Вакцина алу аурудың таралуын бәсеңдетеді

Облысымызда коронавирустық инфекцияға қарсы вакцина егуге 86 вакцинация пункті жұмылдырылған. Оған қоса, ауылдық елді мекендерде екпе салуға арналған вакцинация пункттері бар.

Жалпы, облыста вакцинацияның 26 жылжымалы мобильді тобы жұмыс істейді. Оның 7-еуі қалада, 19-ы ауылдық жерлерде. Вакцинация орталықтары мен вакцинация бригадалары тоңазытқыш жабдықтарымен қамтамасыз етіліп, суық тізбек үнемі бақыланып отырады.

Қауіпті инфекцияға қарсы вакцина алғысы келетін кез келген адам жергілікті дәрігерге бұл туралы телефон арқылы хабарлауы тиіс. Емханада сол адамды тізімге енгізе отырып, екпе алуға шақырады. Сондай-ақ, Денсаулық сақтау министрлігі «электрондық үкімет» порталында «Вакцинацияға тіркелудің» жаңа қызметін іске қосқан. Өңірлік санитарлық-эпидемиологиялық бақылау департаментінің мәліметінше, облыста «Спутник-V» вакцинасының 61600 дозасы бойынша бірінші компонентпен 60424 адам екпе алған. Ал, «QazVac» вакцинасы 1000 доза көлемінде жеткізіліп, 1000 адам вакцинацияланған.

Сондай-ақ, екінші компонентпен 660 адам вакцинация алған. «Xayat Vak» вакцинасынан 20000 доза әкелініп, бүгінгі күнге дейін оның бірінші компонентімен 10297 адам вакцинацияланса, екінші компонентті енгізу ағымдағы жылдың 28 мамырында басталады деп күтілуде. Жалпы, өңірде үш вакцина да вакцинацияланған.
Еліміздің ересек тұрғындарын вакцинамен қамтудың кем дегенде 60 пайызы орындалған кезде ұжымдық иммунитет қалыптасады екен. Сонда ғана барлық шектеу шаралары алынып тасталады.

Соңғы тәулікте 80 адам індет жұқтырды

Облыста COVID-19 қауіпті індетін 22296 адам жұқтырғаны зертханалық жолмен расталып, тіркелген. Оның 15868-і симптомды болса, 6428-і қауіпті вирусты тасымалдаушылар. Ал, осы қауіпті індеттен бүгінге дейін 109 адам көз жұмған.

Сондай-ақ, емханаға өз еріктерімен келіп тексерілген кезінде анықталған 11804 жағдайлардың жалпы санынан 7896 адам індет жұқтырғандармен байланыс-та болса, 2596-сынан профилактикалық скрининг кезінде анықталған. Сонымен қатар, өткен жылы COVID-19-дан 7247 жағдай зертханалық жолмен расталса, биылғы жылы бұл көрсеткіш 15049 адамға жеткен, тек мамыр айының өзінде 3852 адам осы қауіпті індеттен зардап шекті. Нақтырақ айтсақ, соңғы аптаның ішінде, яғни, ағымдағы жылдың 23 мамырынан 30 мамырына дейін COVID-19-дан 825 жағдай тіркеліп отыр, ал, өткен аптада 945 жағдай тіркелгенін ескерсек, бұл індеттің сәл де болса, төмендегенін байқауға болады.

Соңғы анықталған 80 адамның 73-інде ауыру белгілері болса, жетеуі ауруды тасымалдаушылар. Бұл қауіпті індет бойынша соңғы бір тәулікте ересектер арасында 72 жағдай тіркелсе, сегізі 14 жасқа дейінгі балалар арасында кездесіп отыр.

Жалпы, пандемиядан соңғы бір тәулікте мектеп оқушылары арасында Көкшетау қаласында тағы 3 жағдай тіркелген. Оның біреуі тұрақты режимде оқыған оқушыда тіркелсе, екеуі онлайн режимде. Ал, осы қауіпті індеттен соңғы тәулікте Астрахан, Атбасар, Бұланды, Есіл аудандары мен Көкшетау қаласынан бір-бірден 5 жағдай мектеп қызметкерлері арасында тіркеліп отыр. Оның біреуі тұрақты режимде анықталса, төртеуі онлайн режимде.
Сондықтан, санитарлық режимді сақтап, өзіміз бен балаларымызды, қауіпті індеттен қорғауға тырысайық.

Асылай ҚАДЫРҚЫЗЫ,
«Арқа ажарының» өз тілшісі.

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар