Киелі нысандарға туристік бағыттардың жобасын әзірледі

Ақмола облысындағы жалпы білім беретін мектептердің оқушылары арасында «Киелі нысандарға туристік бағыттар» атты облыстық байқау ұйымдастырылып, өз мәресіне жетті.

Іс-шараның мақсаты – жас ұрпаққа табиғи объектілерді, тарихи және мәдени мұраларды насихаттау, қоршаған ортаға ұқыпты қарауға шақыру. 20-дан астам оқушы бақ сынаған сайысқа Ақмола облысының туризм индустриясы және демалыс қауымдастығының төрағасы Шынарбек Батырханов бастаған қазылар алқасы төрелік етіп, үш аталым бойынша жүлдегерлерді анықтады.
– «Киелі нысанға ең үздік туристік бағыт» аталымында қатысушылар қасиетті жерлер туралы аңыз-әңгімелерді пайдалана отырып, баратын бағытты егжей-тегжейлі сипаттауы тиіс болды. Ал, «Үздік экскурсия» аталымында қатысушылар өз аудандарына жасалған экскурсияның бейне материалдарын ұсынулары, «Үздік спорттық маршрут» бойынша қатысушылар жаяу, тау, су және осы сияқты спорттық туризм түрлеріне арналған бағыттарды әзірлеулері керек еді, – дейді облыстық балалар мен жасөспірімдер туризмі, өлкетану және экология орталығының әдіскерлері.
Сонымен, байқау қорытындысына сәйкес «Киелі нысанға ең үздік туристік бағыт», «Үздік экскурсия» аталымдары бойынша бірінші орынды Есіл ауданынан қатысқан мектеп оқушысы Светлана Мищенко иеленді. «Үздік спорттық бағыт» аталымында бірінші орынға есілдік оқушы Даниэль Биндевальд лайықты деп танылды. Сондай-ақ, атбасарлық Жеңіс Жәнібек, зеренділік оқушылар Таисия Гладышко мен Аделия Аманжолова, көкшетаулық Еламан Кенжебаев, Сандықтау ауданынан қатысқан Валерия Селянина, бурабайлық Вадим Щербатых жоғарыда аталған үш аталым бойынша екінші-үшінші орындарды өзара бөлісті. Байқау жеңімпаздары мен жүлдегерлері Ақмола облысы білім басқармасының дипломдарымен және естелік сыйлықтармен марапатталды.
Ырысалды АХМЕТҚАЛИЕВА.

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар