«Қызыл» аймаққа енгенімізге – бір жарым ай

Өңірлік коммуникациялар қызметінде Ақмола облыстық санитарлық-эпидемиологиялық бақылау департаментінің басшысы Айнагүл Мусина облыстағы коронавирусқа байланысты ағымдағы жағдай туралы мәлімдеме жасады.

COVID-19 қауіпті індеті бойынша бір жарым айдан астам уақыт бойы «қызыл» аймақта қалып отырған Ақмола облысының эпидемиологиялық жағдайы тұрақсыз болып тұр. Күн сайын облыста 120-дан астам жаңа жағдайдың тіркеліп отырғаны алаңдатады. Жалпы, пандемия басталғаннан бері облыста COVID-19-дан 21863 жағдайы тіркелсе, оның 15505-інде ауру белгілері бар, 6358-і симптомсыз болғанымен вирусты тасымалдаушылар.

109 адам осы індеттен көз жұмған. Сәуірімен салыстырғанда мамыр айында қауіпті індет 13,6 пайызға өскен. Індеттен көш бастап тұрған Бурабай ауданында 564 жағдай тіркелсе, Атбасарда 328, Ақкөлде 290 жағдай анықталып, сәуірмен салыстырғанда көрсеткіш бірнеше есеге өскені белгілі болып отыр. «Сары» аймақтағы Шортанды мен Ерейментау аудандарын қоспағанда, басқа аудандардың барлығы дерлік коронавирустың таралуы тұрғысынан «қызыл» аймақта. Қорғалжын, Зеренді және Біржан сал аудандары мен Степногорск қаласы ғана «жасыл» аймақта.

Биылғы жазда балалар сауықтыру лагерьлерінде мектеп оқушылары үшін былтырғыдай емес, дем алуға мүмкіндік болады деп күтілуде. Бірақ, эпидемиологиялық жағдайды ескере отырып, балалардың денсаулығын қорғау ұйымдарының жұмысына бірқатар шектеулер енгізіледі.

Мектепке дейінгі білім беру орталығының қызметі «қызыл» аймақта балалар саны 30 пайыздан аспаған жағдайда, «сары» аймақта 50 пайыздан аспайтын жағдайда рұқсат етіледі. Сонымен қатар, балалар сауықтыру мекемелеріне келген кезде әр баланың денсаулығы туралы құжаттары, жұқпалы аурулармен, оның ішінде коронавируспен байланысы жоқ екендігі туралы анықтамасы, келуінен 72 сағат бұрын жүргізілген COVID-19 зертханалық реакциясы теріс деген құжат болуы шарт.

Барлық балалар лагерьге бір мезгілде келіп, кетуге тиіс. Келген балаларды қабылдау күнінен кейін сырттан келген адамдармен байланысуға немесе ауысым кезінде уақытша кетуге тыйым салынады.

Жыл басынан бері жүргізілген мониторингке сәйкес, 18440 объектінің 345-інде карантиндік іс-шараларды бұзу оқиғалары анықталып, 401-іне әкімшілік айыппұлдар салынған. Мамыр айында ғана мониторингпен 2801 объект қамтылып, карантиндік шараларды бұзудың 57 фактісі анықталған, 45 әкімшілік айыппұл салынған. Көкшетауда «ASHYQ» жобасы іске қосылып, оған қатысатын объектілер үшін жеңілдіктер қарастырылған. Мысалы, тамақтану объектілерінің жұмыс режимі жалпы, 20 сағатқа дейін, ал, «ASHYQ» жобасына қатысқандар түнгі 02 сағатқа дейін жұмыс істей алады. Банкет залдарының қызметіне тыйым салынады, тек еске алу шараларын өткізуге рұқсат етіледі.

«ASHYQ» жобасына қатысатын фитнес орталықтар, спорт залдары мен спорттық-сауықтыру орталықтары, бассейндер, сауналарға келсек, олар сенбі мен жексенбіде жұмыс істей алады. Мәдени нысандардың, театрлардың, кинотеатрлардың, филармониялардың, бильярд бөлмелерінің, караокенің, компьютерлік клубтардың, оның ішінде PlayStation клубтарының, боулингтердің қызметіне тыйым салынады және жобаға қатысса ғана жұмыс істеуге рұқсат етіледі.
Еліміздің Бас мемлекеттік санитарлық дәрігері «ASHYQ» жобасын елдің барлық аймақтарында жүзеге асыру туралы шешім қабылдаған.

Міне, осыған байланысты біздің өңірде де жаңа қаулы дайындалатынын айтқан Айнагүл Советқызы, қазір «ASHYQ» жобасына тіркеліп, жұмыс жасағысы келетін кәсіпкерлер қатары көбейіп келе жатқанын жеткізді. Бүгінде 285 өтініш келіп түссе, оның 215-і QR кодтарын ресми енгізген. Сол арқылы қызыл және сары мәртебесі бар 12 келуші анықталып, оның 4-еуінде ПТР тестінің оң нәтижесі және 8-і қауіпті індетті тасымалдаушылар екені анықталған.

Мысалы, Көкшетаудағы FamilyMood IPARTMOOD мейрамханасы мен «Мясорубка» нысандары сияқты қоғамдық тамақтану орындарында «қызыл» мәртебедегі 2 келуші анықталған. Сол сияқты, қоғамдық тамақтану орындарында тағы 5 келуші «сары» мәртебемен жүргені белгілі болған. Щучинск қаласындағы «Ягуар» фитнес-орталығына тағы екі келуші «қызыл» және «сары» мәртебемен жүргені анықталған.

Бурабай елді мекеніндегі «Достар» кафесінде «қызыл» және «сары» мәртебелері бар келушілер анықталған. Олар тіпті, үй карантиніндегі Нұр-Сұлтан қаласының тұрғындары екен. Міне, сондықтан, карантиндік режимді сақтау бойынша барлық анықталған мәртебе иелерімен түсіндірме жұмыстары жүргізілген. Болашақта мұндай жағдайларда айыппұл түріндегі әкімшілік шаралар қолданылатын болады.

Кәсіпкерлер бұл жобаға қатысуға «Инфоказахстан» веб-сайты арқылы өтініш бере алады, сонымен қатар, аймақтық кәсіпкерлер палатасынан рұқсат алуға болады. Айнагүл Советқызы БАҚ өкілдерінің сұрақтарына жауап беріп, барлық облыс тұрғындарының шектеу шараларын сақтауға, әсіресе, бұқаралық іс-шараларды үйде өткізуге де тыйым салуға шақырды.

Асылай ҚАДЫРҚЫЗЫ,
«Арқа ажарының» өз тілшісі.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар