Notice: Function _load_textdomain_just_in_time was called incorrectly. Translation loading for the wp-latest-posts domain was triggered too early. This is usually an indicator for some code in the plugin or theme running too early. Translations should be loaded at the init action or later. Please see Debugging in WordPress for more information. (This message was added in version 6.7.0.) in /var/www/vhosts/arka-azhary.kz/httpdocs/wp-includes/functions.php on line 6114
Қала мен ауыл әлеуетін арттыру – маңызды міндет - АРҚА АЖАРЫ

Қала мен ауыл әлеуетін арттыру – маңызды міндет

Ақмола облысының әкімі Ермек Маржықпаев Көкшетау қаласы мен Бурабай аудандарының әлеуметтік-экономикалық дамуының қазіргі жайымен және атқарылып жатқан маңызды істердің барысымен танысты.

27 мамыр 2021 жыл. Облыс әкімі Ермек Маржықпаев Көкшетау қаласындағы бірқатар әлеуметтік-өндірістік нысандарда болып, олардың жұмысымен танысты, шешімін күткен мәселелерге назар аударып, тиісті міндеттерді белгіледі.

I. Көкшетауды дамыту басты назарда болады

Аймақ басшысы алдымен Алтынсарин көшесіндегі 6 «д» мекенжайы бойынша орналасқан «Kokshe Market» әлеуметтік павильонына келді. Қазіргі таңда облыс орталығында мұндай алты дүкен жұмыс істейді. Павильондар жүйесі қаланың барлық аудандарын қамту үшін біртіндеп ұлғайып келеді.

Бір ай бұрын ашылған бұл дүкеннен қала тұрғындары Ақмола облыстық тұрақтандыру қоры арқылы ұн, күріш, май, қант және өзге де азық-түлік өнімдерін арзан бағамен сатып ала алады. Мәселен, бұл жерде жұмыртқаның 10 данасын 292 теңгеге, күріштің 1 келісін 230 теңгеге, бірінші сұрыпты ұнның 1 келісін 110 теңгеге рафинадталмаған сұйық майдың 5 литрін 1750 теңгеге, картоптың 1 келісін 90 теңгеге сатып алуға болады. Ең бастысы, павильонда сатылатын азық-түліктің дені жергілікті жердің өнімдері. Өңір басшысы дүкенді аралап шығып, сатып алушы тұрғындардың пікіріне де құлақ түрді.

Сатушылардың барлығы келушілердің көп екендігін бірауыздан айтса, сатып алушылардың арасында мұндағы бағаның тұрақты болмайтындығын айтып шағымданғандары да болды. Өзін таныстырудан бас тартқан тұтынушы күні кеше ғана бұл жерде картоптың бір келісі 200 теңге болғандығын, ал, сұйық майдың тіпті қат екендігін қынжыла жеткізді. Мәселеден құлағдар болған облыс әкімі жауапты сала басшыларына қатаң ескерту жасады.

Бұдан кейін облыс әкімі Көкшетау қаласындағы Уәлиханов көшесінен Бейбітшілік шағын ауданына дейінгі жолды қайта жаңарту барысымен танысты. Бұл жобаның құны 677,3 миллион теңгені құрайды. Өткен 2020 жылы 199,3 миллион теңге игерілсе керек. 2021 жылы 200,0 миллион теңге бөлінген. Аталмыш жобаның бас мердігері «РСУ-16» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі болып табылады. Қайта жаңартылған учаскенің жалпы ұзындығы 2,9 шақырым. Өңір басшысы мердігер компанияға атқарып жатқан жұмысты ширату керек екендігін баса айтты.

2017 жылы ашылған кәмелетке толмаған балаларды «Шанс» әлеуметтік-психологиялық құқықтық қолдау орталығында тұрмыстық зорлық-зомбылықтың құрбаны болған жеткіншектер мен балдырғандар пана тауып отыр. Орталықтың директоры Әсем Әнуарбекқызының айтуынша, ағымдағы жылдың басынан бұл мекеменің көмегіне 50-ге жуық бала жүгінген. Қазіргі таңда орталықты 14 бала тұрып жатыр. Оларға психологиялық-әлеуметтік қолдау көрсетіледі. Бойын қорқыныш билеп қалған, жәудіркөз жеткіншектермен білікті мамандар жұмыс істеп, олардың жүрегіне үміт отын жағуда. Өңір басшысы орталықты аралап шығып, балдырғандарды да сөзге тартты.

Бұдан кейін аймақ басшысы Көкшетау қаласындағы су тазарту құрылғыларын қайта жаңарту және кеңейту барысымен танысты. Тәулігіне 30 000 текше метр су тазартатын құрылыс жобасына 3,8 миллиард теңге бағытталған. 2020 жылы осы мақсатқа 198 миллион теңге бөлінсе, оның 49,7 миллион теңгесі облыстық бюджеттен, ал, 148,3 миллион теңгесі мемлекеттік бағдарламалар аясында республикалық бюджеттен бөлініп отыр. Жасыратыны жоқ, ауыз су мәселесі өңіріміздегі ең өзекті, көкейтесті мәселелердің бірі болып табылады. Бір-екі жылдың ішінде бұл кешен іске қосылатын болса, қала тұрғындарын сапалы ауыз сумен қамтамасыз етуге болады дейді мамандар. Осы орайда, өңір басшысы бұл мәселеге жүрдім-бардым қарауға болмайтындығын, кешенді іске қосу үшін қажетті жабдықтардың сапаға сай болу керек екендігін баса ескертті.

Қаланың көркін ашып, келбетін арттырып тұрған Қопа көлінің жағалауы алдағы уақытта қазіргіден де көріктене түспек. Облыс басшысы көл бойындағы жағалау аймағын салу үшін қарастырылған жер учаскелерін аралап шықты. 2021 жылы 39 жер учаскесін сатып алу жоспарланса, қазіргі уақытта 27-сі сатып алынған екен. Бұл мақсатқа 364,8 миллион теңге қарастырылып отыр. Осы жерде әсіресе, тұрғындардың өтініш-тілектерін аяқ асты қалдырмаудың да басты назарда болуы керектігі баса айтылды.

Облыс әкімі осы жолы өмірлік қиын жағдайда жүрген балаларды қолдау орталығының бұрынғы ғимаратын да барып көрді. Аталмыш ғимарат 1964 жылы салынған. Жалпы көлемі 449,7 шаршы метр нысан 2011 жылдың 1 нау-рызынан бастап, Ақмола облысы полиция департаментінің балансынан облыстың білім басқармасының балансына берілген. Қазіргі таңда бос тұр. Осыған байланысты өңір басшысы бұл ғимаратты осының алдында өзі барып көрген кәмелетке толмаған балаларды «Шанс» әлеуметтік-психологиялық құқықтық қолдау орталығына беру керек деген ұйғарымға келді. Демек, алдағы уақытта бұл орталық балалары жаңа қонысқа көшетін болады.

– Біз бірнеше жылдан бері шағын ғимаратты жалға алып отырған едік. Ендігі орайда ай сайын ғимаратты жалдауға кеткен 400 мың теңге қаржыны балалардың жағдайын жақсартуға жұмсайтын боламыз. Балаларға қамқорлық танытқан облыс әкіміне алғысымыз шексіз, – дейді осы орайда, орталық директоры Әсем Әнуарбекқызы.
Әкімнің қаланы аралау кезінде Сүлейменов көшесіндегі көпірді жөндеу барысы да назардан тыс қалмай, тиісті сала басшыларына жұмысты жандандыру тапсырылды.

Ұлмекен ТЫНЫШТЫҚҚЫЗЫ,
«Арқа ажарының» өз тілшісі.
Суретті түсірген Берік ЕСКЕНОВ.

II. Тұқым себудің, жол жөндеудің жауапты кезеңі

Облыс әкімі Ермек Маржықпаев жұмыс сапарымен Бурабай ауданында болып, облыстың ауыл шаруашылығы салаларын қолдауға бағыт ұстаған «Қазақстанның егіншілік консорциумы» серіктестігінің жұмысымен танысты, сондай-ақ, бірқатар өндірістік және әлеуметтік нысандарды аралап, тұрғындармен кездесіп, оларды толғандырған мәселелердің шешімін қарастырды.

Облыс басшысы ең алдымен «Агрофирма Бурабай 2007» серіктестігінің егіс алқабында болып, консорциумның жетекшілерімен сөйлесті. Инвесторлар өз қарамақтарына алған шаруашылықтарда тек егін шаруашылығын ғана емес, сонымен бірге, мал шаруашылығын дамытуды да қолға алатындықтарын, әрі жасымық өндіруді, сүт пен ет фермаларын салуды жоспарлап отырғандығын айтты.

Осы алқапта Бурабай ауданының әкімі Әсет Мұздыбаев егін шаруашылығын дамыту жайы мен аудан шаруашылықтарының көктемгі егіс науқанын жүргізу барысы туралы жан-жақты баяндап берді. Бурабайлық диқандар биыл 166,3 мың гектар алқапқа егін егуді жоспарласа, оның 123,8 мың гектары бұршақ және дәнді дақылдар. Атап айтқанда, 66,1 мың гектар жерге бидай, 54 мың гектар алқапқа арпа, 2,6 мың гектарға сұлы себілмекші. Оған қоса, 13,2 мың гектарға мал азығы дақылдары егіледі. Жеке тұрғындар мен шаруашылықтар жалпы көлемі 3,6 мың гектар алқапқа картоп, 379 гектар жерге көкөніс егеді.

Облыс басшысы диқандар үшін аса маңызды тұқым себу науқанын уақытында және сапалы аяқтауға назар аударды. Бұдан кейін ол Златополье селосында болып, көше жолдарына жүргізіліп жатқан жөндеу жұмыстарын көрді. Елді мекеннің Степная, Новостроика, Пролетарская көшелеріне орта дәрежелі жөндеу жүргізу үшін жергілікті бюджеттен 20,7 миллион теңге қаржы бөлінген. Интернациональная, Зеленая, Центральная көшелерін жөндеуге облыстық бюджеттен 27,8 миллион теңге қарастырылмақ. Облыс басшысына атқарылып жатқан және атқарылатын жұмыстар туралы «Көкшетау жолдары» серіктестігінің бас инженері Руслан Аболенский айтып берді.

Златополье селосындағы жалпы білім беретін орта мектептің ғимараты 1968 жылы салынған. Мектеп 175 орындық болса да, қазіргі күні онда 219 бала оқып, білім алуда. 2017 жылы республикалық бюджет қаржысы есебінен 138 миллион теңгеге мектепке күрделі жөндеу жұмыстары жасалған. Мектеп директоры Ерден Құдабаевтың айтуынша, балалардың сапалы білім алуы үшін мектепте барлық қажетті жағдайлар жасалған. Пандемияға байланысты қашықтықтан оқытуға көшкенімен, биылғы оқу жылын оқушылар жақсы аяқтапты. Мектеп алаңына жиналған тұрғындар ауыл маңындағы мал су ішетін бір су қоймасының жеке меншікке өткелі малды суара алмай жүргендіктеріне шағымданды. Аймақ басшысы ауыл әкімі мен жеке кәсіпкерге халықтың өмір сүру жағдайын алдыңғы орынға қойып, мал суару мәселесін екіжақты қолайлы шешуді ұсынды. Плотинаны 10 жылға жалға алған кәсіпкер ауыл халқына малдарын еркін суаруларына рұқсат ететіндігіне сөз берді.

Облыс басшысының жұмыс сапары одан әрі Щучинск қаласында жалғасып, алдымен жөндеу депосында болды. 2001 жылы құрылған кәсіпорын вагондар мен вагон доңғалақтарын жөндеуге маманданған. Депоның жылдық қуаты 2640 вагон мен 9000 пар вагон доңғалағын жөндеу болса, қазір кәсіпорын жұмыс көлемін кемітпей, белгіленген деңгейде ұстап тұр. Биылғы жылдың алғашқы төрт айында 711 миллион теңгенің жұмысы атқарылыпты. Бұл белгіленген мөлшердің 105,9 пайызы. Атқарылып жатқан жұмыстар туралы облыс басшысына кәсіпорын директоры Жеңіс Мұхамедғалиев баяндап берді.

Щучинск қаласында соңғы жылдарда қала ішілік жолдар мен аулаларды жөндеу, абаттандыру бағытында айтарлықтай жұмыстар жүргізілуде. Облыс әкімі Морозов көшесінің бойындағы көп қабатты үйлердің аумағын абаттандыру жұмыстарының барысымен танысты. Бұл жұмыстарды жүргізуге облыстық бюджеттен 13,7 миллион теңге қаржы бөлінген көрінеді. Қазіргі күні «Нұрсейітов А.К» жеке кәсіпкерлігі 9,7 миллион теңгенің жұмыстарын атқаруда. Облыс әкімі абаттандыру жұмыстары жүргізіліп жатқан алаңға жиналған щучьелік тұрғындардың түрлі мәселелері бойынша өтініштерін тыңдап, тиісті органдарға тапсырма берді және аталмыш арыз-шағымдар өзінің жеке бақылауында болатындығына сендірді. Қала орталығында бір ғасырға жуық тұрған 8 пәтерлік екі қабатты үйдің тұрғындары көктемде қар ерігенде және жауын-шашында суға малынатындықтарын айтып, арызданды. Бұл мәселені де халықтың сұрауына орай, заң шеңберінде шешіп беретіндігін жеткізіп, аудан басшысына тездетіп жұмысты қолға алуды тапсырды.

Облыс басшысы жұмыс сапарының соңында Щучинск қаласындағы «Нұрай» балабақшасында болып, мектепке дейінгі мекеменің жұмысына назар аударды. 2017 жылы қайта жаңартылып, бала бақшаға айналдырылған ғимарат 250 орынға лайықталған. Қазіргі күні мұнда 10 топ бар. Олардың 2-уі қазақ тобы болса, қалғандары орыс топтары. Екі қабатты бала бақшада балалардың ойнайтын, дем алатын, тамақтанатын арнайы бөлмелері мен ойын алаңдары бар. Су жүйесі орталықтандырылған, ал, жылу автономды. Бала бақша директоры Әділет Ахметовтың айтуынша, іші жылы.

Аймақ басшысы жұмыс сапарының соңында аудандық әкімдікте Щучинск курорттық аймағын дамыту бойынша жиын өткізіп, туризмді дамыту бағытында да бірқатар міндеттер жүктеді.

Ырысалды Шамшиева,
«Арқа ажарының» өз тілшісі.
Суретті түсірген Берік ЕСКЕНОВ.
Бурабай ауданы.

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар