Notice: Function _load_textdomain_just_in_time was called incorrectly. Translation loading for the wp-latest-posts domain was triggered too early. This is usually an indicator for some code in the plugin or theme running too early. Translations should be loaded at the init action or later. Please see Debugging in WordPress for more information. (This message was added in version 6.7.0.) in /var/www/vhosts/arka-azhary.kz/httpdocs/wp-includes/functions.php on line 6114
Жазықсыз жазықты болған Алаш ардақтысы - АРҚА АЖАРЫ

Жазықсыз жазықты болған Алаш ардақтысы

Өткен 2020 жылы филология ғылымдарының докторы, профессор, ҚР ҰҒА академигі Дихан Қамзабекұлының жалпы редакторлығымен «Дәуір» баспасынан менің «Хайретдин Болғанбаев – өшпес жұлдыз жарығы» атты монографиям жарық көрген еді. Бұл кітап менің нағашы атам – журналист, әдебиеттанушы, Алаш қозғалысы көшбасшыларының бірі, сталиндік қызыл қырғынның құрбаны болған Хайретдин Әбдірахманұлы Болғанбаевқа арналады.

Атамның саяси қуғынға ұшырап, қалай қаза тапқанын зерттеуді бірталай жыл бұрын бастаған едім. 1984 жылдан бастап мен оның ауыр тағдырына кішкентай болсын сәуле түсіру үшін КСРО-ның ІІХК (НКВД) мұрағаттарына кіріп, сондағы құжаттармен танысуға қаншама тырысып, бақтым.

Ол үшін Қазақстан Республикасының Ұлттық қауіпсіздік комитеті мен Бас прокуратурасының бірінші басшыларының жеке қабылдауына кіруге бірнеше рет жазбаша түрде жүгінген де едім, бірақ, бұл өтініштердің нәтижесі әрқашан бас тартумен шектелетін. Тек, 2017 жылы Қазақстан Республикасы Ұлттық қауіпсіздік комитетіне тағы бір мәрте жүгінгеннен кейін ғана маған атама қатысты КСРО ІІХК тергеу істерімен танысуға, яғни, 1931 жылғы 17 тамыздағы және 1937 жылғы 21 сәуірдегі құжаттарды көруге рұқсат етілді. Мұрағаттан мен көптеген құжаттарды таптым. Онда Хайретдин Болғанбаевтың фотосуреттері мен паспорты, түрлі анықтамалар, оған бұлтартпау шарасын қолдану және айып тағу туралы қаулы, оның жеке сауалнамалары, хаттамалардан үзінді көшірмелер және тағы басқа қағаздар болды.

Хайретдин Болғанбаев 1894 жылы қазіргі Ақмола облысы Қорғалжын ауданы Жосалы ауылында дүниеге келген. Оның әкесі Әбдірахман Меккеге қажылық жасаған діндар адам болыпты, ал, Хайретдин өзі Орынбордағы «Хусаиния» медресесінде білім алған. 1928 жылы «Орынборда Ахмет Байтұрсыновтың үгіттеуі бо-
йынша астыртын контрреволюциялық ұйымның мүшесі болды» деген айыппен Бутырь түрмесіне қамалған. 1929 жылдың басында ұлттық зиялы қауымның алғашқы үлкен шоғыры сол түрмеге жабылған болатын. Олар қоғамның бетке ұстар қаймақтары еді. Онда менің атаммен бірге Ахмет Байтұрсынов, Мағжан Жұмабаев, Міржақып Дулатов, Жүсіпбек Аймауытов та болыпты. Сондағы 43 адамды Мәскеуге Қазақстанның түкпір-түкпірінен темір торлары бар вагондармен жеткізіпті. Негізінен, олардың барлығы Алаш қозғалысының қайраткерлері еді.

Атамның жары Рахима Халфина Ақмоладағы танымал бірінші гильдия көпесі Ғалиақпар Халфиннің қызы, Қостанай округінің аға сұлтаны Шыңғыс Уәлихановтың жиен немересі болыпты. 1930 жылы ол күйеуіне жала жабылып, тағдыры тәлкекке түсіп жатқандағы қайғысын бөлісемін деп шешім қабылдап, балалары Ерік, Серік және Гүлнәрды қасына алып, Петропавлдан оның жер аударылған жері – ерекше мақсаттағы Соловецкий лагеріне аттанады.

Тергеу ісінде жұбайы Рахима Халфинаның, балалары Гүлнәр мен Мұраттың әртүрлі инстанцияларға, нақты айтқанда КОКП ОК бірінші хатшысы Н.С.Хрущевке, КСРО Министрлер Кеңесі жанындағы Мемлекеттік Қауіпсіздік Комитетіне, Қазақ КСР Министрлер Кеңесінің Төрағасы мен Жоғарғы Кеңесі Президиумының Төрағасы Ж.Тәшеновке және тағы да басқаларға жолдаған хаттарын көрдім. Бұл хаттарда атамның жақындары оның не үшін тұтқындалғандығын, соттың қашан өткенін, сот процесіне неге олардың шақырылмағандығын, оның тірі немесе қайтыс болғанын, егер қайтыс болса, қайда және қалай болғанын түсіндіруді сұрапты. Ол қамау орындарында қаза тапты ма немесе атылды ма, оның жерленген жері қайда деген сауалдар қойыпты.

КСРО ІІХК мен КСРО МҚК Рахима Халфина мен балаларының жазған хаттарына олар: «Х.Болғанбаев 10 жылға сотталып, еңбекпен түзеу лагеріне жіберілді, жазасын өтеп жүріп, 1942 жылы 23 қыркүйекте өкпе туберкулезінен қайтыс болды» деп жауап беріпті. Міне, осыдан кейін туыстарынан қандай құпияны жасырып келгендері белгілі болды. Шын мәнінде Хайретдин Болғанбаевты Алматы облысының ІІХКБ «үштігі» соттап, ол 1937 жылғы 21 қарашада атылған болатын.

Кеңес өкіметі алдында Х.Болғанбаев неге кінәлі болды? 1929 жылғы 12 қаңтардағы жауап алу стенограммасында біз: «Мен Кеңес өкіметіне наразы болдым, өйткені мен социализмнің құрылатынына сенбедім, бұл биліктің ұзақ уақыт орнап тұратынына сенбедім және оған өтпелі уақытша құбылыс ретінде қарадым, мен Ресей аумағында коммунизмді елестете алмаймын» дегенді оқыдық.

Ал, мынау алашордалық Х.Болғанбаевтың 1937 жылғы тергеу ісіндегі жауап алу хаттамасынан үзінділер:
«Сұрақ. Біздің мәліметтеріміз бойынша, сіз кеңестік кезең жағдайындағы Қазақстанның жағдайын бірнеше рет сипаттай отырып, Қазақстанның социалистік даму жолы қайғылы болатынын, тіпті қазақ халқының жойылып кетуіне әкеп соқтыратынын және Қазақстанда артта қалған шет аймақта социализмді құру мүмкін еместігін дәлелдепсіз. Кеңес өкіметі мен ВКП(б)-ның елді индустрияландыруға қатысты іс-шараларына қарсы шығыпсыз. Мемлекеттік қарыздар шамадан тыс салық болып табылатынын, ал, Кеңес өкіметінің салық саясатының өзі қазақ шаруашылықтарына шамадан тыс салық салуға бағытталғанын дәлелдепсіз. Нәтижесінде Сіз халықты КСРО-да социализм құру мүмкін еместігіне сендіре бастадыңыз және адамдар сіздің ықпалыңызға түсті. Сіз мұны мойындайсыз ба?
Жауап: Жоқ, мойындамаймын» деп жазылған.

№26411 мұрағаттық-тергеу ісі бойынша мұрағаттық анықтамада мен КСРО ІІХК соңғы қорытындыларын оқыдым. Онда «іс материалдарына сәйкес Хайретдин Әбдірахманұлы Болғанбаев 1894 жылы 19 қаңтарда Қарағанды облысы Ақмола ауданы №2 ауылында дүниеге келген. Қамауға алынғанға дейін Оңтүстік Қазақстан облысы Келес ауданы Қапланбек ауылында тұрып, зооветтехникумда оқытушы болып жұмыс істеген. КСРО ХКК жанындағы ОГПУ алқасының 1930 жылғы 4 сәуірдегі шешімімен 5 жылға сотталып, 1934 жылы қайтып оралып, өзінің контрреволюциялық қызметін қайта бастады.

Кеңес өкіметіне қарсы күрес мақсатында концлагерьлерден оралған Алаш Орда ұйымының көшбасшылары Бөкейхановпен, Байтұрсыновпен, Омаровпен және т.б. байланыс орнатты. Қазір Қазақстанда ашылған ұлтшыл көтерілісшіл-террористік және шпиондық-диверсиялық ұйымның басшылары Ходжановпен, Қошанбаевпен, Садықбековпен байланыс орнатып, олармен бірге Кеңес өкіметіне қарсы бірлескен іс-қимылдар туралы уағдаласты. Үкімге сәйкес Х.Болғанбаев Кеңес өкіметі орнаған алғашқы күннен бастап оған қарсы белсенді күрес жолына түсті. 1921 жылы контрреволюциялық ұйым басшыларының тапсырмасы бойынша кеңес өкіметіне қарсы бірлескен іс-қимылдар туралы келіссөздер жүргізу үшін пантюркистік ұйым және басмашылық қозғалыс басшысы Заки Валидовқа Бұхараға заңсыз барды…» делінген.

Содан 1937 жылдың 21 сәуірінде атам қайта тұтқындалды. 1937 жылғы 13 қарашада айыптау қорытындысы Алматы облысы ІІХК жанындағы «үштіктің» қарауына жолданып, 1937 жылғы 21 қарашада сол «үштіктің» шешімімен ең жоғары жазалау түрі – ату жазасына кесіліпті. Үкім екі күннен соң орындалған екен.
Алматы облыстық соты төралқасының 1957 жылғы қаулысына және Қазақстан Республикасы Бас прокуратурасының 1997 жылғы қорытындысына сәйкес УНКВД үштігі шешімінің күші жойылып, қылмыс құрамының болмауына байланысты іс тоқтатылды.

Мен атам Хайретдиннің жерленген жерін таптым. 2011 жылы Қазақстанның «Әділет» тарихи-ағарту қоғамы, Қазақстан Республикасының Ұлттық қауіпсіздік комитеті және Алматы облысының әкімдігі бірлесіп, «Азалы кітап. Книга скорби. «Жаңалық» қорымы» атты кітапты жарыққа шығарды. Бұл кітапта саяси қуғын-сүргінге түсіп, ату жазасына кесілгендердің тізімі бар. Сол кітаптың 86-бетінде атам Хайретдин Болғанбаевтың фамилиясы және ол туралы қысқаша ақпарат бар екен. Онда «Болғанбаев Хайретдин. 1894 жылы Ақмола ауданы №2 ауылында дүниеге келген, қазақ, журналист-әдебиеттанушы, техникум оқытушысы. 21.11.1937 жылы Алматы облыстық УНКВД үштігінің шешімімен сотталды, 1937 жылы атылды, 24.08.1957 жылы Алматы облыстық сотының бұйрығымен ақталды» деп жазылыпты.

Алаш қозғалысы көшбасшыларының бірі, мемлекет және қоғам қайраткері Хайретдин Болғанбаевтың өмірін зерттеуді әлі де жалғастыратын боламын. Алда үлкен зерттеу жұмыстары тұр.

Достық КАМЕЛОВ,
экономист-саясаттанушы.

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар