Ақмола облыстық білім басқармасы жанындағы Щучинск қаласының жоғары педагогикалық колледжінің базасында облысымыздың арнаулы орта оқу орындарының 1 курс студенттері арасында облыстық пікірсайыс турнирі болып өтті.
Мәдени әлемнің маңызды бөлігі – өз көзқарасыңызды сенімді түрде дәлелдеу және білімді түрде пікір айта білу. Осылайша өскелең ұрпақтың азаматтылығын қалыптастырудың өзектілігі бірінші орынға шығады.
Жалпы, тұлғаны қалыптастыру тәрбие қызметінің маңызды құрамдас бөлігі болып табылады. Дебат – бұл нақты құрылымдалған және арнайы ұйымдастырылған қоғамдық пікір алмасу. Бұл тұрғыда Тұңғыш Президентіміз Н.Ә.Назарбаев, «Қазіргі заманғы білім беру жүйесінің бірінші кезектегі міндеті – бұл сыни ойлауға ие және ақпараттық ағындарда бағдарлануға қабілетті адамдарды дайындау», – деген болатын.
Міне, осыған орай, Американдық-парламенттік формат бойынша ұйымдастырылған турнирге облыстан 14 команда қатысты. Оның мақсаты – білім алушылардың әлеуметтік және шығармашылық белсенділігін арттыру, даулы жағдайларды дипломатиялық жолмен шешу қабілеттерін қалыптастыру.
Осы турнирге біздің Ақан сері атындағы Көкшетау жоғары мәдениет колледжінің «Әділет» командасы да қатысып, қазақ лигасында басқа колледждердегі қатарластарынан алға шығып, бірінші орынға ие болды. Бұл біз үшін зор мақтаныш. Сондай-ақ, студенттеріміз сөйлеу шеберлігін көрсете біліп, өз ойларын жақсы жеткізе алды.
Сөйтіп, облыстық пікірсайыс турнирінде Зарина Бұғыбай, Батырбек Тұрсынәлі үздік спикер номинациясымен марапатталды. Болашақта да оқу орнының мақтанышына айналған шәкірттерімізге шығармашылық рух пен жаңа жеңістер тілейміз.
Жанна МОЛДАБАЕВА,
Ақан сері атындағы Көкшетау жоғары мәдениет колледжі директорының тәрбие жұмысы жөніндегі орынбасары.