Тұрғын үй құрылысы қарқын алуда

Өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен брифингте Ақмола облыстық құрылыс басқармасы басшысының орынбасары Елена Искакова 2020-2025 жылдарға арналған «Нұрлы жер» тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығын дамыту мемлекеттік бағдарламасының облысымызда іске асырылу барысына тоқталды.

Тұрғын үй құрылысын жүзеге асыру мәселесі аталмыш бағдарламаның бірінші бағытында қарастырылады. Оған бірыңғай тұрғын үй саясатын жүзеге асыру, тұрғындарды сапалы ауыз сумен және су тарту қызметімен тиімді қамтамасыз ету, тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық секторын жаңарту және дамыту, тұрғын үйлерді күрделі жөндеу және үй қорын толтыру, сәулет, қала құрылысы мәселелері кіреді.

– «Нұрлы жер» мемлекеттік бағдарламасын жүзеге асыру жылдары облыста 2,0 миллион шаршы метрден астам тұрғын үй пайдалануға беріліп, 17 мыңнан астам отбасының пәтер мәселесі шешілді. 2020 жылы 574 мың шаршы метр тұрғын үй салынса, 2021 жылдың 5 айында 241,0 шаршы метр тұрғын үй салынады деп болжануда. Бұл үшін 10,5 миллиард теңге қарастырылған. Ол республикалық және облыстық бюджет қаржысы есебінен 71 көп пәтерлі тұрғын үйдің немесе 3061 пәтердің құрылысы жобалануда.

Сатып алуға құқы жоқ жалға берілетін тұрғын үйдің құрылысына республикалық бюджеттен 2,5 миллиард теңге, облыстық бюджеттен 1,8 миллиард теңге бөлінді. Жалға берілетін тұрғын үйді пайдалануға беру ісінде оң серпіліс сақталуда. Биылғы жылы республикалық және облыстық бюджет қаржысы есебінен жалға берілетін 815 пәтерлік 23 тұрғын үйдің құрылысын аяқтау жоспарлануда. Мемлекеттік құнды қағаз шығару есебінен несиелік тұрғын үй құрылысына 1,5 миллиард теңге бөлінді.

Үстіміздегі жылы Көкшетау мен Степногорск қалаларында, Бұланды, Ақкөл, Ерейментау аудандарында 11 несиелік көп пәтерлі тұрғын үйді пайдалануға беру жоспарлануда. Облыстың 9 өңіріне қосымша 1,9 миллиард теңге қаржы бөлу қарастырылған,–деген Елена Искакова биылғы жылы инженерлік-коммуникациялық инфрақұрылымдар құрылысына республикалық бюджеттен 1 182,9 миллион теңге, облыстық бюджеттен 1 074,5 миллион теңге бөлінгенін айтты.

Үстіміздегі жылы Көкшетау мен Степногорск қаласының және Ақкөл, Аршалы, Целиноград, Шортанды ауданының 1692 жер учаскесінде инженерлік жүйені қамтамасыз ету жоспарлануда. Тұрғын үй құрылысы және қаржыны игеру бағдарламалар әкімшісінің тұрақты бақылауында тұр. Бағдарламаларды орындау тұрғын үй құрылысы қарқынын жыл сайын үдетуге және облыс тұрғындарының осы жағдайын жақсартуға мүмкіндік береді. Брифинг соңында басқарма басшысының орынбасары журналистер қойған сауалдарға жауап берді.

Рамазан ТІЛЕУОВ,
«Арқа ажарының» өз тілшісі.
Суретті түсірген Берік ЕСКЕНОВ.

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар