Notice: Function _load_textdomain_just_in_time was called incorrectly. Translation loading for the wp-latest-posts domain was triggered too early. This is usually an indicator for some code in the plugin or theme running too early. Translations should be loaded at the init action or later. Please see Debugging in WordPress for more information. (This message was added in version 6.7.0.) in /var/www/vhosts/arka-azhary.kz/httpdocs/wp-includes/functions.php on line 6114
Абай бапкердің биік асулары - АРҚА АЖАРЫ

Абай бапкердің биік асулары

Адамның мерейін адал еңбегі өсіреді. Осы орайда Атбасар қаласында бокс спортының негізін қалаған Абай Жақсылықов бапкерліктен бақытын тапқан азаматтың өзі болып отыр.

Бұрынғы Целиноград облысы Краснознамен ауданына қарасты Калинин атындағы совхоз мал және егін өсіру жөнінен облыстағы алдыңғы қатардағы шаруашылық саналатын. Бұл қазіргі Егіндікөл ауданының Жалманқұлақ ауылы.

Осы ауылдың шауашылықтан басқа тағы бір ерекшелігі сол, «боксшы ауыл» болатын. Бәрін бастаған Жұмаш Омарұлы Мақсұтов еді. Целиноград мемлекеттік педагогика институтының түлегі мектепте мұғалім бола жүріп, 1976 жылы бокс үйірмесін ашпасы бар ма, сол-ақ екен ауыл балалары былғары қолғапқа арбалып жүре берді. Ауыл балалары айналдырған екі-үш жылда облыстық және республикалық жарыстарға қатыса бастады.

Жұмаш бапкердің шәкірттері арасынан бірінші болып Қайдар Асаубаев облыс чемпионы болды. Қорғалжында өткен біріншілікте сынға түскен ол жеңіл салмақта топ жарып, жеңісті жолды ашқан еді. Сондай-ақ Абай Жақсылықов, Рақым Қожабеков, Тілеуқабыл Байтеміров, Жайлау Ибраев, Сембай және Дүйсен Сүлейменовтер, Юрий Близко, Аманбай Қарабеков, Мұхтар Асаубаев, Төлеген Сыздықов және басқа да жасөспірім боксшылар аудандық және облыстық жарыстардың жүлделерін ала бастады.

Осылайша балалық шағында боксқа арбалған Абай Жақсылықов өзі Целиноград мемлекеттік педагогика институтын бітіріп, туған ауылына оралып, мектепте мұғалім бола жүріп бапкерлікті де қолға алды. Бұл қиындығы басым 90-ыншы жылдардың басы болатын. Аудандық балалар мен жөсөспірімдер спорт мектебінің өтінішімен «Жұлдыз» ауылына қоныс аударып, бірнеше жыл бокс бапкері болып жұмыс істейді.

Бірде Абай Қамиұлы Атбасар қаласындағы жақындарының үйіне барғанда жастарды жекпе-жек өнеріне баулып жүрген Мұхиден Байлин есімді азамат «Сіз Атбасарға неге келмейсіз, осындағы спорт мектебінде бокс үйірмесін ашсаңыз, жан-жақты қолдау берер едік» деген ұсынысын білдіреді. Содан бапкер-ұстаз ойланып, әрілі-берілі көшіп жатқан ауылдың қиын жағдайын ескеріп, облыс орталығына көшем бе деп жүрген ойынан да айнып Атбасар қаласына табан тірейді. Бұл 1996 жыл еді. Міне, содан бері Абай Жақсылықов Атбасар қаласында бокстың негізін қалап, арнайы спорт мектебін ұйымдастырады.

Бұрынғы техникумның қараусыз қалған ескі ғимаратын жөндеуден өткізіп жаттығу залын жасайды. Бұл шаруаға Атбасар қаласының балалар мен жасөспірімдер спорт мектебінің директоры Өмірзақ Қуатбеков көмек көрсетеді. Абай бапкердің шәкірттері облыстық жарыстардан жүлде ала бастағанда қала жұртшылығы боксқа қызығушылық танытып, бапкердің игі бастамасына қолдау білдіре бастайды. Бұл ретте аудан әкімі Мұрат Әділбеков, аудан прокуроры Серік Асқаров, ағайынды кәсіпкерлер Мақсұт пен Темірхан Мұқышевтер, кәсіпкер Жанат Әділбеков ерекше көмек көрсетеді. 1997 жылы А.Жақсылықовтың бастамасымен қала іргесіндегі Новоселькое ауылында қалалық спорт мектебінің бөлішесі ашылды. Кәсіпкер Александар Клименконың қолдауымен ашылған бөлімшеде Абай бапкердің шәкірті Азамат Мағзұмов жаттықтырушы болып еңбек етті.

Атбасар қаласында бірінші рет ұйымдастырылған республикалық жарыс ел-жұрттың есінде ұзаққа сақталып қалды. Социалистік Еңбек ері Қойшыбай Мұқышев атындағы турнирге республиканың түкпір-түкпірінен боксшылар жиналды. Атбасарлық бірнеше боксшы осы жарыста жүлдегерлер қатарынан көрінді. Осындай жағдайларды ескерген Қазақстан бокс федерациясы 2001 жылы Атбасар қаласында жасөспірімдер арасындағы Қазақстан чемпионатын өткізуге шешім қабылдады. Бұл жарыс та жоғары деңгейде өтті. Жасұлан Сәдуақасов, Виктор Славинский, Азамат Рахымжанов, Айдар Мәрденов, Антон Помилко жеңімпаз атанса, Александр Коваленко, Павел Дубковецкий, Ерлан Күнсарин секілді жергілікті боксшылар жүлдегерлер қатарынан көрінді.

Атбасарда өткен жарыстарға әр жылдарда Серік Нұрқазов, Бейбіт Есжанов, Серік Сәпиев секілді атақты боксшылар құрметті қонақ ретінде қатысып, жергілікті балаларға шеберлік сабақтарын да өткізді. Бір жарысқа Халық қаһарманы Тоқтар Әубәкіров келіп, жүлделер тапсырды. Осының бәрі Абай Жақсылықовтың шәкірттеріне жеңіс рухын ұялату үшін жасаған тәлімгерлік тіршілігі болғаны сөзсіз.

Абай Жақсылықовтың шәкірттері арасынан халықаралық жарыстарда айтарлықтай жетістікке жеткен боксшылар бар. Мәселен, бапкер үшін 2001 жылы Ақмола қаласында өткен ересектер арасындағы Қазақстан чемпионаты ерекше есінде сақталып қалды. Осы біріншілікте шәкірті Әлімжан Науанов жақсы өнер көрсетті. Ол финалға дейін сүрінбей жетіп, шешуші сында Серік Сәпиевпен кездесті. Өте шиеленісті жағдайда өткен жекпе-жекте төрешілердің шешімі шығарылып, болашақ Олимпиада чемпионы жеңіске жеткен болатын. Сөйтіп, атбасарлық жас боксшы күміс жүлдеге ие болған еді.

Осындай жетістіктерден кейін Атбасар бокс мектебінің шәкірттері республикалық және халықаралық жарыстарға қатыса бастады. Абай Жақсылықов баптаған боксшылар Ресей, Германия, Италия, Өзбекстан, Украина және басқа елдерге сапар шекті. Әрине, әр жарыстан бірді-екілі жүлде алып қайтатын болды. Ағайынды Науановтар, Сәдуақасовтар, Қаженовтар, Коваленколар, Боровскойлар, Құрақбаевтар, Күнсариндер, Данияр Қожамжаров, Нұрсұлтан Жақсылықов, Игорь Шлей, Константин Буга, Николай Мельниченко, Антон Помилко сынды атбасарлық боксшылар ауданның мақтанышына айналды.

Биыл Атбасар бокс мектебінің ашылғанына ширек ғасыр толып отыр. Осы жиырма бес жылдың ішінде жүздеген балалар спорттық разрядтарға ие болса, қаншама спорт шеберлігіне үміткерлер тәрбиеленді. Бірнеше боксшы Қазақстан Республикасының спорт шебері атағын алды.

Атап айтқанда, республикалық жарыстарда топ жарған Виктор Славинский, Жасұлан Сәдуақасов, Әлімжан Науанов сынды боксшылар Абай Жақсылықовтың үмітін ақтаған алғашқы спорт шеберлері. Ал, кейінгі жылдары халықаралық жарыстарда жасындай жарқылдаған Азат Махметов, Константин Буга, Диана Молдахметовалар халықаралық дәрежедегі спорт шебері деген жоғары атаққа ие болды.
Міне, биыл алпыстың асуына шыққан бапкер Абай Қамиұлының шәкірт тәрбиелеудегі ақжолтай жолының бір белесі осындай.

Ғалым ҚОЖАБЕКОВ,
журналист.
Атбасар ауданы.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар