Notice: Function _load_textdomain_just_in_time was called incorrectly. Translation loading for the wp-latest-posts domain was triggered too early. This is usually an indicator for some code in the plugin or theme running too early. Translations should be loaded at the init action or later. Please see Debugging in WordPress for more information. (This message was added in version 6.7.0.) in /var/www/vhosts/arka-azhary.kz/httpdocs/wp-includes/functions.php on line 6114
Бала құқығын қорғау – басты назарда - АРҚА АЖАРЫ

Бала құқығын қорғау – басты назарда

Өңірлік коммуникация қызметінде Ақмола облысы бойынша кәмелеттік жасқа толмағандар ісі жөніндегі ауданаралық мамандандырылған сотының төрайымы Айсұлу Жұматова «Балаларды тәрбиелеуге байланысты дауларды сотқа дейін екіжақты келісім негізінде шешу шарасын қолдану» тақырыбында брифинг өткізді.

Кәмелетке жасы толмағандар жөніндегі ауданаралық мамандандырылған сот төрайымының айтуынша, 2012 жылдың наурыз айында құрылып, жұмыс істеп жатқан ювеналдық сот кәмелетке жасы толмаған балалар тарапынан жасалған әртүрлі заң бұзушылықтарды ғана қарап қоймай, ең алдымен балалардың құқығын қорғау, балаларға қатысты зорлық-зомбылық, басқа да заңсыздықтардың жолын кесу бағытында жұмыс жасайды.

Өкініштісі сол, соңғы жылдарда балалардың құқығына қол сұғу, әсіресе, жыныстық зорлық-зомбылық жасау оқиғалары көбейе түскен. Осы орайда, Мемлекет басшысының арнайы тапсырмасымен балаларға қатысты зомбылық қылмыстар аса ауыр қылмыс дәрежесіне жатқызылып, жазасы барынша қатаңдатылған болатын. Айсұлу Жұматованың айтуынша, егер кәмелетке толмаған бала зомбылыққа ұшыраса, тіпті екі тараптың келісіміне қарамастан, жазықты адам сот шеңберінде жазаға тартылады.

– Балаларға қатысты дау-дамайларда біз көбінесе сотқа дейінгі келісім арқылы шешуге күш саламыз. Егер өткен жылы ювеналдық сотта қаралған кәмелетке толмағандарға қатысты барлық істердің 15 пайызы медиациялық келісім арқылы сотқа дейін шешімін тапса, биылғы жылдың өткен бес айында қаралған 170-тей істің 18 пайызы екі тараптың өзара келісімі негізінде шешілді, – дейді кәмелетке толмағандар ісі жөніндегі ауданаралық мамандандырылған сот төрайымы.
2018 жылдан бері мектептерде құрамында оқушылар мен мұғалімдер кіретін келісім жөніндегі комиссиялар құрылып, жұмыс істеуде. Қазіргі күні облысымызда осындай 30-ға тарта комиссия бар.

Олар балалар арасындағы ұсақ-түйек заң бұзушылықтарды қарап, тараптардың өзара келісімі негізінде шешеді.
Ювеналдық сот азаматтық, қылмыстық және әкімшілік істерді қарайды. Айсұлу Жұматованың айтуынша, жыл сайын 30-35 қылмыстық іс қаралады екен. Олардың барлығы дерлік ұсақ-түйек ұрлыққа қатысты істер. Бұндай істер әдетте екі тараптың келісімі бойынша өзара келісіммен аяқталып жатады. Ұрланған зат немесе оның құны иесіне қайтарылады, ұрлық істеген бала арнайы есепке алынып, егер ондай әрекет тағы қайталанар болса, жаза қатаңдатылады.
Брифинг соңында сот төрайымы журналистер тарапынан қойылған түрлі сауалдарға жауап берді.

Қалкөз ЖҮСІП.
«Арқа ажарының» өз тілшісі.

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар