Көкшетауда жаңа аурухана салынады

«Nur Otan» партиясының Ақмола облыстық мәслихатындағы депутаттық фракциясының кезекті отырысында «Өзгерістер жолы: баршаға лайықты өмір» атты облыс бойынша сайлауалды бағдарламаның іске асырылу барысы талқыланды.

Отырыста аталмыш жол картасының «Өмір сүру ұзақтығын ұзарту», «Тұрмыстық жағдайды жақсарту» және «Кәсіпкерлерді қолдау» бағыты бойынша жауапты депутаттар өз жұмыстарынан есеп берді. Мәселен, облыстық партия филиалы жанындағы денсаулық сақтау саласын дамыту бағыты бойынша қоғамдық кеңестің төрағасы, облыстық мәслихат депутаты Ерлан Аяғанов «Медициналық көмектің сапасын арттыру» бағыты бойынша денсаулық саласындағы жетістіктер мен бірқатар проблемаларға тоқталды.

Қазіргі таңдағы облыс көлемінде медициналық ұйымдардың жабдықталуы 75,97 пайызды құрайды. 2021 жылы денсаулық сақтау мекемелерінің материалдық-техникалық базасын денсаулық сақтау саласына арналған республикалық бюджеттен бөлінетін субвенциялар есебінен нығайту мақсатында 924,3 миллион теңгеге 77 медициналық жабдық сатып алу жоспарланған. Бүгінде медициналық жабдықталу ойдағыдай жүріп жатқанымен, өңірімізде 290 дәрігер маманы тапшы. Сондықтан, маман тапшылығы мәселесін шешу үшін облыстық бюджет есебінен 35 студент республиканың жоғары оқу орындарында резидентураға оқуға жіберілсе, оған қоса, Көкшетау мемлекеттік университетінің «Жалпы медицина» мамандығына 50 грант бөлінген.

Өңірде медицина ұйымдарының құрылысы да жүріп жатыр. Бүгінгі күні құрылыс басқармасы мердігерлермен Қараөткел ауылында дәрігерлік амбулатория, Целиноград ауданы, Қоянды ауылында алғашқы медициналық-санитарлық көмек пунктінің құрылысын бастау үшін келісім-шарттар жасасқанынан хабардар еткен Ерлан Аяғанов, сонымен бірге, 2023 жылға дейін Көкшетауда 630 төсек-орындық көпсалалы облыстық аурухана мен жедел жәрдем станциясының құрылысы жүргізілетінін де атап өтті. Бұл құрылыс үшін «Сарыарқа» шағын ауданынан 17 гектар жер бөлінген. Құрылыс мемлекеттік-жекеменшік серіктестік аясында қолға алынбақшы. Ал, жедел жәрдем станциясының құрылысы үшін аталмыш шағын ауданынан 1,5 гектар жер учаскесін бөлу жұмыстары жүргізілуде.

Сонымен қатар, фракция отырысында «Тұрмыстық жағдайды жақсарту» индикаторы бойынша есеп берген облыстық мәслихат депутаты Абай Жорабек төрт айдың қорытындысы бойынша Ақмола облысында 198 мың шаршы метр тұрғын үй алаңы пайдалануға берілгендігін мәлімдеді. Сондай-ақ, биыл көп балалы отбасыларға арналған тұрғын үй құрылысына республикалық бюджеттен 1,0 миллиард теңге бөлініп отыр. Жыл соңына дейін 179 көп балалы отбасын баспанамен қамтамасыз ету жоспарлануда.

Өңіріміздің Ақкөл, Егіндікөл, Жақсы, Зеренді, Сандықтау, Шортанды аудандары мен Көкшетау қаласында тұрғын үйді пайдалануға беру жоспары орындалмаған. Бұл мәселе депутаттардың тікелей бақылауында деп сендірді А.Жорабек. Облыстық мәслихат депутаты Әділ Жұмабаев Целиноград, Аршалы аудандары және Көкшетау қаласында шағын және орта бизнес кәсіпкерлерінің қатары өскенін атап өтті. Оған қоса, «Бизнестің жол картасы -2025» бағдарламасы бойынша ең көп қабылданған жобалар тағы да жоғары да айтылғандай, Целиноград және Бурабай аудандары мен Көкшетау қаласының үлесіне тиесілі.
Жауапты депутаттардың есебін тыңдаған фракция мүшелері күн тәртібіндегі барлық мәселелерді өз бақылауына алды.

Асылай ҚАДЫРҚЫЗЫ,
«Арқа ажарының» өз тілшісі.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар