Көкшетау қаласындағы 5510 әскери бөлімінде штаттан тыс тілшілермен бір күндік оқу-әдістемелік жиын болып өтті. Жиынды әскери бөлімнің тәрбие және әлеуметтік-құқықтық жұмыс жөніндегі көмекшісі, капитан Мақсат Ахметов жүргізіп отырды.
Іс-шарада әскери бөлім командирінің тәрбие және әлеуметтік-құқықтық жұмыс жөніндегі орынбасары, подполковник Дамир Қасымов сөз сөйлеп, әскери корреспонденттің жұмысы аса маңызды екендігіне тоқталып өтті.
Жиын барысында сындарлы сәттерде ақпаратты дұрыс жеткізу, сұхбат алу, бастапқы деректерді тарату мәселелері, сондай-ақ, оператордың техникалық құралдарын пайдалану ережелері егжей-тегжейлі түсіндіріліп, айтылды.
Сонымен қатар, әскери бөлімінің кітапхана бастығы, кіші сержант Берік Заитов сөз алып, сарбаздардың облыстық «Арқа ажары» мен «Акмолинская правда» газеттерін үзбей оқып жүретіндіктерін баса айтып, алдағы уақытта қатардағы жауынгерлердің де өз мақалаларын жолдап отыруларына болатынын жеткізді.
Осы орайда, әскери бөлімнің жедел мақсаттағы ротасының сарбазы, қатардағы жауынгер Андрей Шевчук те мұны қуаттап, өз ойын ортаға салды.
Кеш соңында жиынға жиналған жас әскери тілшілер естелік фотоға түсіп, өзара пікір алмасты.
Ұлмекен ТЫНЫШТЫҚҚЫЗЫ,
«Арқа ажарының» өз тілшісі.