Мәлік Ғабдуллин атындағы академияның түлектері сап түзеді

Қазақстан Республикасының Төтенше жағдайлар министрі Юрий Ильин, Ақмола облысының әкімі Ермек Маржықпаев Көкшетау техникалық институтына академия мәртебесі және Кеңес Одағының Батыры, даңқты жерлесіміз Мәлік Ғабдуллиннің есімі берілуіне орай өткен салтанатты шараға қатысып, құттықтау сөз сөйлеп, биыл осы оқу орнын тәмамдаған 136 түлекке дипломдар табыс етті.

Осындай айтулы оқиғаға орайластырылып өткен іс-шара облыс орталығындағы Мәлік Ғабдуллиннің ескерткішіне гүл шоқтарын қою рәсімінен бастау алды. Рәсімде Көкшетау қалалық ардагерлер кеңесінің төрағасы Шияп Әлиев бастаған ардагерлер сөз сөйлеп, ақ алғыстарын білдірді.

Тағылымды іс-шара Көкшетау қаласындағы М.Ғабдуллин атындағы музейде өз жалғасын тапты. Бұл музей қорында қазіргі таңда жеті мыңнан астам жәдігер бар. Кездесу барысында музей басшысы Құдайберлі Мырзабек министрге Мәлік Ғабдуллиннің 105 жылдығына орай қазақ және орыс тілдерінде жарық көрген «Қазақ баласы» атты кітапты тарту етті.

Бұдан кейін Көкшетау қаласындағы азаматтық қорғау академиясында Төтенше жағдайлар министрі Юрий Ильиннің төрағалығымен ғылыми кеңестің кеңейтілген отырысы болып өтті. Онлайн режимінде өткен жиынға мемлекет және қоғам қайраткерлері, ғалымдар, Мәлік Ғабдуллиннің қызы Майдан Мәлікқызы және министрліктің аумақтық бөлімшелерінің қызметкерлері бейне байланыс арқылы қосылды. Өз кезегінде Юрий Ильин:

– Оқу орнына Кеңес Одағының Батыры, Қазақ КСР-інің еңбек сіңірген ғылым қайраткері, Ақмола облысының тумасы Мәлік Ғабдуллиннің есімін беру туралы шешім еліміз үшін, әсіресе, көкшетаулықтар үшін тарихи оқиға. Академия мәртебесін алу – жоғары оқу орны қызметінің лайықты бағалануы деп білемін. Бұл ұжым мүшелеріне мәртебелі абырой әрі зор жауапкершілік, – деп атап өтті. Майдан Мәлікқызы да жиналғандарға өз алғысын, жүрекжарды тілегін жеткізе келіп, әкесі туралы жылы естеліктерін ортаға салды.

– Әрбір бала үшін ата-ананың орны ерекше ғой. Әсіресе, қыз бала үшін әкенің орны бөлек. Менің әкем өте мейірімді, қамқор жан еді. Оның жанында мен өзімді асқар таудың саясында тұрғандай сезінетінмін. Айналайын дейтін бір-ақ ауыз сөзінің астарында біртұтас әлемнің жылылығы тұнып тұрғандай болатын. Бір күні мен әкемнен, «Әке-ау, сіз сондай мейірімді жансыз, қатыгездіктен адасыз.

Ал, соғыс оқ пен оттың, өлім өмірдің ортасы…» дей беріп едім, әкем жылы жымиып, «Мұны – борыш дейді, айналайын! Ел – ерге аманат! Қызым, әр ер азаматтың мойнында Отан алдындағы парыз бен борыш болады. Отанға қауіп төнгенде жігіт деген бәріне дайын болуы керек» деді. Әкемнің есімі офицерлер даярлайтын оқу орнына беріліп жатқандығын естігенде қуанышымыз, кеудемізге сыймай, жүрегімізді мақтаныш сезімі кернеді. Елі үшін ерлік жасаған әкемізді елі еш ұмытпайтындығының тағы бір айғағы бұл. Осы орайда, Ел Президентіне, министрлікке, облыс әкіміне, академия басшылығына, осы іске ұйытқы болған барша ақмолалық зиялы қауымға алғысым шексіз, – деді Майдан Мәлікқызы өз сөзінде.

Ғылыми кеңес барысында Мәлік Ғабдуллиннің шәкірті, ғалым Серік Негимов те сөз сөйлеп, жүрекжарды тілегін жеткізді.
Бұл іс-шарадан кейін академияның алаңында жас офицерлерге диплом табыс ету рәсімінің салтанаты болып өтті.

– Қазақстан Республикасының Төтенше жағдайлар министрлігіне қарасты Көкшетаудағы жоғары оқу орны өрт қауіпсіздігі саласындағы білікті офицерлер даярлайтын еліміздегі бірегей білім ордасы болып табылады. Бүгінге дейін мұнда 5000-ға жуық маман білім алып, абыройлы қызметімен танылуда. Биылғы түлектерге жолдама беру салтанаты Ел Тәуелсіздігінің 30 жылдығымен, оқу орнының Ер Мәліктің есімімен аталуымен, институтқа академия мәртебесінің берілуімен тұспа-тұс келіп отыр. Сол себепті де, бұл жалғыз білім ордасының ғана емес, ежелден ерлікті мұрат екен Алаш баласы үшін де мерейлі қуаныш десек артық емес, – деді облыс әкімі Ермек Маржықпаев салтанатты шарада сөйлеген сөзінде.

Салтанатты шараға жер-жерден ат терлетіп, баласының қуанышына ортақтасып келген ата-аналар да көп болды. Солардың бірі – Біржан сал ауданы, Еңбекшілдер ауылының тұрғыны Ақмарал Асқарова.

– Аталмыш іс-шараға отбасымызбен келіп отырмыз. Өз басым үш баланың анасымын. Әрбір ата-ана баласының бұл өмірден өз орнын тапқанын қалайды ғой. Ұлым Арыстан Сапа осы білім ордасының түлегі атанып жатқандығын өзіме зор мақтаныш санаймын. Әсіресе, біздің баланың Батыр Мәліктің атындағы академияның алғашқы түлегі болғандығын көру зор мерей емес пе. Осы орайда, білім ошағының басшылығына, оқытушылар құрамына зор алғысымды білдіргім келеді, – дейді ол.

Айта кетуіміз керек, академияны тәмамдаған 136 түлектің барлығы жұмыспен қамтылған. Сонымен қатар, ағымдағы жылы білім ордасын бітірген түлектер арасында Қырғызстанның үш азаматы бар. Алдағы уақытта мемлекеттер арасындағы достық байланыс нығая түспекші. Қазіргі таңда министрлік Қырғызстанға 5 және Тәжікстанға 10 адамға квота бөліп отыр. Ағымдағы жылы Ресей Федерациясы мен Беларусь Республикасының Азаматтық қорғау академияларынан барлығы 30 қазақстандық офицер өз оқуын тәмамдап, елге оралады екен.

Салтанатты шара түлектер дайындаған концерттік бағдарламамен түйінделді. Алаңда жас офицерлер шырқаған патриоттық әндер жиналғандардың рухын көтеріп, бір серпілтіп тастады.

Ұлмекен ТЫНЫШТЫҚҚЫЗЫ,
«Арқа ажарының» өз тілшісі.
Суретті түсірген Айбек ДАНИЯРОВ.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар