010» серіктестігі жұмыс істейді. Серіктестік директоры Серік Ізбасаров биылғы жылы 12 мың гектар алқапқа дәнді дақылдар себетінін, 3 мың гектар жер парға қалдырылғанын айтты.
–Көктемгі егіс жұмысында 30 адам жұмыс істеуде. Қазір тұқым қырмандағы ашық алаңда кептіріліп, залалсыздандыруда. Дала жұмыстары үшін 5 К-700, 2 трактор, сеялкалар, жүк автокөлігі тәрізді қажетті техникалардың барлығы бар. Өткен жылы дәнді дақылдарды тазалайтын және кептіретін қондырғылар орнаттық. Қырмаға асфальт төседік. Астық қоймаларын жөндедік. Мемлекет субсидия түрінде қолдау көрсетеді,–деді серіктестік директоры.
Бұдан кейін Балабек Жахин атындағы Новомарковка орта мектебінде болып, білім ордасының оқу бөлмелерін аралап көрдік. Мектеп директоры Азамат Жүсіпбектің айтуынша мектеп ғимараты 1974 жылы салынған екен. Қазір мұнда 303 оқушы білім алады.
–2020 жылы «Жұмыспен қамтудың жол картасы-2020» бағдарламасы аясында 118 миллион теңгенің жөндеу жұмысы жүргізіліп сумен, жылумен және электрмен қамтамасыз ету жүйесі ауыстырылды. Келесі жылы 233 миллион теңгеге мектептің сыртын жөндеп, аумағын абаттандырамыз. «Жаңғырту» бағдарламасы аясында спорттық құрал-жабдықтар мен алты кабинеттің жиһаздары мен құрал-жабдығын әкелеміз.
Сондай-ақ, мектептегі компьютерлер мен ноутбуктер жаңартылды. Жергілікті демеушілер акті залының орындықтары мен спорттық құрал-жабдықтар сатып әперді,–деді мектеп директоры. Қорыта айтқанда, өзіміз болған қай ауданда да ел игілігі үшін қолға алынып жатқан игі істер баршылық. Тәуелсіздігіміздің 30 жылдығы атап өтілетін биылғыдай мерекелі жылы осының бәрін көзбен көріп, көңілмен түйсіну бір ғанибет екені көңіл қуантады.
Рамазан ТІЛЕУОВ,
«Арқа ажарының» өз тілшісі.
Суреттерді түсірген Айбек ДАНИАРОВ. Ақкөл-Ерейментау-Целиноград аудандары.