Заман талабына бейімделген оқу орны

Державинск қаласындағы А.Үкібаев атындағы орта мектеп аудандағы іргелі оқу орындарының бірі. 320 орындық мектепте бүгінде 433 бала оқып, білім алуда. Оқушылар екі ауысымда оқиды. Мектеп жанында 120 орындық мектеп-интернаты бар. Қазіргі күні шалғай ауылдардан келген 10 бала интернатта жатып, білім алады.

Іргетасы 1963 жылы қаланған үш қабатты мектеп ғимараты соңғы рет 2005 жылы күрделі жөндеуден өткен екен. Жыл сайын ағымдағы жөндеу жұмыстары жүргізіліп тұрады. Соған қарамастан, ғимарат тоза бастаған. Осы орайда, «Еңбекпен қамтудың жол картасы» бағдарламасы аясында мектепке күрделі жөндеу жұмыстарын жүргізу жоспарланып отыр. «Көкшетау Хлебстрои» серіктестігі осы мақсат үшін 194,6 миллион теңге қаржы бөлмекші.


Мектеп директоры Гүлшат Нұрпейісованың айтуынша, қазіргі күні физика, биология, химия кабинеттері қайта жаңғыртылып, жаңа жабдықтармен жарақталған, 9 интерактивті тақта, 33 компьютер бар. Жоғары жылдамдықтағы интернетпен қамтылған. Мектеп-интернаттың жанынан психикалық-физикалық жағынан дімкәс балаларға арналған арнайы бөлім ашылып, қазіргі күні онда 31 бала оқып жатыр.


Атап өту керек, интернатта жататын балалар 5 мезгіл ыстық тамақпен қамтылған. Арнайы дем алатын, оқуға дайындалатын бөлмелер бар.
А.Үкібаев атындағы мектеп биылғы оқу жылын табысты аяқтап отыр. Ең бастысы, белең алған жұқпалы дерттен балалар да, ұстаздар да аман.
Қ.КЕЛДІҒҰЛҰЛЫ.
Жарқайың ауданы.
Суреттерді түсірген Советбек Мағзұмов.

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар