Notice: Function _load_textdomain_just_in_time was called incorrectly. Translation loading for the wp-latest-posts domain was triggered too early. This is usually an indicator for some code in the plugin or theme running too early. Translations should be loaded at the init action or later. Please see Debugging in WordPress for more information. (This message was added in version 6.7.0.) in /var/www/vhosts/arka-azhary.kz/httpdocs/wp-includes/functions.php on line 6114
Өнеркәсіп саласында 112 жоба қолға алынып отыр - АРҚА АЖАРЫ

Өнеркәсіп саласында 112 жоба қолға алынып отыр

Индустриалдық сектор Ақмола облысы экономикасының басты саласына айналуда. Өңірдің жалпы өңірлік өнімінде оның үлесі 30 пайызға жетті. Облыстың индустриалдық секторында 1226 кәсіпорын мен өндіріс жұмыс істейді. Аталмыш басқарма басшысы өз сөзінде соңғы 10 жылда тауарлық өнім өндірісі 5 есе өскенін атап өтті.

–Өнеркәсіп өндірісінің көлемі өткен жылдың қорытындысы бойынша 1 триллион теңгеге, 2021 жылдың төрт айында 332,8 миллиард теңгеге жетті. Өңірдің өңдеуші өнеркәсібінің үлесі елімізде ең жоғарғысының бірі және орташа республикалық деңгейден екі есе артық.

Ел көлемімен салыстырғанда Ақмола облысында теміржол подшипниктері 100 пайыз, мамандандырылған автокөлік 75 пайыз, астық жинайтын комбайндар 55 пайыз, тракторлар 34 пайыз, өңделмеген алтын 30 пайыз, құс еті 23 пайыз, полипропилен қаптары 20 пайыз, өңделген сүт 16 пайыз, керамикалық кірпіш 14 пайыз, жүк автокөліктері 11 пайыз, уран 10 пайыз өндіріледі.

Биылғы жылдың төрт айының қорытындысы бойынша өнеркәсіпке бағытталған негізгі капиталдағы инвестиция көлемі 38,6 миллиард теңгені құрады. Оның жартысын өңдеуші өнеркәсіп инвестициясы құрайды. Облыс бойынша инвестицияның жалпы көлемі 102,7 миллиард теңгені құрады.

Бұл өткен жылғы деңгейден 16,4 пайыз артық. Негізінен инвестиция көлемінің өсуіне өнеркәсіп саласындағы инвестициялық жобаларды жүзеге асыру ықпал етеді,–деген Ербол Оспанов биылғы жылы барлық салаларда 112 жоба енгізу жоспарланғанын айтты. Бұл жобалар жүзеге асырылғанда 2,4 мың жұмыс орны ашылмақшы. Оның ішінде өнеркәсіп пен өңдеу саласының 25 жобасы 1,2 мың адамды жұмыспен қамтиды. Бұған «Ақсу Технолоджи», «Ақ дала агро», «ЕНКИ», «Виччи» серіктестіктері тәрізді тамақ өнеркәсібі мен құрылыс индустриясы саласындағы жобаларды жатқызуға болады.

Биылғы жылы индустрияландыру бағдарламасы бойынша 4 жоба жүзеге асырылып, 74 жаңа жұмыс орны ашылады. Жалпы, өнеркәсіп саласында келешекте 48 жобаны жүзеге асыру жоспарланған екен. Бұл жобаларды уақытында жүзеге асыру негізгі капиталға инвестиция көлемін жеткізу міндетін орындауға мүмкіндік береді.

–Ең маңызды жұмыс бағытының бірі экспортты дамыту болып табылады. Бұған Мемлекет басшысы Қазақстан халқына арнаған Жолдауында ерекше назар аударды. 2021 жылдың екі айындағы экспорттың жалпы көлемі 39,2 пайызға ұлғайды. Осы мезгілде шикізатқа жатпайтын экспорт 10,7 миллион АҚШ долларын, мұндай экспорттың үлесі облыс экспорты жалпы көлемінің 13 пайызын құрады.

Экспорт әлемнің 26 еліне шығарылады. Облыста елуден астам экспортерлар компаниясы жұмыс істейді. Бүгінгі күні облыста импортты ауыстыруды дамыту бойынша 49 жоба құрылды. Біз кәсіпкерлікті қолдау саласындағы өкілетті мемлекеттік орган ретінде алға қойылған міндеттерді орындау үшін бар күшімізді саламыз,–деген басқарма басшысы журналистер сауалына тұшымды жауап берді.

Рамазан ТІЛЕУОВ,
«Арқа ажарының» өз тілшісі.
Суретті түсірген Советбек МАҒЗҰМОВ.

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар