31 мамыр – саяси қуғын-сүргін және ашаршылық құрбандарын еске алу күні

Қасым-Жомарт ТОҚАЕВ:

Миллиондаған адамды қазаға ұшыратып, тірі қалғанын жан сауғалап босып кетуге мәжбүр еткен алапат ашаршылықтың алғашқы кезеңі – 1921-1922 жылдардағы нәубеттен бері 100 жыл өтті. Сол зұлматтың кесірінен қырылып қалмағанда, халқымыздың саны қазіргіден әлденеше есе көп болар еді. Тарихымыздың осы ақтаңдақ беттері әлі күнге дейін жан-жақты зерттелмей келеді. Тіпті, ғалымдардың арасында ашаршылық құрбандарының нақты саны туралы ортақ пайым жоқ. Ала-құла деректер және оның себеп-салдары жайлы әртүрлі көзқарастар қоғамды адастырады. Тиісті тарихи құжаттарды, жиналған мәліметтерді аса мұқият зерделеу керек.

(«Тәуелсіздік бәрінен қымбат» мақаласынан).

● Еліміз тәуелсіздік алғаннан кейін 1993 жылы сәуірдің 14-інде «Жаппай саяси қуғын-сүргін құрбандарын ақтау туралы» Қазақстан Республикасының Заңы қабылданды. Қазақстан Республикасының Президенті Н.Ә.Назарбаевтың 1997 жылдың 5 сәуірдегі Жарлығына сәйкес 31 мамыр саяси қуғын-сүргін құрбандарын еске алу күні ретінде жыл сайын дәстүрлі түрде ресми аталып өтеді.
● Ресми деректерге сәйкес, Қазақстанда 103 мыңнан астам адам қуғын-сүргінге ұшырады. 25 мыңнан астам адам ату жазасына кесілді. Олардың арасында ғалымдар, мәдениет және саясат саласының қайраткерлері, дәрігерлер болды.
● Сондай-ақ, 1930-шы жылдардың басындағы күштеп ұжымдастыру кезеңінде 3 миллионға жуық қазақтар аштан өлді.
● Репрессия жылдары Қазақстанға 800 мың неміс, 102 мың поляк, 19 мың корей, 507 мың Солтүстік Кавказ елдерінің өкілдері жер аударылды. Сондай-ақ, қазақ жеріне күшпен қырым татарлары, түріктер, гректер, қалмақтар мен өзге де ұлт өкілдері көшірілді. Жалпы, елімізге 1 миллион 500 мың адам жер аударылды.
● «Халық жауларын» анықтау бойынша қатаң саясаттың салдарынан қуғын-сүргінге ұшырағандардың өздері ғана емес, олардың жақындары да зардап шекті. Олар үшін Қазақстанда АЛЖИР (отанына опасыздық жасағандардың әйелдері қамалған Ақмола лагері), Карлаг (Халықтық ішкі істер комиссариатының Қарағанды еңбекпен түзеу лагері), Степлаг (саяси тұтқындарға арналған лагерь) сияқты арнайы лагерьлер құрылды.

* **

1937 жылғы 15 тамыздағы КСРО-ның ІІХК-ның №00486 бұйрығы Отанын сатқандардың отбасы мүшелеріне қарсы жаппай қуғын-сүргінді бастауға мұрындық болды. Бұл құжат ең алдымен саяси айып тағылғандардың әйелдерінің кінәсін еш дәлелдемей-ақ қамауға алуға және лагерьлерге жіберуге құқық берді.

Қысқа мерзім ішінде бас-аяғы бірнеше ай барысында барлық «Отанын сатқандардың» әйелдері қамауға алынып, 5-8 жыл мерзімге сотталып, ЕТЛ-не жіберілді.
Тек қана соларға арналып, осы 1937 жылғы 3 желтоқсандағы ІІХК бұйрығы негізінде, былайша айтқанда «26-нүктенің» базасында жер аударылғандардың еңбек кенті ІІХК Қарлагтың Ақмола арнайы бөлімшесі құрылды.

Бір жастан үш жасқа дейінгі балалы әйелдердің алғашқы легі Ақмолаға 1938 жылдың 6 қаңтарында келді. Бұл лагерь шындығында тым ерекше болды. «АЛЖИР» – «Отанын сатқандардың Ақмола лагері» – иә, тұтқын әйелдер оны осылай қалжыңдап атайтын. Мұнда этаппен 20 мыңнан астам әйелдер өткен, ал, 8 мыңнан астам әйел «АЛЖИР-де» «қоңыраудан-қоңырауға» дейінгі мерзімдерін отырып шыққан. Негізінен олар аттары Одақ көлеміне кеңінен танылған: Әзиза Рысқұлова мен оның анасы Әрипа Есенғұлова, Дәмеш Жүргенова, Рабиға Асфендиярова, әнші Лидия Русланова, жазушы Галина Серебрякова, маршал Тухачевскийдің отбасындағы әйелдер, жазушылар Борис Пильняктың әйелі Кира Андронникошвили, Юрий Трифоновтың әйелі Евгения Лурье, Болат Окуджава мен Мая Плисецкаяның аналары және т.б сынды мемлекет, саясат және қоғам қайраткерлерінің әйелдері еді.

Лагерь бірнеше саман барақтардан, төрт мұнара мен темір торлардан тұратын. Қаңтар мен ақпан айларында тұтқындалғандар үздіксіз этаппен келіп түсіп жатты. Тек қана Бутыр түрмесінен 1600 әйел әкелінді. АЛЖИР-ге әйелдер сол кездегі Одақтың сан түрлі өлкелерінен: Мәскеу, Ленинград, Украина, Грузия, Армения, Орта Азиядан жіберілді. Тұтқын әйелдерге шағын ғана лагерь тым таршылық ете бастады. Сондықтан да, жаңа келгендер қатты боран мен дауылға, ыстық пен жаңбырға қарамай барақтар салып, оларға сәкілер орнатты. Ағаш тақтайдан жасалған сәкілерге матрац орнына шөп төселді. Барақты жылыту үшін қамыс орып, оны отын ретінде пайдаланды. Жылуы жоқ, жалпылдақ қамыс екі қыс бойы олар үшін отынның негізгі түрі болды. Кезекшілікте тұрғандар түні бойы үздіксіз қамысты пешке лақтыратын, алайда, оның жылуы 6-8 градустан көтерілмейтін.

Лагерьге келгендер өздерінің тектерінен, ұлтынан, қарапайым өмірдегі мамандығынан айрылды. Бәрін бір ғана ортақ ат – халық жауы, отанын сатқандар деп атайтын. Адамдардың бәрін жеке лагерьлік арнайы киімдеріндегі қаша қалған жағдайда көздейтін нысанаға айналатын – арқасындағы, жеңдеріндегі, тізелеріндегі нөмірлерімен айырып, ажырататын. Жағдайдың соншалықты қайғылы әрі ақылға сыймайтындығына қарамастан, лагерь тұтқындары жап-жас, сұлу, көпшілігі балалы, тіпті емшектегі сәбилері бар әйелдер еді. Темір тордың арғы жағында олар өздерінің сүйіктілері мен ең ардақты азаматтарынан айрылып, «барлық ұлттардың көсеміне» табынулары керек болды. Әйтсе де, олар ешкімге де табынбаған күйі бүгінгі күнге тазалықтың, махаббат пен адалдықтың қасиетті сәулесін жеткізіп кетті.

Лагерьдің алғашқы бір жарым жылы тұтқындар үшін ең ауыр жылдар болды. Өндірісі жолға қойылмаған лагерь шаруашылығы, тар лашықтардағы ауыр тұрмыс және осымен бірге «арнайы контингетке» арнап қатаң оқшауландыру режимі белгіленген олардың өмірі соншалықты азапты еді. Осы кезеңдердің бәрінде АЛЖИР тек қана ОСОМ-не арналған лагерь емес, солардың ішіндегі аса қауіптілерін ұстау орны да болды. Тек 1939 жылғы мамыр айында «отанын сатқандардың» әйелдеріне қарсы бағытталған операция аяқталған соң, ГУЛАГ-тың жаңа бұйрығы шықты, осыған сәйкес, ОСОМ-і шоғырландырылған «қатаң режимнен» жалпылагерьлік режимге ауыстырылды.

Бұл АЛЖИР тұтқындары өмірінде бірнеше ұстанымдық өзгерістер алып келді. Ал, ең бастысы – әйелдерге еркіндіктегілермен хат алысуға рұқсат берілді. Көпшілігі күйеулерінің тағдыры жайлы, өз бала-шағалары туралы іздестіріп, хабар ала бастады.

«АЛЖИР» тұтқындарының бүкіл өмірі бір-бірінен айырмашылығы болмайтын сұп-сұр сұрқайы күндерден тұратын. Таңсәріден барақ алдында жалпы түгендеу, одан кейін асханадағы бір ожау сұйық ботқа. Бір тілім қара нан, ожау толмас көже мен шәй ішетін шәшкеге салынған – баттасқан ботқа – міне, бұл тұтқындардың өзгермейтін ас мәзірі болды. Жылдың қай мезгіліне қарамастан, айдан ай өзгеріп отырғанмен тамақ түрі еш өзгермейтін.

Сондықтан да, тұтқындар үздіксіз аштықтың азабын тартумен болатын. Ең ауыры олардың денсаулықтары сыр беріп, қанша қиналса да тамақ жайында әңгіме айтуға рұқсат етілмейтін.
Қарлагтың 26-нүктесіндегі тұтқын әйелдердің каторгалық еңбегі арқасында айтарлықтай қысқа мерзім ішінде лагерь көпсалалы табысты шаруашылыққа айналды, ал, өндірістік көрсеткіштер бойынша Қарлагтың барлық бөлімшелері арасынан бірінші орынға шықты.

Елді мекендерден алыс меңіреу далада әйелдер өздерін тамақпен киіммен қамтамасыз ететін үлкен өндірістік кешен құрып қана қоймай, соғыс жылдарында майданды арнайы мундирлеумен қамтамасыз етті. Лагерьде тігін фабрикасы жолға қойылып, кейіндеу кестелеп тігілетін өнімдер шығаратын цех ашылды. Степанова, Покровская, Исаева, Ситрина атты суретшілер түрлі суреттер салатын. Тұтқын әйелдер лагерьдің ауыр тіршілігіне қарамастан, Мәскеу, Ленинград, Харьков, Киев, Новосибирск және т.б үлкен қалалардың тапсырысын өте жоғары деңгейде орындап отырды. Мұнда көпсалалы ауыл шаруашылығы да маңызды орын алды.

Тарих Ақмола облысының бұрынғы Малиновка, қазіргі Ақмол ауылында болған Ақмола лагері жайлы ұмытқан жоқ. Бұл орын ХХ ғасырдағы адамзат трагедиясының үнсіз куәгері ретінде әлі де тұр.

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар