Жол активтерінің Ұлттық сапа орталығы Ақмола облыстық филиалының қызметкерлері Сандықтау ауданында орналасқан «Өмірлік қиын жағдайдағы балаларды қолдау орталығы» коммуналдық мемлекет мекемесіне тәрбиеленушілерімен кездесті, деп хабарлайды ведомствоның баспасөз қызметіндегілер.
Жолшылар жас жеткіншектерді Халықаралық балаларды қорғау күнімен құттықтап, мерекеге орай, сыйлықтар үлестірді. Облыстық білім басқармасының және аталмыш орталық жетекшілерінің ұсынысымен 3-тен 16 жас аралығындағы балаларға спорттық жабдықтар, оқу құралдары тарту етілді.
Ұзақ жылдар бойы Сандықтау «балалар үйі» ретінде қызмет атқарған мекеме қайта құрылып, жасөспірімдерді қоғамға бейімдеуге, жан-жақты тұлға қалыптастыруға басымдық берген. Биыл коммуналдық мемлекеттік мекемеге – 100 жыл.
Кездесуде балалар да жүрекжарды қуанышымен бөлісіп, филиал өкілдеріне арнап әзірлеген музыкалық ән-шашуын арнады. Жол активтерінің Ұлттық сапа орталығы Ақмола облыстық филиалының директоры Талғат Жүсіпов жоғары сынып оқушыларының жолшы мамандығы туралы сауалдарына жауап беріп, салаға оқуға түсуге шақырды.