Қордаланған қоқыстан қайтсек құтыламыз?

Үй мен аулада, үйде де, көшеде де тазалық керек екені аян. Олай болмайынша құт қашады, береке де болмайды. Ауылды айтпағанда қаланың шет аудандарындағы жер үйлердің маңы қоқысқа толы. Иесіз қалған саяжайлардағы қоңсыған қоқысты кім тазалайды? Көшелерді ұсқынсыз етіп тұрған үйінділерден қайтсек құтыламыз?

Қыс көрпесі сырғып, көктем мезгілі келгеннен бері әлеуметтік желілерде тұрғындардың мына ауданда, қаланың ана бір көшесінде тау болып үйіліп жатқан қоқыстың суреттерін жариялап, көмек сұрап жатқандықтарын жиі байқап қаламыз. Айт-айтпа қордаланған қоқыс өңірімізде өзекті мәселелердің бірінен екендігін осыдан-ақ аңғаруға болады. Әріге бармай-ақ қоялық, көптің ауызында көптен бері Застанционный кентіндегі қоқыс мәселесі бірден-бірге айтылып жүр. Тұрғындардың да бұл мәселеге қатысты айтар базынасы бар.

– Жарты күн жатқан қоқыстың өзінен қоңсыған иіс шығары анық. Мұнда жарты жылдан астам қоқыс шығарылмаған. Қоқыстың ортасында тұрып жатырмыз десек те артық емес. Жылдар бойы қарызы қордаланып қалғандар үшін біздің жауап беруіміз керек пе? Уақытылы ақысын төлеп жүрген бізде қандай жазық бар? Әкімшілік неге қатаң бақыламайды? Тұрғындардың кейбірі амалы таусылғандықтан, қоқысты өздері шығаруға мәжбүр. Жағдайы келмегендер шарасыздық танытуда. Өрттеп жібергендер де табылған, – дейді қынжылып, Застанционный кентінің тұрғыны Аралбек Мұқатаев.

«Көкше-Тазалық» серіктестігі өткен жылдың 1 қыркүйегінен бастап, бұл мөлтек ауданның тұрғындарына қызмет көрсетпейді екен. Себебі, тұрғындардың қарызы қордаланып қалған. Тұрғындардың қызмет көрсетуші мекеме алдындағы қарыз мөлшері 9 миллион 535 мың теңге көлемінде екен. Қазіргі таңда қарыз 6 миллион төңірегінде. Қалған қаражат сот арқылы өндіріліп алынған.

Айта кетуіміз керек, қазіргі таңда кент тұрғындары көпқабатты тұрғын үй орналасқан сектормен келісім-шарт жасау мәселесі ширатылуда. Бірақ, қажетті 183 абоненттің барлығы шарт байласқан деу негізсіз. Құзырлы мекеме басшылығы бұл мәселенің жуық арада оң шешімі табылады деп сендіруде. Алайда, мәселе түбегейлі шешімін тапты деп айта алмаймыз.

Бұл жер үйлердегі қордаланған қоқыс мәселесінің бір мысалы ғана. Көпқабатты үйлердің жағдайы да көңіл көншітпейтіні рас. Таяқ тас-
там жерге үйіндегі қоқысты апарып тастауға ерінетін тұрғындардың салдарынан таңертең подъездің ана бір қабатында, мына бір бұрышында пакет-пакет болып жатқан қоқыстарды көзіміз шалып қалады. Іріген-шіреген, құрттап-сасыған үйінділер денсаулыққа да кері әсерін тигізіп жатқаны сөзсіз. Жасырары жоқ, тазалық дегеніміз отбасынан алған тәлімнен бастау алады ғой.

Жалпы ресми деректерге сүйенетін болсақ, елімізде рұқсат етілген 3,5 мың полигон бар. Олардың тек 17,7 пайызы ғана экологиялық және санитарлық талаптарға сай келетін көрінеді. Ақмола облысында қатты тұрмыстық қалдықтарды төгетін 130 полигон бар. Оның 20 пайызы ғана бекітілген экологиялық талаптарға сай жұмыс істеуде. Жасырары жоқ, қоқыс қалдықтары ауаны аяусыз ластап жатқан адам денсаулығына өте зиян.

Осы ретте Ақмола облыстық табиғи ресурстар және табиғат пайдалануды реттеу басқармасының мәліметтеріне сүйенсек, өңірдегі экологиялық жағдайды жақсарту бойынша бірқатар қанатқақты жобаларды жүзеге асыру жоспарланған. Мәселен, ағымдағы жылы Аршалы ауданында жылдық қуаты 30 мың тонна қоқыс өңдейтін өндірістік кешенін салу, сонымен қатар, облысымыздағы қалалар мен аудандарда қайталама шикізатты қабылдаудың 15 қосымша пунктін ашу көзделіп отыр.

Ұлмекен ТЫНЫШТЫҚҚЫЗЫ,
«Арқа ажарының» өз тілшісі.

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар