Жаз – орман өртіне барынша сақ болатын маусым

Өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен брифингте Ақмола облыстық төтенше жағдайлар департаменті басшысының орынбасары, азаматтық қорғау полковнигі Манарбек Шапағатов жазғы кезеңде өртке қарсы күрес шараларына кеңінен тоқталды.

12 сәуірден бастап Ақмола облысының мемлекеттік орман қоры аумағында өрт қаупі бар маусымның басталғаны белгілі. Осы күннен бері облыс аумағында 28,417 гектарды қамтыған орман өртінің 20 оқиғасы, 101,44 гектарда орын алған алқап өртінің де дәл сондай оқиғасы тіркелген екен. Өткен жылдың сәйкес мерзімімен салыстырғанда өрттің саны 5 есе көбейіп, қураған шөптің жануы 15 пайызға артыпты.

Бұл факт орман өртін жою мәселесін шешуге алдын ала дайындалу қажеттігін көрсетеді. Көктем мен жазда табиғи өрттің туындау тәуекелдігі ұлғаятыны белгілі. Өрт қараусыз қалған алаудан, темекі тұқылы мен сіреңкені тастағаннан, көлік мұржасының ұшқынынан, шөпті өртеуден, линза тәрізді шыны сынығын тастаудан туындайды. Көбіне өрттің шығуына найзағай мен өз өзінен жану себепкер болады. Азаматтық қорғау полковнигі Манарбек Шапағатов шыға қалған өрттерді сөндіру үшін биылғы өрт қауіпі бар маусымда департамент 206 техника, 3 су сорғыш станциясын, 300 ранцевтік от сөндіргіш, 98 мотопомпа дайындағанын айтты.

–Тұрғындарды ақпараттандыру және оқыту мақсатында департамент жергілікті атқарушы органдармен бірге бұқаралық ақпарат құралдарында жүйелі ауқымды жұмыс жүргізеді. Өрт қауіпі бар мезгілде елді мекендерде құрамында 1141 адамы бар 208 ерікті өртке қарсы құрылым дайындалды. Департамент 2021 жылғы өрт қауіпі бар мезгілде орман және дала өртін сөндіруді ұйымдастыру және табиғи өртті сөндіру кезінде орман шаруашылығы мекемелерінің дайындық мәселесі бойынша орман шаруашылығы қызметкерлеріне семинарлық сабақ жүргізді.

Сондай-ақ, облыстағы балалар мен жасөспірімдердің жазғы демалыс орындарының, қауіпті аумақ пен қалың орманда орналасқан пансионаттар мен шипажайлардың өрт қауіпсіздігіне тексеру жүргізілді. Уақытылы әрі жедел өрт ошағын анықтау, шағын күшпен және қаржымен өртті сөндіру оның одан әрі өршімеуінің алдын алу әдісі болып табылады. Облыс аумағындағы орман өрті жағдайын қадағалау үшін космостық мониторинг жүргізіледі. Анықталған табиғи өрт жедел сөндіріледі,–деген азаматтық қорғау полковнигі орман өртін уақытында анықтау бойынша іс-шараның бірі орманды жерден және әуеден патрульдеу болып табылатынын айтты.

Өрт қауіпі бар мезгілде Ақкөл, Зеренді мен Бурабай аудандарында «Казавиалесоохрана» акционерлік қоғамының 3 авиа тобы орналасып, 5 аудан аумағындағы орманды әуеден бақылайды екен. Облыс аумағында жерден патрульдеу үшін құрамында 198 адамы бар 56 жедел топ құрылыпты. Биылғы жылдың өрт қауіпі бар мезгілінде аталмыш жедел топтар 355 рейдтік шара өткізіп, ереже бұзған 49 адамды әкімшілік жауапкершілікке тартыпты. Брифинг соңында Манарбек Шапағатов өрт қауіпсіздігі ережесін сақтау жөнінде айтып берді.

Рамазан ТІЛЕУОВ,
«Арқа ажарының» өз тілшісі.

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар