Notice: Function _load_textdomain_just_in_time was called incorrectly. Translation loading for the wp-latest-posts domain was triggered too early. This is usually an indicator for some code in the plugin or theme running too early. Translations should be loaded at the init action or later. Please see Debugging in WordPress for more information. (This message was added in version 6.7.0.) in /var/www/vhosts/arka-azhary.kz/httpdocs/wp-includes/functions.php on line 6114
«АЛЖИР»-де туған қыз - АРҚА АЖАРЫ

«АЛЖИР»-де туған қыз

Ел басына қара бұлт төнген 1941-1945 жылдардағы Ұлы Отан соғысында бүкіл елдегі ер кіндікті азаматтар елін қорғау үшін қан майданға аттанып жатты.

Елде тек балалар, қарттар мен аналар ғана қалды. Сол заманда бар ауыртпалық аналардың мойнына түсті. Қазақстанның барлық елді мекендердегідей, Ақмола облысы, Астрахан ауданы Қоскөл ауылында да еш азамат қалмай, соғысқа аттанып кеткен. Осы ауылдағы 1909 туған Есенқызы Ләтипаның да жанұясын бұл нәубат айналып өтпеді. Жолдасы шаңырақ иесі Ахмет Құсайынов өзі сұранып әскер қатарына кеткенде, артында сүйікті жұбайы екі баласы Қорғанбай мен Ісіламбекпен қалған еді. Ол кезде колхоздағы бүкіл әйел адамдарды ауыр-жеңіл демей таңнан түн батқанша жұмысқа салатын. Ләтипа да ел қатарлы қай жұмысқа жұмсаса да тартынбады.

«Малдың аласы сыртында, адамның аласы ішінде» дегендей, бар азамат елімізді қорғаймыз деп соғысқа кеткенде, ебін тауып елде қалып, сот қызметін атқарып жүрген бір ұятсыз жанұясы, балалары бола тұра, Ләтипаға қырындап, мазасын ала береді. Жарына адал, бірбеткей, сымбатты келіншектің көнбейтінін білгеннен кейін «сенің көзіңе көк шыбын үймелетемін» деп қорқытып та көреді. Ақыры, мүлдем көнбейтініне көзі жеткен соң арам пиғылына басып, ауылда бір мал ұрланып, соның қаны жұққан бөшкені Ләтипаның үйінің жанына тығып, тауып алған болып кінәсіз жанды түрмеге қаматады. Сонымен ол Ақмола қаласының жанындағы тек нөмірмен ғана аталатын «26 точка» атты әйелдер түрмесінен бір-ақ шығады.

Ләтипа енді тағдырдың тәлкегімен азаптың қамытын киіп, осы лагерьде азап көріп жатқан, КСРО-ның әр жерінен «халық жауы әйелдері» деп әкеліп қамаған ару аналармен танысады. Бойындағы емшілік қасиетімен кейбір кісілерге көмектеседі. Қыстай қандай аяз болса да, көппен бірге Жалаңаш көлінен қамыс шауып, оны құшақтап тасып, қырға маялап үйеді. Кейде жан жақтан итпен қоршаған солдаттардан тасалап, көрші ауылдағы кісілер қамыс арасына тамақтарын тығып кетеді. Оны тауып алған аналар тығып, бір-біріне беріп талғажау қылады.

Осы кезде өзімен қатар, осы түрменің ерлер жағында сотталу мерзімін атқарып жүрген, қолынан іс келетін, Көкшетаудың Кіндікқарағай ауылынан Байболат деген азаматпен танысып, бара-бара көңілдері жарасады. Содан ретін тауып, осында келіп жұмыс істейтін діннен сауаты бар адамға жасырын некелерін қидырады. Бірде Ләтипаны он шақты әйелдермен ауыр жұмысқа салады. Оны көтере алмаған Ләтипа есінен танып құлайды. Ес-түссіз жатқан адамды солдаттар өлді деп моргқа апарып, лақтырып тастай салады. Оны профессор ғалым әйел байқап, Алланың қалауымен әйтеуір, аман алып қалады. Дәрігерлер тексеріп, аяғы ауыр екенін айтады. Міне, осылай тар қапастың ішінде 1947 жылы 24 наурызда аман-есен босанып, маңдайы торсықтай кішкентай қыз өмірге келеді. Нәрестенің атын әкесімен ақылдасып, Бақытжан деп қояды. Лагерьдің заңы бойынша баланы үш жасқа дейін анасының жанында болуға рұсат етеді де, үшке толғаннан кейін балалар үйіне беріп, анасын аналық құқығынан айырады екен. Соны естіп-білген баланың әкесінің мерзімі аяқталып, елге кетейін деп жүргенде Ләтипаға бәрін түсіндіріп, қызын өзімен бірге ала кетеді.

Байболаттың мерзімі аяқталып, үш жасар баласын қолына алып еліне келгенде, ағайын-туыстары қуанып, той жасайды. Ал, нәресте көтермеген әйелі баланы алып, еміреніп кеудесіне қысқанда, екі емшегінен сүт шыққан көрінеді. Ләтипа төрт жылдан кейін 1954 жылы тоғыз жылын толық өтеп босап шығысымен, ешқайда соқпай, Байболат берген адреспен қызын іздеп бірден Кіндікқарағайға бір-ақ келеді. Сағына көріскен ана мен бала осылай Астрахан ауданының Колутон станциясына көшіп, кішкентай Бақытжанды мектеп қабырғасына береді. Мұнда 1-4 класты оқып, туған ағасы Қорғанбай анасы мен екеуін Державинкаға көшіріп әкетіп, қалған оқуды сонда аяқтайды.

Әрине, анда-санда «Анасы отырып шықты, халық жауы» деген кесеуат-қаңқыл сөз жас баланың да құлағына жетіп, жүрегі ауыратын. Бірақ, жас та болса да оны анасына айтпай, біріне-бірі демеу болып, алдарына қойған мақсаттарына жету үшін талаптанатын.

Бақытжан 18-ге толғаннан кейін сүйікті анасы сырқаттанып қалып, баласын аналық мейіріммен жанына шақырып алып, «Балам, мені оңдап тыңдап ал, мен кезінде сенің туған әкеңе қиянат жасап, сені алып кеттім. Енді сен оңың мен солыңды таныдың, мынау қанша жылдардан бері сақтап келген адресі деп сарғайып мылжа-мылжа болған алақандай қағазды қолына ұстатады.
–Мен аналық батамды берейін, сен әкеңе барып амандасып кел,–деп жанына Бақытжанмен құрдас, Шучинскіде тұратын туған сіңілісі Камиланың баласы Қайрошты ертіп жібереді.

Туған қызының өзін іздеп келгенін көрген асыл әке туыстарын жинап, той жасайды. Міне, тағдырдың тәлкегімен жас болса да басынан нелер өтпеді, не кетпеді Бақытжанның. Бұған да шүкіршілік, туған әкесін де тапты! Балаға бұдан артық бақыт бар ма?!

Тың игеру кезінде совхоздарға жан-жақтан, қаладағы мекемелерден жұмысшыларды, студенттерді, жоғарғы класс оқушыларын көмекке жіберетін. 1964 жылы Бақытжанның құрбысы Майра көмекке келген Державин ауданының Барақкөл совхозының екінші бөлімшесіне шөп, одан кейін егін жинау науқанына көмекке Целиноградтан заводта токарь болып жұмыс істеп жүрген жас еңбеккер Едіге де келеді. Осы жерде танысып, Майра Едігені еліне қонаққа шақырады. Менің дос қызым бар, таныстырамын, кел дейді.
Алайда, сол жолы емес, әртүрлі себептермен арада алты жыл өтіп, 1970 жылы ғана табысқан Едіге мен Бақытжан кейін отау құрып, қосылады. Бірі Целиноград педагогикалық институтын, екіншісі Алматы экономика колледжін бітірген екеуі бақытты өмір сүрді.

Едіге некеге отырған күннен Бақытжанның төл құжатынан туған жері «26 точка» дегенді көріп, «бұл қалай?» деп сұрайды. Есін білгеннен осы күнге дейін осы сұраққа жауап беру Бақытжанға өте ауыр соғатын. Кішкене үнсіздіктен кейін Бақытжан қысылып, «Мені шын сүйсең сұрама, кезегі келгенде өзім айтамын» дейді.
Екеуі Аланың берген жасын жасап, бес перзент сүйіп, қатарларынан кем болған жоқ. Бақытжан Маринов, Теңіз, Қорғалжын аудандарында банкте бас есепші болып халықтың құрметіне бөленді. Дегенмен, кейінгі жылдары өмірден ерте өткен екі баласының қайғысы ауыр тиіп, өзінің сырқаты үдей түсті. Жағдайын сезген соң бір күні өмірлік жан серігі Едігеге «саған кезегі келгенде өзім айтамын деп едім» деп, бар шындықты жайып салады.

«Халық жауының қызы» дегеннен өмір бойы қысылып жүруші едім. Бірақ, анам сол тар қапасқа жазықсыздан түскен болатын. Жолында Байболат деген ер азамат кездесіп, екеуінің көңіл жарастығынан сол қапаста мен өмірге келіппін. Имамға жаназамды Бақытжан Байболатқызы деп шығартыңдар. Құжаттағыдай Ахметқызы деп жүрмеңдер» деп тапсырады.

Бақытжан осы сырқатынан айыға алмай, 2008 жылы 14 қаңтарда өмірден өтті. Мыңдаған кінәсіз «халық жауы» аталғандардың ұрпақтарының соңғы көші де осылай өмір бойы іштерінен тынып, сақтаған зар-мұңын бір ақтарып, өмірден өте барған шығар. Ал, айта алмай кеткендері қаншама.
Барлық азап лагерьлерінде Ләтипадай қиянат пен бейнет көрген асыл апа-ағаларымыз, олардың ұрпақтары иманды болып, Алла алдарынан жарылқасын.

Оспан қажы СҮЛЕЙМЕНҰЛЫ,
ардагер ұстаз, «Құрмет» орденінің иегері, ҚР Білім беру ісінің құрметті қызметкері, қоғам қайраткері.

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар