Жақсы жабдықталған өрт сөндіру бекеттері керек

«Nur Otan» партиясының Ақмола облыстық филиалы жанындағы Сыбайлас жемқорлыққа қарсы кеңес пен партиялық бақылау комиссиясының кезекті отырысы болып өтті. Жиында Жақсы, Жарқайың, Ақкөл, Аршалы, Атбасар, Ерейментау, Зеренді және Бурабай аудандарын төтенше жағдайларды жою инфрақұрылымымен қамтамасыз ету мәселелері талқыланды.

Бұл туралы Ақмола облыстық төтенше жағдайлар департаменті бастығының орынбасары Қанат Доспаев баяндады.

– 2016 жылдан күні бүгінге дейін облыс аумағында 34 өрт сөндіру бекеті құрылған. Ақмола облысының аумақтарын дамытудың 2016-2020 жылдарға арналған бағдарламасына сәйкес 28 өрт сөндіру бекетін құру көзделсе, ол жоспар асыра орындалғанын байқауға болады. Құрылған бекеттер 125 елді мекенді өрттен қорғауды қамтамасыз етіп отыр.

Осылайша аумақты дамыту бағдарламасы 100 пайызға орындалып отыр деуге әбден негіз бар. Алдағы жоспар бойынша 2021-2025 жылдар аралығында облыс аудандарында тоғыз өрт сөндіру бекетін құру көзделіп отыр. Сондай-ақ, Целиноград ауданының Қосшы, Қоянды, Талапкер ауылы мен Аршалы ауданының Жібек жолы ауылында өрт сөндіру бекеттерінің аса қажет екендігін ескере отырып, республикалық бюджет қаражаты есебінен арнайы ғимарат салу жоспарланған, – дейді Қанат Доспаев.

Партиялық бақылау комиссиясы тиісті сала басшыларына бюджеттен қыруар қаражат бөлініп салынатын өрт сөндіру бекеттерінің сапасы мен тиімділігін қатаң қарастыруды тапсырды. Себебі, соңғы жылдары өрт қауіпсіздігін сақтамаудың салдарынан қаншама қайғы-қасірет орын алып жатыр. Бір ғана Риддерде болған өрттің өзі кім-кімге болмасын сабақ болуы керек дейді жиынға қатысушылар.

«Nur Otan» партиясының 2025 жылға дейінгі «Өзгерістер жолы: әр азаматқа лайықты өмір!» атты сайлауалды бағдарламасының «Қауіпсіз аймақ» индикаторы бойынша атқарылып жатқан істер туралы Ақкөл ауданының әкімі, аудандық партия филиалының төрағасы Алпысбай Қайыржанов есеп берді. Ол өз баяндамасында өрт қауіпсіздігі мәселесін де тілге тиек етіп өтті. Ақкөл ауданы қалың қарағайлы өңір. Әсіресе, жаз мезгілінде өрт қауіпсіздігін қадағалау басты міндеттердің бірі болып табылады. Баяндамашының айтуынша халық саны көп шоғырланған ауылдардың бірі Азат ауылында ағымдағы жылы жаңа өрт сөндіру бекетін құру жоспарланған.

Қазіргі таңда сауда саласында қолма-қол ақшасыз төлемдер қолданысқа енген. Былайғы жұртшылық, тұтынушы халық қолма-қол ақшадан гөрі карточкалық төлеммен сауда жасауды үйреніп алды. Отырыс барысында халықтың мемлекеттік қызметтер сапасына деген көзқарасы, электрондық форматта көрсетілетін мемлекеттік қызметтердің санын арттыру, облыс әкімінің, жергілікті атқарушы органдардың, орталық мемлекеттік органдардың аумақтық бөлімшелерінің басшыларының қатысуымен «Ашық есік күнін» өткізу тәжірибесі де талқыланды.

Ақмола облысының жергілікті атқарушы органдарына жүргізілген әлеуметтік сауалнамалардың нәтижесі бойынша қызмет алушылар мемлекеттік қызметтер көрсету сапасына оң баға берген.

Алайда, қоғамдық мониторинг шеңберінде мемлекеттік қызметтер көрсету кезінде біршама қиындықтардың туындайтыны да өтірік емес. Кеңесте бұл туралы Ақмола облысы әкімі аппаратының мемлекеттік қызметтерді көрсетуді талдау бөлімінің басшысы Данагүл Жұмабек тарқатып айтып берді.

Ол өз баяндамасында мемлекеттік қызметтерді көрсететін қызметкерлердің құзыреттілігінің төмендігін, мемлекеттік қызметтерді ұсыну мүмкіндіктері туралы халықты ақпараттандырудың жеткіліксіз деңгейі мен ақпараттық жүйелердің жұмыс істемейтіндігін қынжыла жеткізді.
Жиын қорытындысы бойынша тиісті қаулылар қабылданып, жергілікті атқару органдарына жолданатын болды.

Ұлмекен ТЫНЫШТЫҚҚЫЗЫ,
«Арқа ажарының» өз тілшісі.

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар