Ақмола облыстық кәсіпкерлер құқын қорғау және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл жөніндегі кеңестің кезекті отырысында мемлекеттік органдар мен мемлекеттік кәсіпорындардың кәсіпкерлік субъектілеріне қарызы туралы мәселе қаралды.
Өңірлік кәсіпкерлер палатасы сарапшыларының талдауына сәйкес, биылғы жылдың басынан бері Ақмола облыстық сот атқарушыларының еншісінде кәсіпкерлер пайдасына мемлекеттік мекемелерден 1,9 миллиард теңге өндіріп алу жөнінде 244 іс болды. Оның 43-інің 107 миллион теңгеден астам сомасы орындалды. Бүгінгі күні кәсіпкерлер алдындағы мемлекеттік органдардың қарызы 1,8 миллиард теңгені құрайды. Сот актілері базасының мониторингі Көкшетау қалалық әкімдігі жанындағы «Көкшетау Жылу» мемлекеттік коммуналдық кәсіпорнының қарызы көп екенін көрсетті. Ақмола облыстық әділет департаментінің мәліметі бойынша биылғы жылы сот орындаушыларының орындауында «Көкшетау Жылу» кәсіпорнынан өндіріп алу жөнінде 224 атқарылатын іс бар. Оның 35-і орындалды. Дегенмен, қалған қарыз сомасы 1,7 миллиард теңгені құрап отыр.
Жылумен қамтамасыз ететін ұйымдардан қарызын өндіріп алу өтінішімен өңірлік кәсіпкерлер палатасына тек қана ақмолалық кәсіпкерлер емес, өзге өңірлердің кәсіпкерлері де хабарласады. Тек бірінші тоқсанда кәсіпкерліктің 9 субъектісі осыған ықпал етуді өтінді. «Көкшетау Жылу» кәсіпорыны оларға 240 миллион теңге қарыз. Бүгінгі күнге дейін ол қарыз қайтарылған жоқ. Мәселен, «Көкшетау Жылу» кәсіпорыны «ICORE-Integration» серіктестігіне 231 миллион теңге, «М.К.Бейсенова» жекеменшік кәсіпорнына 638 мың теңге, «PromEnergo» cеріктестігіне 854 мың теңге, «Top Market» cеріктестігіне 361,2 мың теңге, «В.В. Химич» жеке кәсіпорнына 235,3 мың теңге, «А.А.Сәбит» жеке кәсіпорнына 4,2 миллион теңге, «ASSADA» серіктестігіне 1,3 миллион теңге, «Жарық LED» компаниясына 1 миллион теңге қарыз. Өкінішке орай, Көкшетау қаласы әкімінің орынбасары Бауыржан Ерназаров осы мәселелер қаралған кеңес отырысына келмеді.
«Көкшетау Жылу» мемлекеттік коммуналдық кәсіпорны басшысының орынбасары Мейрам Мұқанов өз сөзінде кәсіпорын шотын сот орындаушылар жауып тастағанын, осының салдарынан қарызды өтеуге мүмкіндіктің жоқтығын алға тартты. Бұнымен облыстық әділет департаментінің басшысы Болат Мұқанов келіспеді. Ол шоттың өзге атқарылатын өндіріс аясында жабылғанын, сот орындаушылар өндіріп алушылар арасында өндіріп алынған соманы бөлетінін, бұл қаржы олардың банк шотына қатар аударылатынын айтты. Кәсіпкерлік субъектілері алдында «Көкшетау Жылудың» толық кредиторлық қарызы жөніндегі Палата сұраған ақпарат жиналғандарды таң қалдырды. Биылғы жылдың 1 наурызындағы жағдай бойынша 657 кәсіпкерлік субъектілері алдындағы кредиторлық қарыздың сомасы 3,9 миллиард теңгені құрапты.
–Кәсіпкерлер сенімін ақтамаған мұндай ұйым көз алдаушылықпен айналысады. Олар мемлекеттік сатып алу жөніндегі келісім-шарт жағдайын орындай алмайтынын алдын ала біледі. Сөйте тұра, тапсырыс беруші ретінде мемлекеттік сатып алуға қатысуды одан әрі жалғастыруда. Осының салдарынан адал салық төлеушілер мен отандық тауар өндірушілер үлкен шығынға батуда,–деді өңірлік кәсіпкерлер палатасы директорының орынбасары Расул Сыздықов. Сондықтан, отырыс қорытындысы бойынша мемлекеттік сатып алу жөніндегі заңнамаға түзету енгізу қажет деген пікір айтылды.
Бұдан бөлек, тасымалданған тауар және көрсетілген қызмет бойынша тасымалдаушыларға ақысын уақытында төлемегені үшін кәсіпорынға жауапкершілікті күшейту мүмкіндігін қарастыру ұсынылды. Сондай-ақ, жобылған шоты және қаржы міндеттемесі бойынша қарызы бар кәсіпорындардың мемлекеттік сатып алуға қатысуына рұқсат бермеу, портал осы жағынан ескертудің болуын қарастыру керектігі ұсынылды.
Рамазан ТІЛЕУОВ.
«Арқа ажарының» өз тілшісі.