«Ashyq» қосымшасы бөтен ЖСН енгізуден қорғау мақсатында Egov жүйесіндегі азаматтардың мобильді базасымен сәйкестендірілді. Бұл туралы Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі вице-министрі Әсет Тұрысов айтып берді, деп хабарлайды ҚазАқпарат.
Вице-министр «Ashyq» жүйесінің мемлекет меншігіне өткенін еске салды.
«Жүйенің Ұлттық оператор – «Ұлттық ақпараттық технологиялар» АҚ қарауына берілгенін айтқым келеді. Енді «ҰАТ» АҚ техникалық мамандары «Ashyq» жүйесін толық әкімшілендірумен айналысады. Сонымен бірге, мобильді қосымша үнемі жаңартылып отырады. 18 мамырдан бастап Android-де «Ashyq» жаңа нұсқасы іске қосылды, онда QR-кодты сканерлемей-ақ, өз мәртебеңізді тексере аласыз», — деді Әсет Тұрысов Орталық коммуникациялар қызметінде өткен баспасөз мәслихатында.
Вице-министр «Ashyq» қосымшасы азаматтардың мобильді базасымен біріктірілгенін атап өтті.
«Бөтен ЖСН енгізудің алдын алу үшін «Ashyq» қосымшасы азаматтардың мобильді базасымен біріктірілді. Мобильді база Egov құрамында, сондықтан басқа ЖСН енгізілсе, ол Egov деректеріне сәйкес келмейді. Тұрғындардан Egov mobile қосымшасын жүктеп, осы қосымшамен сәйкестендіруді сұраймын. Бұл көп уақытты қажет етпейді, осыдан кейін сіз мобильді азаматтар базасына кіресіз. Осылайша, біз бөтен ЖСН енгізудің жолын кесеміз», — деп түсіндірді Әсет Тұрысов.
Вице-министр 21 мамырдағы жағдай бойынша пайдаланушылар саны 1,6 млн адамға жеткенін атап өтті.
https://www.inform.kz/kz/ashyq-kosymshasyn-egov-mobil-di-bazasymen-saykestendiru-kazhet_a3791791