Биылғы халық санағы «Қазақстанда әркім маңызды!» атауымен өтеді

Бүгінде Қазақстан Республикасының барлық өңірлерінде ағымдағы жылдың 1 қазаны мен 30 қазаны аралығында кезекті халық санағы өткізілетіні белгілі. Халық санағын дайындау мен өткізу жауапкершілігі Қазақстан Республикасының Стратегиялық жоспарлау және реформалар агенттігі мен оның аумақтық органдарына жүктелген болатын. Міне, осыған орай, Ақмола облысында халық санағына дайындық пен оны өткізу бойынша жергілікті атқару органдары мен жеке департаменттер және басқармалар алдында үлкен де жауапты міндеттер тұр.

Алдымен, биылғы жылы өтетін үшінші ұлттық халық санағы туралы ел Үкіметінің 2019 жылғы 19 маусымдағы №419 «2021 жылы Қазақстан Республикасы халқының ұлттық санағын өткізу туралы» Қаулысы қабылданған және оған 2020 жылғы 16 қыркүйектегі №587 өзгертулері енгізілген. Осының негізінде Қазақстан Республикасы халқының ұлттық санағын өткізу бойынша іс-шаралар жоспары бекітілген болатын.

Сондықтан, халық санағын өткізудің заңды негізі ретінде біріншіден, «Мемлекеттік статистика туралы» 2010 жылғы 19 наурыздағы Қазақстан Республикасының Заңы және одан кейін «Ұлттық санақтарын өткізу ережелері мен мерзімдерін бекіту туралы» Қазақстан Республикасы Үкіметінің Қаулысы басшылыққа алынады. Бұл ұлттық санақ «Қазақстанда әркім маңызды!» атты ұранмен өткізіледі.

Ақмола өңірінде де «Ағымдағы жылы ұлттық халық санағын өткізудің кейбір мәселелері туралы» Ақмола облысы әкімінің 2021 жылғы 15 наурыздағы №18 өкімі қабылданып, іс-шаралар жоспары бекітіліп, оған жәрдемдесу бойынша облыстық комиссия құрылды. Оған қоса, ұлттық халық санағының барысын ақпараттық қолдау бойынша медиа-жоспар бекітілді. Дайындық кезеңінде облыстық, аудандық, қалалық деңгейде халық санағына жәрдемдесу комиссияларын құру мен елді мекендердің картографиялық материалдары мен сызба жоспарларын жасау қолға алынған.

Тұрғындар арасында халық санағының мақсаттары мен оны өткізу тәртібі туралы бұқаралық-түсіндіру жұмыстары жүргізіліп, санақ персоналын таңдау және халық санағына қатысу шарттары жасалуда. Алдағы халық санағы шеңберіндегі ұйымдастырушылық іс-шаралардың маңызды сәті – санақтық аудандастыру үшін санақ персоналын электронды карталармен қамтамасыз ету. Біздің өңірде халық санағының бірінші және екінші кезеңдерінде пайдалану үшін картографиялық материалдарға қажеттілік 617 картаны құраған. Соның ішінде 577 карта тұрғындар саны 3000 адамнан төмен елді мекендері бойынша жасалса, 40 карта тұрғындарының саны 3000 адамнан жоғары елді мекендері бойынша әзірленген.

Осылайша Ақмола облысында да 2021 жылғы халық санағын онлайн режимінде Интернет желісін пайдаланып, өзіндік толтыру тәсілімен және портативті-есептеу құрылғылар (планшеттер) арқылы өткізу жоспарланып отыр. Жалпы, елімізде қағаз санақ парақтарынан бас тарту және заманауи ақпараттық технологияларды қолдану алдағы Қазақстан халқы санағының басты ерекшелігі болмақ. 1 қыркүйектен 15 қазанға дейін Sanaq.gov.kz веб-сайт арқылы онлайн режиміндегі интернет-санақ жүргізіледі, оған қоса, 1-30 қазанда планшеттерді пайдалану арқылы сауалдар қойылады.

Бір тіркеушіге берілетін жүктеме – 1200 тұрғын үй. Ал, екінші кезеңде – есептеушілер тұрғын және тұрғын емес құрылыстардың тіркеушілермен бұдан бұрын құрылған тізімдерін нақтылайды, өзіне белгіленген есеп учаскесіндегі халық туралы және оның тұрмыс жағдайлары туралы мәліметтер жинақтайды. Ондағы есептеушіге тиесілі жүктеме – 833 адам.

Жалпы, халық санағын өткізу үшін департаментте төрт адамнан бөлім құрылып, облыс аудандарында (қалаларда) нұсқаушы-бақылаушылар мен тіркеушілер іріктеліп, олардың төлемақылары бекітіледі. Нақтырақ айтсақ, халық санағына дайындық пен оны өткізу бойынша нұсқаушы (уәкіл) 62 адамнан тұрса, бірінші кезеңнің нұсқаушы-бақылаушылары 35 адам, ал, тіркеушілері 246 адам болады.

Сол сияқты, екінші кезеңнің нұсқаушы-бақылаушылары – 131 адам болса, тіркеушілері 917 адамнан тұрады. Ал, енді осы санақ персоналының еңбекақыларына келсек, бөлімнің нұсқаушысы уәкілінің ай сайынғы төлемақысы С2 санаты бойынша 72 587 – 85 477 теңге, С3 санатына 58 577 – 65 125 теңге аралығында айлық болады. Сол сияқты, алғашқы кезеңнің нұсқаушы-бақылаушысы қызмет көрсетудің барлық кезеңі үшін 125 010 теңге төлемақы алады. Ал, бірінші кезеңнің интервьюері, яғни, тіркеушісіне нақты көрсетілген қызметі үшін 83 342 теңге, екінші кезеңнің нұсқаушы-бақылаушысына қызмет көрсетудің барлық кезеңі үшін 113 614 теңге, екінші кезеңнің интервьюеріне (тіркеуші) нақты көрсетілген қызметі үшін 94 679 теңге төлемақы беріледі.

Бүгінгі күні санақ персоналын жасақтау бойынша жұмыс жүргізілуде, бірақ, бұл жұмысты әлі де болса жеделдету қажет болып отыр. Бұл мәселеде әкімдер санақ персоналын толықтыру үшін аудандық (қалалық) статистика басқармаларына көмек көрсетуге тиісті.

Халық санағы туралы интервьюерлердің деректері планшеттік компьютерлерден Қазақстан Республикасының Стратегиялық жоспарлау және реформалар агенттігі Ұлттық статистика бюросының «Ақпараттық-есептеу орталығы» РМК орталық серверіне электронды түрде «Мемлекеттік органдарының бірыңғай көлік ортасы» (МО БКО) байланыс арнасы арқылы жіберіледі.

Бүгінгі күнге дейін Егіндікөл ауданының Абай және Жалманқұлақ, Жақсы ауданының Белағаш, Зеренді ауданының Шағалалы ауылдық округтерінде осы мақсатта пайдаланылатын МО БКО желісінің жұмысқа жарамсыздығы байқалуда. Сондықтан, халық санағы басталуына дейінгі уақытта бұл олқылықтарды да түзетпей болмайды.

Асылай ҚАДЫРҚЫЗЫ,
«Арқа ажарының» өз тілшісі.

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар