Жаңа жағдайдағы білім беру мәселелері талқыланды

Халықаралық «Caspian Startup-2021» стартаптар байқауының қорытындысы бойынша Көкшетау қаласындағы физика-математика бағытындағы Назарбаев Зияткерлік мектебінің оқушысы Диасәлі Кәрім білім грантына қол жеткізді.  

Ақтаудағы Назарбаев Зияткерлік мектебінің бастамасымен ұйымдастырылған стартаптар байқауы Қазақстандағы жасыл экономиканы дамытып, баламалы энергия көздерін тұтынуды арттыруға кәсіпкерлер мен жастарды жұмылдыру үшін «баламалы энергия көздері» тақырыбында ұйымдастырылған болатын.

Байқауға Каспий маңы елдерінен 89 жобаға өтінім беріліп, оның 15-і ақтық кезеңге жолдама алған. Қорытынды кезеңге сүрінбей өткендердің қатарында Көкшетау қаласындағы Назарбаев Зияткерлік мектебінің оқушысы Диасәлі Кәрім де бар. Ол «dbys – дыбыс арқылы қуат алатын құрылғы» атты жобасын қорғады.

– Бұл өздігінен зарядталатын жаңа буынның алғашқы сымсыз құлаққаптары. Олардың басты ерекшеліктері: дыбыспен әрекеттескен кезде зарядталатын болады. Ол фондық шу немесе құлаққапта ойнап тұрған әуеннің дыбысы болуы мүмкін. Және пайдалану кезінде жоғары дербестікті қамтамасыз етеді. Жобамның жалпы құны 50 мың АҚШ доллары, – деп түсіндірді Диасәлі қазылар алқасына байқау кезеңінде өзінің жаңа жобасын таныстырып тұрып.

Аталмыш байқау қорытындысы бойынша Қазақстанның жетекші жоғары оқу орындары үздік стартапшыларға білім гранттарын ұсынды. Осылайша біздің оқушымыз Диасәлі Кәрімге Алматыдағы Қазақстан-Британ техникалық университеті тегін білім грантын ұсынды. Қазіргі таңда, Диасәлі 9 сыныпты аяқтады.

Дегенмен, оның гранты сақталады,–дейді ұйымдастырушылар. Яғни, 12 сыныпты аяқтағаннан кейін аталмыш жоғары оқу орнына құжаттарын тапсырса болады. Қазақстан-Британ техникалық университеті – Қазақстанның ең беделді университеттерінің бірі. 2010 жылдың қорытындысы бойынша «Ең үздік техникалық университет» атағын иеленді. Университеттің әлемдік рейтингі жоғары, өндірістің үлгілі интеграциялық инфрақұрылымына қол жеткізген, халықаралық акрредитацияға ие, зерттеуші университет болуға ұмтылып келеді.

Мұндай жоғары оқу орнының студенті атану кез-келген оқушының арманы десек, артық айтпағанымыз. Екінің бірінің қолы жете бермейтін белеске біздің оқушымыз Диасәлі жеткелі отыр. Мектеп ұжымы мен оқушылар атынан оны осы жетістігімен құттықтаймыз!

Фәриза АСЫЛБЕКОВА,
Көкшетау қаласындағы Назарбаев Зияткерлік мектебінің баспасөз-хатшысы.

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар