Көкшетауда жаңа форматтағы мемлекеттік қызметтер жәрмеңкесі өтті

Қазақстан Республикасы Мемлекеттік қызмет істері агенттігінің Ақмола облысы бойынша департаментінің бастамасымен онлайн режимде мемлекеттік көрсетілетін қызметтер жәрмеңкесі ұйымдастырылды.

Жәрмеңкеге Ақмола облысы Мемлекеттік кірістер департаментінің, Ақмола ветеринарлық бақылау және қадағалау инспекциясының, ҚР АШМ АӨК МИК Көкшетау мемлекеттік аумақтық инспекциясының, «Азаматтарға арналған үкімет «Мемлекеттік корпорациясы» КЕ АҚ филиалының өкілдері қатысты.

Тікелей эфирде алғаш рет өткізілген жәрмеңке барысында азаматтар мемлекеттік кірістер саласында мемлекеттік қызмет көрсету, фитосанитарлық және карантиндік сертификаттар беру, ветеринарлық бақылау және қадағалау, сондай-ақ мемлекеттік корпорация арқылы мемлекеттік қызмет алу мәселелері бойынша қажетті консультативтік-әдістемелік көмек алды.

Мысалы, өз істерін жаңа бастап келе жатқан жас кәсіпкерлердің сұрақтарына жауап ретінде шағын бизнес субъектілеріне салық салу саласында толық түсініктемелер берілді. Сондай-ақ, желі қолданушыларын нарыққа жеткізілетін ет өнімдерінің сапасы мәселесі алаңдатты. Жәрмеңкеге 300-ден астам көрермен қатысты. Барлығы 30-ға жуық өтініш қаралды.

Сонымен қатар, мемлекеттік қызметтерді электрондық форматта көрсетуді насихаттау бойынша түсіндіру жұмыстары жүргізілді. Мемлекеттік кірістер департаментінің Мемлекеттік қызметтер басқармасының басшысы Әлия Өтекина «E-salyq» мобильді бағдарламасы, салық есептілігін электронды форматта ұсыну тәсілдері туралы ақпарат берді.

Жәрмеңкені онлайн режимде өткізу тәжірибесі жоғары тиімділікті көрсетті, өйткені келіп түскен өтініштер шұғыл қаралып, күту уақыты жалпы алғанда 3 минутты құрады.

Қорытындылай келе, МҚІА Ақмола облысы бойынша департаментінің Мемлекеттік көрсетілетін қызметтер басқармасының басшысы Әділбек Мұхамеджанов іс-шараның мұндай форматы тұрақты негізде қолданылатынын мәлімдеді.

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар