Notice: Function _load_textdomain_just_in_time was called incorrectly. Translation loading for the wp-latest-posts domain was triggered too early. This is usually an indicator for some code in the plugin or theme running too early. Translations should be loaded at the init action or later. Please see Debugging in WordPress for more information. (This message was added in version 6.7.0.) in /var/www/vhosts/arka-azhary.kz/httpdocs/wp-includes/functions.php on line 6114
Жігер алға жетелейді - АРҚА АЖАРЫ

Жігер алға жетелейді

Көкіректегі үміт отын алаулатып, қатарынан кем қалдырмай, алға сүйрейтін, алға сүйрегенде де алысқа жетелейтін адамның жүрегіндегі жігер-ау, сірә! Тіршіліктің түйіні уысынан шығып бара жатқанда жалаулы жасыл дүниеге деген іңкәр махаббатын мелтектетіп алдынан сара жол ашатын алапат күш – сенім.

Жалғас Тәйкенов Атбасар қаласының тумасы. Балалық шағында бұлардың отбасы автобус паркіне қарама-қарсы тұрды. Неше түрлі көлік паркке бірі кіріп, бірі шығып, құмырсқаның илеуіндей қайнап жататын. Неге екенін кім білсін, бала біткен осы жерге әуес.

Үлкендер әлденеден сақтандырып, қуып жатса да, қайта айналып осы жерді табады. Әлде сәби көңіл тіршілік тамыры тынымсыз соғып жатқан жерді қалап тұрады ма екен? Көңілдерінен қорқыныш кірмейтін. Дәу-дәу автобустардың гүжілдеп жүретініне, көшенің шаңын аспанға көтеріп, ағылып жататындарына бойлары әбден үйренген. Жазмыш дегенің ешқашан айтып келмейді ғой. Қауіп-қатер де табаныңның астында.

Төрт жасқа енді толған шағы. Ауладағы ойын жалықтырған соң ересек балаларға ілесіп автобус паркінің алдына келген. Осы жерде жасырынбақ ойнады. Кезек-кезек. Әуелі біреулері тығылады, екінші топ оларды жаза баспай тауып алуға тырысады.

Жасырын жер белгілі болып қалған балалар қолды-аяққа тұрмай, жас құлындай ойнақтап, тынымсыз жүгіреді. Жалғас та жүгіріп жүрген. Ойын баласы емес пе, төніп келген қауіпті елей қоймады. Қапелімде автобустың астында қалғаны. Апаттың нәтижесінде сол аяғын жоғалтты.

Сәби сана қатал тағдырдың аяусыз екендігін осы жолы ұғынған. Енді баяғыдай балалармен жарысып жүгіре алмайды. Жүгіргеніңіз не, шоқалақтап жалғыз аяқпен қарға адым жер аттаудың өзі мұң. Ата-анасының қабағын кірбің шалған. Бұл жұқалап айтқанымыз ғой, әйтпесе перзентінің өмір-бақи мүгедек болып қалуы қасірет-қайғының үлкені емес пе?!

Бес жасында алғаш протез киген. Жүруге қолайсыз екен. Ал, құлдырыңдай жүгіру түске де енбейтін шығар. Алғашында жасанды аяқпен жүріп кетеріне күмәнданған. «Басқа түскен баспақшыл» демекші, бір сүрініп, бір жығылып бұған да үйренуге тура келді. Бала кезінде ештеңе емес еді, есейе келе иығына түскен жүктің қаншалықты ауыр екендігін ұққан. Тал-шыбықтай бұралып, өсіп, жетіле келе.

Оның үстіне көрші-қолаңның көргенде мүсіркеп тұрғандығын, ет бауырлары езіліп, аяп тұрғандығын байқайды. Аяғанды ұнатпайды. Тағдырдың жазуы осы. Енді қалғаны сол қатал, адам баласын аяуды білмейтін тағдырмен күресу. Маңдайға жазғаны осы екен деп салы суға кетіп, отырып қалған жоқ. Қолайсыз болса да алға ұмтылуға тырысты.

Бір жақсысы, достары мұның жан жүрегін жақсы түсінетін. Олардың ешқайсысы мүгедектігін бетіне айтпақ түгіл, ым-ишарамен де білдірген жоқ. Міне, нағыз дос деген осындай болар! Олардың бойындағы дос көңілін жан жүрегімен сезінетін. Өзі де сол достарының сенімін ақтауға тырысты. 15 жасында воркаут әлеміне енді. Оқырманға түсінікті болуы үшін сәл ғана таратып айта кетелік. Бұл өз салмағымен денесін басқарудың тамаша тәсілі.

Әлемге аты шыққан спортшылардың өмірін зерттеді. Олардың талабы мен табандылығынан тағылым алды. Сөйтсе өзі тәрізді мүмкіндігі шектеулі спортшылардың шырқау биікке шығуына себеп болған ұлы күш – рух екен. Ендеше, Жалғас та жақсылардың ізіне жалғасып рухы күшті адам болуға тиісті.
–Мотивациялық бейне баяндардың көп көрдім, – дейді Жалғас Тайкенов, – көше спортшыларының іс-қимылдарынан тәлім алдым. Олардың керемет қимылдары, тіпті он екі мүшесі сау адамдардың жасар-жасамасы белгісіз әрекеттері айрықша шабыт беретін.

Көп уақыт өтпей Жалғас та осындай қимылдарды жасай бастады. Алғашқыда жұрт көзінен таса жерде, көзге түспей қимылдауды жөн көретін. Кейін көрсе көре берсін деп ойлады, ұят ештеңесі жоқ қой. Жалғастың осы бір ерлікке пара-пар іс-қимылынан құлақтанған жұрт өз көздерімен көру үшін қаумалай қоршап тұратын. Сәл уақыттан соң көше спортшылары бірнеше команда құрып, өзара жарыса бастады. Іс-қимылдардың түр-түрін күн сайын байытып отыратын Жалғас жаныңа жігер беретін жаттығулардың қатарына жүзуді де қосты.

Суда жүзген қандай тамаша?! Майда толқындар кеудеңе соғылып, қақ айырылып жол беру үшін құлаштай жүзіп алға ұмтылуың керек. Құтты өмірдің өзі тәрізді. Толқын дегеніңіз төтеннен жолыққан, жолыңды кесетін кедергі. Ал, сен болсаң, қат-қабат кедергіні қақырата жарып алға жүзіп келесің. Бойыңда бұла күш бар, таусылып бітпестей қуат бар. Жүзе алатыныңа, қиындық атаулыны жеңе алатыныңа сенесің. Сүліктей болып судан шыққан соң қара жердің үстіндегі тіршілік басталады. Жаңағы су ішіндегідей қауырт қимыл қажет. Сонда ғана қатарыңнан кем қалмайсың.

Әлеуметтік желі арқылы параканоэ туралы егжей-тегжейлі білім алды. Бұл тірек-қимыл мүшелері зақымданған адамдарға арналған құтты су үстінде қалт-құлт етіп толқыған қайық тәріздес дүние. Спорттың мұндай түрімен Қазақстанда ешкім айналыспаған екен. Жаңалыққа жаны құмар Жалғас қатты қызықты. Ел естіп көрмеген, жаңа сипаттағы, денсаулыққа пайдасы ұшан-теңіз, жігеріңді жанып, қайратыңды еселейтін спорт екен де.

Спорттың жаңа түрімен айналысып, халықаралық деңгейде ел намысын қорғағысы келді. Бойындағы жастық жігерді, нағыз азаматтарға тән өр-намысты осы арқылы дәлелдемек. Ұмтылысын мемлекет те қолдап, бюджет есебінен Ресейге жаттығуға жіберді. Топ спортшының ішінде Жалғасты намысқойлығы, еңбекқорлығы ерекшелендіріп тұратын. Тал бойындағы тамаша қасиетті тәлімгерлері де байқады.

Ерекше назар аудара бастады. Түптің түбінде топ жарып шығатын жүйрікке қажетті қасиеттің бәрі бар. Ең бастысы, ерекше еңбекқор. Талпынуға тура келді. Табыс тұла бойындағы талант пен еңбек ұштасса ғана келмек. Аз уақыттың ішінде Азия чемпионатында мерейі үстем болды.

Жақсылық оқиға қаперге ілінбей қалатын кез емес. Ел бірден құлақтанған. Қазақстандықтардың арасында да параканоэ спорт түріне қызығушылар біртіндеп көбейе бастады. Жеке өтініш айтқандар да аз емес. Шымкенттік Бейбарыс Спатайға осы бағытта біліктілігін арттырып, дамуына қол ұшын берді.

Шынтуайтын айтқанда, спорттың бұл түрі ауа райына тәуелді. Көктемнен күзге дейін ғана жаттығуға болады. Ең қолайлы орындар Шымкент маңындағы су қоймалары. Қыста спортшылар Өзбекстанға барып жаттығады. Жаттығу үшін Жалғасқа заманауи протез алу қажет болды. Жанашырлары әлемге аты шыққан компаниялармен байланысып, тапсырыс берді. Бес миллион теңге қажет екен

Дос-жолдастың көптігі осындайда керек. Өзі қалап сұрамаса да, құлақтанған адамдар әп-сәтте жинап берді.
Бүгінде Жалғас Түркістан облысында жаттығып жүр. Тамыз айында Токиода өтетін Олимпиада ойындарына барын салып дайындалуда. Жігерлі жас жігіттің жеңіс тұғырына көтерілетініне жерлестері кәміл сенімді.

Байқал БАЙӘДІЛОВ.

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар