Әлем елдерінің өз мемлекеттік тілдеріне көзқарасы талқыланды

Ақмола облыстық соты Ш.Уәлиханов атындағы Көкшетау университетімен бірлесіп, «Әлем елдерінің мемлекеттік тілдерге деген көзқарасы» тақырыбында республикалық ғылыми-тәжірибелік конференция өткізді. Іс-шараның Қазақстан Республикасының Мемлекеттік рәміздері күні ұйымдастырылғаны да конференцияның қоғамдық және әлеуметтік маңызын арттыра түсті.

Конференция жұмысына ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты Қазыбек Иса, ҚР Жоғарғы Соты Төрағасының хатшылығы меңгерушісінің орынбасары Нұргүл Қарағойшина, Ақмола облысының прокуроры Айдос Майлыбаев, Ақмола облысы әкімінің орынбасары Елдос Рамазанов және бірқатар ғалымдар мен еңбек ардагерлері, мемлекеттік, құқық қорғау органдарының басшылары, адвокаттар, судьялар мен БАҚ өкілдері қатысты.
Ақмола облыстық сотының төрағасы Досжан Әмір конференция жұмысын ашып мемлекеттік тілді қолдану аясын кеңейтуге қатысты өзекті мәселелер туралы айтты. Облыстық сот мұрындық болып өткізіп отырған аталмыш шара да мемлекеттік тілдің мәртебесін көтеруге игі ықпалын тигізеді деген сенім білдірді.
Қоғамдық маңызы бар мәселені талқылауда Мәжіліс депутаты Қазыбек Иса, Жоғарғы Сот өкілі Нұргүл Қарағойшина, Ақмола облысы әкімінің орынбасары Елдос Рамазанов сөз сөйлеп, Ақмола облысының ардагерлер кеңесінің төрағасы Ғосман Төлеғұл «Шет елдердегі мемлекеттік тілдің қалыптасуы туралы», Шәкәрім атындағы Семей мемлекеттік университетінің оқытушысы, филология ғылымдарының кандидаты, доцент Айман Ақтанова «Қазақ тілінің мәртебесін көтерудің қарапайым да төте жолдары», Л.Н.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінің заң ғылымдарының магистрі Анар Букаева «Мемлекеттік тілдің заң саласында қолданылуы», Көкшетау қаласындағы Ш.Уәлиханов атындағы университетінің профессоры Бердібай Шалабай «Қазақстандық бірегейлікті қалыптастырудағы мемлекеттік тілдің рөлі», заң ғылымдарының магистрі Ерлан Наурызбаев «Қоғамның құқықтық мәдениетін жаңғыртудағы мемлекеттік тілдің алатын орны», Ақмола облысы Ақкөл аудандық сотының төрағасы Жандос Жетібаев «Өзге елдердің өз мемлекеттік тілдерін негізгі тіл етіп көтеру жолдары», Ақмола облысы Аршалы аудандық сотының судьясы Олжас Шалабаев «Әлем көзқарасы: мемлекеттік тілдің маңызы», Ақмола облысы адвокаттар алқасының адвокаты Ардақ Батиева «Мемлекеттік тіл сот өндірісінде» тақырыбында баяндамалар жасады.
Іс-шарада Ақмола облысы соттарында мемлекеттік тілдің қолданыс аясын кеңейту мақсатында атқарылып жатқан жұмыстар туралы слайд көрсетілді.
Шараны ұйымдастырған Ақмола облыстық сотының төрағасы Досжан Әмір конференция жұмысын қорытындылай келе, мемлекеттік тілді білу қажеттілігін туғызу мақсатында конференция барысында түскен ұсыныстар бойынша арнайы құжат қабылданып, мемлекеттік органдар мен мекемелердің назарына ұсынылатынын айтты.

Қалкөз ЖҮСІП.
«Арқа ажарының» өз тілшісі.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар