«Nur Otan» партиясы Ақмола облыстық филиалының Саяси бюро кеңесінің отырысында өңіріміздегі ауыз су, жасөспірімдер арасындағы қылмыс және тағы басқа өзекті мәселелер талқыланып, шешу жолдары қарастырылды. Комиссия отырысын облыстық филиал төрағасының бірінші орынбасары Ғалым Бекмағамбетов жүргізіп отырды.
Кеңес отырысына комиссия мүшелері және мүдделі басқармалар мен мекемелердің басшылары қатысты. Жиында облыстық энергетика және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы басқармасының басшысы Иван Юрченко баяндама жасап, өңірімізді сапалы ауыз сумен қамтамасыз ету барысы жөнінде баяндап берді.
– Жол картасы бағдарламасы аясында 2025 жылға дейін аймақтағы тұрғындарды сапалы ауыз сумен қамтамасыз ету үшін бірқатар жоспарлы жұмыс қолға алынып отыр. Өңіріміздегі 107 ауылда сумен жабдықтау желісін салу қажет. Әсіресе, Біржан сал, Атбасар, Астрахан, Зеренді, Целиноград аудандарында бұл мәселе өзекті. Біз біртіндеп сапалы ауыз су мәселесін оңтайлы шешуге тырысудамыз. Мәселен, соңғы үш жылда сумен жабдықтау жүйесімен қамтамасыз ету 12,8 пайызға артты. Ағымдағы жылы 10 ауылға су құбырлары тартылады, – дейді Иван Юрченко.
2020 жылдың қорытындысы бойынша Ақмола облысының 605 елді мекенінің 380-і, яғни, 62,8 пайызы орталықтандырылған сумен қамтамасыз етілген. 18 елді мекенде су тасымалдануда. Сонымен қатар, өңіріміздің 61 елді мекенінің даму әлеуеті төмен болуына сәйкес мұнда сумен жабдықтау жүйелерін салу тиімсіз деп танылған. Бұл ауылдар халықтың көшуіне байланысты түбегейлі жабылуы мүмкін.
Кеңес отырысында онлайн байланысқа шыққан бірқатар аудан әкімдері де елді мекендердегі ахуал туралы айтып берді. Облыстық филиал төрағасының бірінші орынбасары Ғалым Бекмағамбетов өз сөзінде әлі де болса бұл жұмысты ширату керектігін баса айтты.
Жиында талқыланған келесі мәселе – кәмелетке толмағандар арасындағы құқық бұзушылықтың алдын алу. Осы тұрғыда атқарылып жатқан іс-шаралар туралы Көкшетау қалалық білім бөлімінің басшысы Дина Башарова баяндап берді.
– Кәмелетке толмағандар арасындағы құқық бұзушылықтың алдын алу бойынша жұмыс профилактикалық сипатқа ие. Бірінші жартыжылдықтың қорытындысы бойынша мектепішілік есепте 48 оқушы тұр. Сондай-ақ, 2018-2019 оқу жылынан бастап жедел жұмысты ұйымдастыру мақсатында барлық білім беру ұйымдары мектептің электрондық картасы (МЭК) жобасына қосылды. Оның базасына мектеп әкімшіліктері есепте тұрған кәмелетке толмағандар туралы деректерді енгізеді. 2021 жылдың бірінші жартыжылдығында ювеналды полиция бөлімінде 39 оқушы есепте тұр. Өткен 2020 жылы қала мектептерінің оқушылары 2 қылмыс, 2019 жылы 6 қылмыс жасаған.
Оның 6-уы ұрлық, екеуі алаяқтық. Оқу орындарының қызметін талдау қазіргі жағдайда жас ұрпаққа тәрбие беру проблемалары күрт ушығып кеткенін көрсетеді. Өтпелі жасқа, толық емес отбасындағы тәрбиеге, ата-аналардың бала тәрбиесіне уақыттың жетіспеуіне, жасөспірімдер мен дисфункционалды отбасылардағы психологиялық қақтығыстарға байланысты проблемалар баршылық,– дей келіп, білім бөлімінің басшысы өзекті мәселенің түп-тамырына, оны шешудің жолдарына тоқталып өтті.
Сонымен қатар, отырыста Степногорск қалалық білім бөлімінің білім беру мекемелерінде мемлекеттік қызмет туралы заңның сақталуы мен сыбайлас жемқорлыққа қарсы атқарылып жатқан іс-шаралар туралы мәселе де талқыланды.
Ұлмекен ТЫНЫШТЫҚҚЫЗЫ,
«Арқа ажарының» өз тілшісі.