Сексеннің сеңгіріндегі сергектік

Биыл бұйыртса, елордада аса көрнекті мемлекет және қоғам қайраткері, ұлт мақтанышы Жұмабек Тәшеневтің ескерткіші орнатылады. Ардақты ағамызға ескерткіш орнатуға ұйытқы болған азаматтың бірі бүгінгі мақаламыздың кейіпкері, Қазақстанның құрметті журналисі, Нұр-Сұлтан қаласы ардагерлер Кеңесінің белсенді мүшесі, тәшеневтанушы Мейрам Байғазин. Онымен қоса, ардақты ағамыз біздің газеттің тұрақты авторларының бірі.

Тәшеневтанушы

Мейрам ағамен таныстығымыз Тәшенев тұлғасына қатысты ұсыныстардан басталды. Алдыңғы жылы «Астана ақшамы» газетіне «Тәшенев тұғыры» атты мақала жазғанмын. Бұл материал қарт журналистің көңілінен шығып, өзі хабарласып, ризашылығын жеткізді. Артынша «Тәшенев тұғыры: тарихи сабақтастықты ескерейік» мақаласымен үн қосты. Содан бері аға-інідей болып араласып келе жатырмыз.

Міне, енді өзіміз аса құрметтейтін қаламгер ағамыз сексеннің сеңгіріне шығып отыр. Тәшенев бергі жағы екен, талай тұлғаларға қатысты ұсыныстары өз мерзімінде қолдау тапты. Мәселен, елордадан мемлекет және қоғам қайраткерлері Жұмабай Шаяхметов, Смағұл Сәдуақасов, академик Қаныш Сәтбаев, атақты тарихшы Ермұхан Бекмахановтардың аттарына көше беру жөнінде бастама көтеріп, ол астаналық ономастика басқармасынан қолдау тапты. Бірақ, басты зерттеу нысаны – Жұмабек Тәшенев болды.

Қазақ жерінің тұтастығын сақтап қалған тұлғаның 100 жылдық мерейтойы тұсында астанада ғылыми-тәжірибелік конференцияның ұйымдастырылуына ұйтқы болып, қайраткер туралы кітап шығарды. Астанада тұғырлы тұлға атына №10 мектеп-гимназияның берілуіне атсалысты. Тәшенев сияқты «қазақ» деп өткен ұлтшыл азаматтардың өмірін зерттеуге де жайдан-жай келген жоқ. Бұған бала кезінде ұяда көрген тәрбиесі, әсіресе, әкесі шаруашылық басшысы болған кезде үйге үйіп-төгіп газет-журналдарды көптеп әкелуі, әскери борышын атқара жүріп, қабырға газеттерін үзбей шығарып тұруы, оған қоса, оқушы және студенттік жылдар өнегесі мол әсерін тигізді.

Бұған қоса, кітапханада істеп жүргенде бұл ұжымға директор болып сайланған дарынды жазушы Рахымжан Отарбаевтың қолқа салғаны бар:
–Мәке, 2015 жылдың наурызында әйгілі мемлекет қайраткері Жұмабек Тәшенев ағамыздың 100 жылдық мерей тойы атап өтіледі. Қазақ қоғамы Жұмекең алдындағы парызымызды өтеген жоқпыз. Осыған орай, сіз ағамыздың мерейтойына байланысты конференция ұйымдастыруды қолыңызға алсаңыз. Оған сіздің тәжірибеңіз де, біліміңіз де жетеді. Ештеңеден қысылмай, ұйымдастыру шараларына кірісе беруіңізге болады, – деп сәт сапар тілеген болатын.

Тың игерудің зардабы немесе тұлғалар өнегесі

Елге құт болған Ертіс өңірінде дүниеге келді. Мейрам деген есімі де бекерден-бекер қойылған жоқ. Тура Халықаралық әйелдер мерекесі күні шыр еткен дауысы естілді. Құттықтап үйге келген әкесінің жолдастары сәбидің есімін Мейрам қою керек деп ұсыныс жасады. Арада үш айдан астам уақыт өткенде Ұлы Отан соғысы оты бұрқ ете қалды. Елдегі бас көтерер азаматтардың көбі майданға аттанғандықтан, шаруашылық басқаратын адам қалмады. Әкесі Жолтайды Семейдегі шаруашылық басқаратын және бухгалтерлер даярлайтын оқудан шақыртып алып, совхоз төрағасы етіп тағайындады. Бұл тұрғыдан алғанда Мейрам әкелері соғысқа кетіп, шейіт болған балаларға қарағанда бақытты еді.

Бірақ, анадан ерте айырылды. Шешесі Шәпен Мейрам алты жасқа толғанда ауыр науқастан өмірден озып кетті. Шаңырақта екі ұл мен екі қыз қалды. Әкелері Жолтай күні бойы шапқылап, жұмыстан қолы босамайтын. Сондықтан, Мейрам бауырларымен бірге әкесінің апасы Бөбектің қолында тәрбиеленді. Жары майданда қаза болған мұңлық жан інісінің перзенттерін өзінің екі қызынан кем қылмай тәрбиеледі.

Елуінші жылдар келгенде, елдің солтүстік өңірлерінде жаппай тың игеру науқаны басталды. «Тың игеруге келгендер арасында қылмыс жасаған, түрмеде отырып шыққан адамдар аз болмайтын. Жер-су аттары ешкіммен келіспей жөнсіз өзгертіліп, ұлттық болмысқа астыртын шабуыл жасалғандай болды.

Совхоз директоры қызметін атқарып жүрген әкем тың игеру кезіндегі жаппай орыстану үрдісіне төзе алмай, сегізінші сыныпта мені Алматыдағы апамның қолына жіберіп, №12 қазақ мектебінде оқуымды жалғастыруға жағдай тудырды. Бұл сол кездегі Қазақстан астанасында жалғыз қазақ мектебі болатын. Осы мысал кеңес үкіметінің басқа ұлттарға жасап отырған солақай саясатының көрінісі еді. Осында оқып жүргенде ұстаздарымыз оқушылардың ой-өрісін дамыту үшін елімізге есімдері белгілі қоғам және мәдени қайраткерлермен түрлі кездесулер ұйымдастырып отырды. Атап айтқанда, біздің мектепте ұлы жазушы Мұхтар Әуезов, Кеңес Одағының Батыры, академик Мәлік Ғабдуллин, КСРО халық әртісі Күләш Байсейтова, атақты кинорежиссер, КСРО халық әртісі Шәкен Айманов, даңқты әскери қолбасшы Бауыржан Момышұлы, Қазақ КСР халық әртісі Шара Жиенқұлова және тағы басқа да қайраткерлер өз өмірлерінен тамаша мысалдар келтіріп, мамандық таңдауда білім мен біліктіліктің өте қажет екенін түсіндіріп кетті» деп еске алады сол жылдарды Мейрам аға.

Қазақ радиосындағы қызмет

Онжылдықты бітірісімен екі жылдық жұмыс атқару үшін туған ауылына оралып, еңбек жолын Киров атындағы совхозда қарапайым жұмысшыдан бастады. Екі жылдан кейін Кеңес армиясының қатарына шақырылды. Әскери міндетті абыроймен атқара жүріп, Мейрам әскер бөлімшесіндегі апта сайын өтетін саяси дәріске белсене қатысты. Оның белсенділігі мен зейінін байқаған политрук ара-тұра өзінің орнына дәріс оқуды Мейрамға тапсыратын болды.

Әскери борышын абыроймен атқарған Мейрам Алматыдағы С.М.Киров атындағы университеттің журналистика факультетіне оқуға түсіп, оны 1969 жылы тәмамдап шықты.

«Мектеп табалдырығын мен «Қызыл еңбек» колхозында аттаған едім. Сонда тұрғанымызда осы шаруашылықты басқарған әкем колхоз кеңсесі алдындағы алаңға радио орнаттырды. Күнде берілетін соңғы хабарлар мен концерттерді бүкіл колхоз тұрғындары жиналып тыңдайтын. Бұл шаруашылық өміріндегі керемет рухани және мәдени жаңалық еді. Өзімнің радиожурналистика мамандығын таңдаудағы себебім, сол колхоз орталығы алаңында орналасқан радионың әсері шығар» дейді қазір Мейрам аға.

Иә, университетті аяқтағаннан кейін Қазақ радиосында Бас дирекцияның құрамында аға редактор, «Ауыл өмірі» бас редакциясында бөлім меңгеруші, «Ақпарат» бас редакциясында бас редактордың орынбасары болып, 1986 жылы республикалық радио директорының орынбасары лауазымына дейін көтерілді. Павлодар-Екібастұз энергетикалық кешен жұмысын баспасөзде көрсету барысында жарияланған байқауда КСРО журналистер Одағының лауреаты атанып, КСРО көмір өндіру министрінің Құрмет грамотасымен, тәуелсіздік жылдары көптеген медальдармен марапатталды.

…1986 жыл Мейрам Байғазин үшін табысты басталады. Ақпарат редакциясы Бас редакторының орынбасары болып істеген Мәкеңді Қазақ КСР Мемлекеттік комитетінің басшылығы Қазақ радиосы бас директорының орынбасарлығына тағайындайды. Соның алдында республикалық радионың басшылығы өзгеріп, оған Үкімет аппаратында істеген кеңсе қызметкері, қазақшаға шорқақтау азамат тағайындалады да, шығармашылық жұмыстағы бар жауапкершілік Мейрам Байғазаинге жүктеледі.

Желтоқсан айының ортасында Қазақ КСР Компартиясының кезекті пленумында ұйымдастыру мәселесі қаралып, Қазақстан Компартиясын ұзақ жыл басқарған Д.А.Қонаевтың орнына бірінші хатшы болып Г.Колбин сайланды. Бұған наразы болған қазақ жастары Республика алаңына жиналып, оның арты Желтоқсан көтерілісіне ұласты. Бұл көтеріліс Кеңес Одағының сағын сындырған, оның іргесін шайқалтқан ерекше оқиға еді.

Осы тұста «Соңғы хабардан» берілетін жаңалықтар мазмұнын пысықтау үшін Қазақ КСР Компартиясы мен Қазақ радиосы арасында орнатылған байланысқа дәнекер болған Мейрам Байғазиннің рөлін ерекше атау керек. Қоғам қайраткерлері мен елдің танымал азаматтары және еңбек ұжымдары атынан ұйымдастырылған Үндеулердің мазмұнымен, Қазақ КСР Орталық партия комитетінің идеология бөліміндегілермен келісу үшін екі ғимарат арасында Мейрам Байғазин талай табан тоздырды.

Мазасыз өткізген сол бір ауыр күндерде қазақ халқы Кеңес Одағы үкіметі мен Компартияның екі жүзді саясатына, басқа ұлттарға ашықтан ашық көрсетіп отырған шовинистік пиғылына анық көз жеткізді. Ал, құқық қорғау органдарының сол көтерілісті аяусыз басып-шаншудағы аюандық пен қатыгездігіне Мәкең ҚР Конституциялық сотында баспасөз хатшысы болған жылдары Желтоқсан көтерілісін басудағы жантүршігершілік фактілерге, М.Горбачев жариялаған демократиялық өзгерістер мен қайта құру саясатының түпкі мақсаты халықты алдау екеніне көз жеткізді. Кеңес Одағы үкіметі мен Компартияның демократия мен интернационалдық тәрбие деуінің бәрі бір ғана ұлт – орыстардың жағдайларын күйттеу екенін осы Желтоқсан көтерілісі айқындады. Конституциялық соттың осы көтерілістің себеп-салдарын қараудағы жұмысы туралы Мейрам Байғазин көптеген материалдар жариялады және сол кездегі құқық қорғау органдарының заң мен адам құқығын қалайша тапталғанына көпшілік назарын аударды.

Журналистикадағы жұлдызды шағы

Журналистикадағы жұлдызды шағы 1989-1991 жылдарға сәйкес келді. Сол кезеңде КСРО Жоғарғы Кеңесіне ҚазССР-інің Парламент тілшісі қызметін атқару үшін Мәскеуге жіберілді. 1990 жылы Мәскеуде өткен соңғы СОКП ХХVIII съезі жұмысын жан-жақты көрсетті. Алқалы жиын кезінде сол кездегі Қаз КСР басшысы, Қазақстанның Тұңғыш Президенті Нұрсұлтан Назарбаевты 50 жасымен құттықтап, көлемді сұхбат алды. Мәскеуде жүргенде КСРО халық депутаты, Қаз КСР Ғылым академиясының президенті, академик Өмірзақ Сұлтанғазин, Қырғыз Республикасының президенті Асқар Ақаев, академик Андрей Сахаров, мемлекет қайраткерлері Еркін Әуелбеков, Мақтай Сағдиев тағы басқа белгілі тұлғалармен сұхбаттары Қазақ радиосынан берілді.

Желтоқсан көтерілісінің құпия деректерін жинақтады

Кеңес Одағы ыдырағаннан кейін Алматыға қайтып келіп, Қазақ радиосының шетелдерге хабар тарататын редакциясы бас редакторының орынбасары болып тағайындалды. 1993 жылы Конституциялық соттың баспасөз орталығы жетекшілігіне қызметке шақырылды. Осында істеген жылдары 1986 жылғы Желтоқсан көтерілісіне қатысты небір құпия деректерді жинақтап, республикалық газеттерде мақалалар жазды, арнайы кітап шығарды.

Бірақ, Конституциялық соттың қызметі ұзаққа созылмады. Сот мүшелері Ата Заң баптары мен заң талаптары негізінде жұмыс істеудің орнына олар саяси ойынға көшіп, сот жік-жікке бөлініп кетті. Оған қоса, соттың мүшелерін сайлау кезінде оның құрамына Желтоқсан көтерілісі кезінде қазақ жастарын қудалап соттауға қатысқан үш адам Л.Башаримова, С. Ударцев және В.Малиновскийлер сотқа мүше болып сайланды. Өкінішке орай, Желтоқсан оқиғасын сотта қараған кезде сот мүшелерінің кейбіреулері жаңағы үш адамды қолдап шықты. Сол себепті сот Желтоқсан оқиғасын қарап, шешім шығаруға қауқары жетпеді. 1995 жылы жаңа Конституция жобасының қабылдауына байланысты Конституциялық соттың орнына Конституциялық кеңес пайда болды. Сот төңірегіндегі саяси тартыстың барысы туралы Мейрам ағай талай рет баспасөз беттерінде мақалалар жазды. Конституциялық соттың дәрежесі өзгергеннен кейін М.Байғазин Ақпарат министрлігінің талдау және сараптау бөлімінің жетешілігіне тағайындалды.

1997 жылы Тілдер саясаты жөніндегі мемлекеттік комитетке ауысып, онда диаспора және келісім-шарттар жасау бөлімін басқарды. Осы қызметте жүріп, шетелдердегі қазақ диаспорасының орналасуы мен олардың саны жөнінде кітап шығарды. Кейіннен бұл комитет Көші қон және демография агенттігі болып өзгерді. 1999 жылы қызметіне байланысты Астанаға қоныс аударды.

2004 жылы зейнетке шықты. Бірақ, бос отырмады. Ұлттық академиялық кітапханада консультант болып қызмет істеді. Қазір де қайраты қайтып тұрған жоқ. Нұр-Сұлтан қалалық ардагерлер Кеңесінің мүшесі ретінде әртүрлі жиындарда өзінің азаматтық көзқарасын ашық айтып, қоғамдық маңызы бар мәселелерді талқылауға белсене қатысады. Әсіресе, биыл 35 жыл болатын Желтоқсан көтерілісінің шындығы, шетелдегі қандастар жайы ұлтшыл азаматтарды толғандырмай қоймайды. Осы тұрғыдан Мейрам ағаның мол журналистік қоржынын жаңғырту керек.

Бұйыртса, мұны қолға аламыз. Мына мақаланы мерейтойыңызға орай білдірген жылы лебізіміз деп қабылдаңыз. Алда бірігіп материалдар әзірлейміз деп ойлаймын. Құдай соған жеткізсін! Шыққан сеңгіріңіз құтты болсын, Мейрам аға!

Уақыт шіркіннің жүйріктігіне қалай есеп жүргізерсің. Кешегі балалық шағы кезінде атқа ер салып, әкесінің қолтығынан демеп, қайырымдылық пен мейірім үлгісінде тәрбиеленген ауыл баласы бүгінде өмірдің үлкен мектебінен өтіп отыр. Азаматты білім мен білік шыңдайды десек, осы құнарлы өрісте Алматыдағы №12 мектеп ұстаздары мен студент кезінде білім берген КазГУ профессорлары мен оқытушылар қауымына айтар алғысы шексіз. Ал, оның нақтылы өтеуі – өмір толқындарында қайырлап, жігер-қайратын мұқалтып алмай, жазған мақалалары арқылы туған елінің сан-салалы өміріне етене араласып, қазақ қоғамына таныла білуінде.

Мәкеңнің бойындағы тағы бір тамаша қасиеттер – жан тазалығы, ар тазалығы. Өмірдің бір кәкір-шүкірімен санасын уламаған, ойын былғамағандығында. Бұл жалған дүниеде жаман атқа қалмай, жақсы өмір сүру бақыты екінің бірінің басына бұйыра бермейді. Ардақты азамат астана қалалық ардагерлер Кеңесінің мүшесі ретінде Елорда тұрғындарының абыройына бөлене жүріп, жақсы қартайып, ақсақалдықтың ауылына да тамаша бір қалпында аяқ басып отыр.
Бұл күнде сексеннің сеңгіріне шыққан Мейрам аға жайлы аз ғана сырымыз осы. Қалғанын ел айтар, сол еліне деген еңбегімен өзі айтар…

Аманғали ҚАЛЖАНОВ,
журналист.
(Арнайы «Арқа ажары» газеті үшін).

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар