Тау тасына енді қайтып жазбаңызшы!

Бурабайдың қатпар-қатпар жартастары мәнсіз, мағынасыз, айғыз-айғыз жазуларға тұнып тұрушы еді. Көптен бері. Парықсыздықтың айқын, анық мысалын көрсететін осы бір аракідік кәдімгі сырмен жазылған жазуларды табиғат жанашырлары өшіріп, әсемдік ажарындағы кіреукені алып тастады.

Қазақстан Республикасының Мәдениет және спорт министрлігі, «Kazakh Tourism» ұлттық компаниясы, «Jana Dunie» қайырымдылық қоры, «Бурабай Даму» серіктестігі және облыстық туризм басқармасы, ұлттық парктің өз ұжымы ұйытқы болған өнегелі іс Бурабай баурайын мұнтаздай етіп тазалаумен ғана емес, жалпақ жұрттың есіне тамаша табиғатты аялай білу керектігін тағы бір мәрте еске салуымен құнды.

Қазбауыр бұлтты жамылған жартастардың бетінде не жоқ дейсіз, кімнің қайдан келгені, қашан келгені, «Саша мен Машаның мәңгілік махаббаты» туралы деректер көз сүріндіретін. Ертеректе ерен ақын Еркеш Ибраһимнің осы тақырыпта жазған өлеңінің еске түсіп тұрғаны.

Бурабайда ақ бояумен жартасқа,
Жазылған бір алғыстар бар марқасқа.
«Емделуге әйелдерін жіберген,
Жүз рахмет алыстағы жолдасқа».

Сол жартасқа көл үстінде түнерген,
Бикештер де үздірмейді күдерден.
«Көп рахмет келіншек пен қыздарға, –
Деп жазыпты, – жігіттерін жіберген.

Тоқ баламен ойнай алмай аш бала,
Мұңды көзден сіркірейді жас қана.
Сонау сөздің кім де болса салмағын,
Көтере алмас, көтерер тек тас қана.

Жаны ашымастың жебе сөзінен жараланған жартас мұңын ақыннан асырып қалай айтарсың. Олқылықтың орны таяуда толды. Бой жететін, қол жететін жердегі жазу атаулының барлығы өшірілді. Енді таза, табиғи қалыпта, бағзы замандағы пәк күйінде.
Жазу ғана емес, жылдар бойы ағаш-ағаштың бауырында, қойтастардың ығында, қаға берістерде жатқан күл-қоқыс та жиналды. Бақандай бір жарым тонна.
–Бүгінгі акция ел назарын өзіне аударуға тиісті. Басқа жұрт та бағалы бастаманы іліп әкетсе, жарасымды болар еді. Біз табиғатты тазалаумен қатар ел санасын да тазалауымыз керек, – дейді «Kazakh Tourism» ұлттық компаниясының төрағасы Ержан Еркінбаев.

Бурабайдың жартасы ғана емес, биші қайыңдары да, мәңгі жасыл қарағайы да жаралы еді. Соңғы кезде ақ балтырлы қайыңға орамал байлау әдеті шыққан. Мүмкін ескерткіш санайтын шығар, әлде киелі жерге деген құрмет пе екен? Қалай болған күнде де ілкіден келе жатқан ежелгі салт-дәстүр емес, бүгінгінің бүйректен сирақ шығарған жартылай жабайы таным-түсінігі. Қазір ақ шыт орамалдың жанында жаман тұмаудан қорғайтын бетперде де ілулі тұр. Бұл енді нағыз шектен шыққандық.

Жартастардың бетіндегі айғыз-айғыз жазуларды өшіру үшін химиялық ерітінділер де пайдаланылды. Мұның барлығы табиғатқа кінәрат келтірмей, ұқыпты жасалды. Енді табиғатқа тағылық көрсетуден тайынбайтын тентектер айылын жиятын шығар. Айтпақшы, бұл идея өткен жылы өмірге келген. Бурабай баурайындағы туристік бағыттарды қалыптастыру кезінде Ержан Еркінбаев көтерген болатын. Арада бір жыл өткеннен кейін қолдау тауып, көпшілік білек біріктіре кіріскен соң көгілдір нұрға бөленген Бурабайдың баурайы көп-көрім жақсарып қалды. Сөз арасында мамыр айының басында еріктілер Іле Алатауындағы ұлттық парктің жартастарын тазартқан болатын. Ел ішінде осындай ілкімді іс қолға алынып, оны жалпы жұрт қуаттап жатса, төл табиғатымызды көздің қарашығындай сақтау керек дейтұғын аталы сөздің астарындағы мазмұн жас толқынның жадына шымшымдап сіңіп, жатталып қалар еді-ау.

Байқал БАЙӘДІЛОВ.
Бурабай ауданы.

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар