Өнеркәсіпте де, ауыл шаруашылығы саласында да өсім бар

Өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен брифингте Бұланды ауданының әкімі Талғат Ерсейітов  ауданның биылғы жылдың алғашқы тоқсанындағы әлеуметтік-экономикалық дамуы жайында баяндап, журналистер тарапынан қойылған сауалдарға жауап берді.

Бұланды – облысымыздағы ауыл шаруашылығы мен өнеркәсіп саласы қатар дамыған іргелі аудандардың бірі. Аудан әкімінің айтуынша, биылғы жылдың бірінші тоқсанында өңірдің экономикасына жалпы ауқымы 2 миллиард теңгенің үстінде инвестиция салынған. Экономикаға салынған бұл қаржының 95 пайызы, яғни, 1,9 миллиард теңгесі жеке меншік инвесторлардың қаржысы. Атап өту керек, ауданда экономикаға инвестиция тарту бағытында айтарлықтай жұмыстар жүргізілуде. 2019 жылы өңір  экономикасына 12,1 миллиард теңге инвестиция тартылса, 2020 жылы ол әлдеқайда өсіп, 21,8 миллиард теңгені құраған. Макинск құс фабрикасы бүгінде облысымыздағы ірі құс етін өндіруші кәсіпорын болып отыр.

Жыл басында салынған қомақты қаржы аудан өндірісін дамытуға айтарлықтай серпін беруде. Өндіріс көлемі индексі өткен жылғы сәйкес кезеңмен салыстырғанда 199,6 пайызды құрап, өнеркәсіп саласындағы жағымды өзгеріске негіз беріп отыр. Ауыл шаруашылығы саласында да ілгерілеушіліктер бар. Саладағы жалпы өнім көлемі индексі 187,9 пайызды құрады.

Экономикаға салынған инвестиция жаңа жұмыс орындарын құруға да игі ықпалын тигізуде. Жыл басынан бері еңбекпен қамту орталығы арқылы 267 адам жұмысқа орналасқан. Жаңадан 72 жұмыс орыны құрылған. Өнімді еңбекпен қамтуды және кәсіпкерлікті дамыту бағдарламасы шеңберінде 40 адам өз кәсіптерін ашып, жұмыс істеуге мүмкіндік алды. Жалпы, ауданда кәсіпкерліктің дамуына жете көңіл бөлініп, бұл бағытта айтарлықтай жұмыстар жүргізілуде. Өткен жылмен салыстырғанда ауданда шағын және орта кәсіпкерлік субьектілерінің саны 102 пайызды құрап, 1320-ға жетті.

–Кәсіпкерліктің дамуына   мемлекеттік Өнімді еңбекпен қамту және кәсіпкерлікті дамыту бағдарламасы серпін беріп отыр. Осы бағдарламаның екінші бағытына сай «Бастау Бизнес» жобасы бойынша 60 адам кәсіпкерліктің қыр-сырын үйренетін курстан өтетін болады. «Қарапайым заттар экономикасы» бағдарламасының несиелеу жобасына қатысқысы келетіндер де көп. Биылғы жылы осы бағытта жалпы көлемі 160 миллиард теңгенің 4 бизнес-жобасын қаржыландыру жоспарлануда. Осы күнге дейін ауданда аталмыш бағдарлама шеңберінде 75 миллион теңгеге 3 бизнес жоба жүзеге асырылды, – деді аудан әкімі.

Аудан экономикасының негізгі саласы – аграрлық сектор. Қазіргі күні бұландылық диқандар тұқым себу жұмыстарын қызу қарқынмен жүргізуде. Биыл аудан шаруашылықтары 236,1 мың гектар алқапқа егін егуді жоспарлап отыр. Егіс көлемінің 85 пайызы дәнді және бұршақ дақылдарының үлесіне тиеді. Егін шаруашылығын әртараптандыруға жете көңіл бөлінуде. Биыл аудан шаруашылықтары 35,5 мың гектар жерге майлы дақылдар екпекші. Бұл өткен жылғы деңгеймен салыстырғанда 103 пайызды құрайды. Тұқым себу жұмыстарын уақытында және сапалы аяқтау үшін қажетті жағдайлардың бәрі бар. Сапалы тұқым, жанар-жағар май, ауыл шаруашылығы техникалары  жеткілікті.

–Ауданда мал шаруашылығы саласы  жақсы дамып келеді. Биылғы жылдың алғашқы тоқсанында өткен жылғы сәйкес кезеңмен салыстырғанда ірі қара саны 6,8 пайызға, қой мен ешкі саны 2,4 пайызға, жылқы саны 8,4 пайызға өсті. «Қонай» шаруа қожалығы  57 бас Ангус тұқымды ірі қара сатып алды. «Макинск құс фабрикасы» серіктестігінің үшінші кезегін іске қосу жоспарланып отыр. Ол іске қосылған кезде кәсіпорынның жылдық қуаты 100 мың тоннаға жететін болады, – деді аудан әкімі. .

Ауыл шаруашылығы өнімдерін өңдеу мәселесі де назардан тыс қалмай, бұл бағытта да біршама жетістіктерге қол жеткізілген. Биылғы  жылы «Бота 2015» серіктестігінің тәулігіне 600 тонна өсімдік майын шығаратын кәсіпорны іске қосылмақшы. Кәсіпорын іске қосылған кезде қосымша 30 жұмыс орны ашылады деп күтілуде.

Қазір жұқпалы дерттің белең алуына байланысты мектептер қашықтықтан оқытуға көшкен. Биылғы жылы Макинск қаласындағы №2 орта мектептің ғимаратына күрделі жөндеу жүргізілмекші. Осыған бюджеттен 238 миллион теңге қарастырылған. Ауданда короновирусты емдеуге арналған 4 орындық емдеу изоляторы және 6 орындық провизорлық емдеу орны ашылған. Қазір Макинск қаласында 4 мобильді жедел жәрдем бригадасы, оған қоса, басқа елді мекендерге шығатын 2 бригада жұмыс істейді.

Аудан әкімі брифинг соңында журналистер тарапынан қойылған сан түрлі сауалдарға жауап берді.

Қалкөз ЖҮСІП,

 «Арқа ажарының» өз тілшісі.

Суретті түсірген Советбек Мағзұмов. 

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар