Notice: Function _load_textdomain_just_in_time was called incorrectly. Translation loading for the wp-latest-posts domain was triggered too early. This is usually an indicator for some code in the plugin or theme running too early. Translations should be loaded at the init action or later. Please see Debugging in WordPress for more information. (This message was added in version 6.7.0.) in /var/www/vhosts/arka-azhary.kz/httpdocs/wp-includes/functions.php on line 6114
4 маусым – Қазақстан Республикасының Мемлекеттік рәміздер күні - АРҚА АЖАРЫ

4 маусым – Қазақстан Республикасының Мемлекеттік рәміздер күні

Бірлік пен жасампаздықтың жарқын нышаны

2021 жыл Қазақстан Республикасы Тәуелсіздігінің 30 жылдығымен сабақтасып жатса, келесі жылы ел рәміздерінің 30 жылдығы аталып өтіледі. Бұл мерейтойлық даталардың әрбіреуінің қазақстандықтар үшін ерекше маңызы зор. Біздің ең басты қол жеткізген жетістігіміз – Қазақстанның Тәуелсіздігі. Ал, Елтаңба, Ту және Әнұран – мемлекеттің егемендігі мен біртұтастығын бейнелейтін ажырамас атрибуттар болып табылады.

Тәуелсіз Қазақстанның алғашқы басты оқиғаларының бірі 1992 жылғы 4 маусымдағы Мемлекеттік Ту мен Елтаңбаның бекітілуі болды. 2007 жылғы 4 маусымда «Қазақстан Республикасының Мемлекеттік рәміздері туралы» Конституциялық заң қабылданды. Бұл күн ел тарихында мәңгі сақталып, мемлекеттік рәміздер күні ретінде үнемі аталып өтіліп келеді.

Мемлекеттік рәміздерімізді жасаудың бастамашысы – Тұңғыш Президент Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев. Сондай-ақ, Елбасы мемлекеттік әнұранның авторларының бірі болып саналады. «Мемлекеттік рәміздер – бұл біздің мемлекетіміздің, біздің егемендігіміздің берік негіздерінің бірі. Олар тәуелсіздіктің қасиетті біріктіруші бейнесін білдіреді!»,– деп атап өткен болатын бұл орайда Нұрсұлтан Әбішұлы.

Шынында да, мемлекеттік рәміздерде өз Отанына қызмет ету, халықтың тарихи тамыры мен дәстүрлерін құрметтеу идеалдары айқын бейнеленген.
Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев: «Қазақстанның туы көкке көтерілген сәтте біздің жүрегіміз еліміз үшін, Тәуелсіздіктің арқасындағы барлық жетістіктеріміз үшін мақтаныш сезіміне кенеледі!» деген еді. Біздің спортшыларымыз әлемдік додаларда жеңіске жетіп, аспан түстес көгілдір туымыз биікте желбірегенде, әрқайсымыздың кеудемізде мақтаныш сезімі ұялап, осындай эмоцияларды бастан кешеміз. Әлемдік деңгейдегі аса маңызды шешімдер қабылданатын форумдарда да біздің Туымыздың болуы Қазақстанның әділдік пен бейбітшілікті, келісім мен өзара түсіністікті қорғаудағы пікірі ескерілетінін білдіреді. Мемлекеттік рәміздер – Отан қорғаушылар мен бүгінгі таңда ел мүддесін жоғары қоятындарға құрмет көрсету арқылы оларды жадымызда сақтауды білдіреді.

Сондықтан, Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаевтың 2020 жылы заңнаманың мемлекеттік рәміздерді қолдану бөлігіне түзетулер енгізу туралы бастамасы өте өзекті болды. Енгізілген түзетулердің нәтижесінде Қазақстан Республикасының азаматтары үшін Мемлекеттік туды пайдаланудың аясы кеңейтілді.
Мемлекеттік рәміздерді қолдану жүйесіне біздің облыста да ерекше көңіл бөлінеді. Ақмола облысы әкімінің жанында Мемлекеттік рәміздер жөніндегі комиссия жұмыс істейді. Әр жарты жыл сайын комиссия мүшелері мен ішкі саясат басқармасының қызметкерлері мемлекеттік рәміздердің қолданылуының жай-күйіне мониторинг жүргізіп отырады.

Мәселен, ағымдағы жылдың бірінші жартыжылдығында 23 облыстық, 24 аумақтық мемлекеттік органдарда және 4 ауданда, нақты айтқанда, Ақкөл, Бұланды, Шортанды және Целиноград аудандарында Қазақстан Республикасының Мемлекеттік рәміздерін қолдану және пайдалану сапасына мониторинг жүргізілді. Мониторинг барысында жалпы жұмыс, сондай-ақ, қолданыстағы заңнамаға сәйкес мемлекеттік рәміздерді мемлекеттік органдарда пайдалану, белгілеу және орналастыру бөлігінде жергілікті атқарушы органдар тарапынан бақылау тиісті деңгейде жүргізілетіні анықталды.

Мониторинг жүргізілген аудандық, қалалық әкімдіктердің ресми сайттарында заңнама талаптарына сәйкес Қазақстан Республикасы Мемлекеттік рәміздерінің бейнелері орналастырылған арнайы бөлімдер бар және онда толық сипаттамалар берілген.
Жалпы, мемлекеттік рәміздерімізді қолдану және орналастыру мәселелері өңірлерде әлеуметтік салаға жетекшілік ететін әкімдердің орынбасарларының тарапынан тұрақты бақылауда ұсталып келеді.

Мемлекеттік рәміздердің маңыздылығы көптеген әлеуметтік бағдарламалардың тақырыптық негізіне алынған. Осылайша жыл сайын мемлекеттік тапсырыс шеңберінде «Қазақстан Республикасының Мемлекеттік рәміздерін насихаттауға бағытталған іс-шаралар кешенін өткізу» жобасы іске асырылады.
Мемлекеттік рәміздерді жастар арасында өткізілетін патриоттық іс-шаралар кезінде пайдалану арқылы олардың санасын жаңғырту бағыты ерекше маңызға ие бола түсуде. Осылайша барлық іс-шаралар мемлекеттік атрибутиканы, яғни, елдігіміздің айқын нышандарын пайдалана отырып жүргізіледі. Мысалы, Ұлы Отан соғысындағы Жеңістің мерейтойына орай, ағымдағы жылы волонтерлер үш мыңнан астам көгілдір Жеңіс лентасын таратты, ал, мемлекеттік рәміздер күнін мерекелеу аясында екі мыңға жуық мемлекеттік ту тігіліп, Мемлекеттік рәміздері бар футболкалар киілетін болады.

Қазақстан Республикасы Тәуелсіздігінің 30 жылдығы аясында былтырдан бері қазақстандық бірегейлікті, патриотизмді және ұлттық бірлікті қалыптастыруға бағытталған мемлекеттік рәміздерді пайдалана отырып, 3 мыңнан астам патриоттық іс-шара өтті.

Осылайша Тәуелсіздік күні аясында өткен «Менің Туым, менің Отаным!» патриоттық акциясы халық арасында кең қолдау тапты. Аталған іс-шараға барлық аудандар мен ауыл-аймақтардағы үлкен-кіші, жас-кәрі белсене қатысып, бұл челлендж үлкен мерекеге айналды десе болады. Жастардың туған елі мен жеріне деген сүйіспеншіліктері мол екендігін, бойларында өр-намыстары мен ұлтжандылықтары жанып тұрғанын осы челленждерде түсірілген бейнероликтерден айқын байқауға болады.

Тіпті, жойылып кетудің аз-ақ алдында тұрған бес-алты үйі бар кішкентай елді , тарап кеткен ауылдардың өзінде осындай патриоттық іс-шараға жиналған бұрынғы ауыл тұрғындарының ауызбірлігі, олардың мемлекеттік Туды ұстап шығуы тәуелсіздігіміздің мығым, ата-баба аңсаған азаттығымыздың мәңгі боларын, мемлекеттік нышандарымыз әлі де талай додаларда биікте желбірейтіндігін көрсетіп берді.

Біздің облыста бастау алған аталмыш акция кейін басқа өңірлерде де белсенді түрде жалғасын тапты. Облыста өткен осындай акция аясында ту тұғырда 200-ден астам ту көтерілді. Және облыстағы жастар белсенділері 10 мыңнан астам қол жалаушаларын тарату бойынша акция ұйымдастырды. 3 мыңнан астам мемлекеттік ту тұрғын үйлердің терезелері мен балкондарында, 87 кәсіпорында, туристік, әлеуметтік және ойын-сауық нысандарында орналастырылды.

Бурабай ауданында жастар қоғамдық ұйымдарының өкілдері 5х10 көлеміндегі мемлекеттік туды Бөлектаудың биігіне орналастырса, көкшетаулықтар Бұқпа тауына көтерді. Барлық білім беру мекемелерінде арнайы дәрістер, конференциялар, дөңгелек үстелдер, пікірсайыстар, танымал адамдармен кездесулер, патриоттық әндер, сурет салу мен шығармалар жазу байқаулары өткізіледі.

Әрине, елдегі коронавирус пандемиясына орай эпидемиологиялық жағдайды ескере отырып, іс-шаралардың негізгі ауқымы онлайн режимде ұйымдастырылуда. Әлеуметтік желілерде #Мой флаг Моя Родина, «Цвет Моей Родины», #Наш Общий Праздник хэштегтерінің астында 15 мыңнан астам пост жарияланды. Бұқаралық ақпарат құралдарында мемлекеттік рәміздерге қатысты 2,5 мыңға жуық материалдар жарық көрді.

Жалпы, патриоттық тәрбие беру, халқымыздың бірлігін нығайту бағытындағы жұмыстарымызда қол жеткен жетістіктер бүкіл қоғамның белсенді қатысуы арқасында мүмкін болып отыр. Ал, Отан мен қоғам отбасынан, қазақстандықтарды ерте жас-тан бастап өмір бойы өз Отанына, оның Туына, Елтаңбасына және Әнұранына шынайы махаббат пен терең құрмет сезіміне тәрбиелеуден басталады. Тек, бірлескен күш-жігердің арқасында ғана біз тәуелсіз Қазақстанның шынайы патриоттарын тәрбиелей аламыз.

Алтынай ӘМІРЕНОВА,
Ақмола облыстық ішкі саясат басқармасының басшысы

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар