Шахмет Құсайынов атындағы Ақмола облыстық қазақ музыкалық-драма театрының ХХІV маусымының жабылуына көрнекті қырғыз жазушысы Шыңғыс Айтматовтың туындысының желісімен жазылған Елена Баранчикованың «Шыңғыс хан» драмасы таңдап алынды. Қоюшы режиссері – Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Мұратбек Оспанов, орысшадан аударған танымал қаламгер Серік Жетпісқалиев.
Еске сала кетер болсақ, аталмыш қойылымның премьерасы ағымдағы жылдың наурыз айында қойылған еді. Тарихи оқиғаларға негізделген аталмыш көркем туындыны театр актерлары бір деммен, тиісті деңгейде сахналап шықты.
Спектакль аяқталған соң, театр директоры Мұратбек Үкібайұлы қорытынды сөз сөйлеп, пандемияға қарамастан өнерге адалдық танытып келген көрерменге шынайы алғысын білдірді. Осы жерде жыл бойы көрермен арасында жүргізілген сауалнама арқылы «Жылдың үздік актері» мен «Жылдың үздік актрисасы» анықталды.
Сонымен, Қазақстан Республикасының «Мәдениет саласының үздігі» Маржан Бөкешова жылдың ең үздік актрисасы атанса, Еркебұлан Төлеуов үздік актер деп танылды. Жеңімпаздарға арнайы статуэткалар мен дипломдар табыс етілді. Облыстық мәдениет, архивтер мен құжаттамалар басқармасының басшысы Айгүл Сәбитова да өнер ұжымына ақ алғысын айтып, шығармашылық ұжымның қызметкерлеріне Алғыс хаттар мен гүл шоқтарын табыс етті.
Ырысалды АХМЕТҚАЛИЕВА.